Миссия
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының негізгі миссиясы – кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау.
Мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор ретіндегі ҰКҚМО қызметі ұлттық фильмдерді шығару мен ілгерілетуді қолдауға, кинопрокатты дамытуға және елдегі кинотеатрлар санын арттыруға бағытталған. Бұл ретте республикалық прокаттағы ұлттық контенттің үлесі кемінде 30% -ды құрауы тиіс, бұл мемлекеттік тілде фильмдер шығару үшін қосымша ынталандыру болып табылады.
ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІ

Мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор ретіндегі ҰКҚМО қызметі ұлттық кинематографияны қолдауға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық фильмдерді Қазақстанда және шетелде танымал етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта, «Кинематография туралы» ҚР заңына және «ҰКҚМО» КЕАҚ Жарғысына сәйкес, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мынадай қызметтерді жүзеге асырады:
1) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру;
2) ұлттық фильмдерді прокаттау және көрсету, оның ішінде олармен байланысты іс-шаралар (таралымын көбейту, дубляж жасау, субтитрлеу не кадр сыртындағы аударма, жарнама);
3) ұлттық фильмдердің халықаралық кинофестивальдерге қатысуы, кино күндерін және шетелде ұлттық фильмді ілгерілетуге бағытталған өзге де іс-шараларды өткізу;
4) кинематография саласында кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
5) кинематография саласындағы субсидияларды төлеу.
ТАРИХЫ

2019 жылғы 03 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев қоғамдық қатынастарды реттейтін және кинематография саласының құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын «Кинематография туралы» № 212-VІ ҚРЗ Заңына қол қойды. Заңда ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету жөніндегі бірыңғай оператор ретінде Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығын құру көзделген.
2019 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы» №113 Үкімет Қаулысына қол қойды. Бұл қаулыға сәйкес, жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып бекітілген «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
2019 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының м.а. Н. Кадюков «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысын бекіту туралы № 362 бұйрыққа қол қойды.
2020 жылғы 28 мамырда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 362 бұйрыққа қол қойды.
Kazakhcinema.kz © 2019-2024
Барлық құқықтар қорғалған
БАЙЛАНЫС
info@kazakhcinema.kz

Бас кеңсе
Қазақстан Республикасы, Астана қаласы,
Мәңгілік ел 30, 3 қабат

Алматы қаласындағы өкілдік
Сатпаева 16а.
Коворкинг Хаб