ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

10-11 желтоқсанда Әзірбайжан астанасында қазақстандық кино күндері өтті. Бакуде «Низами" кино орталығында көрермендерге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген екі картина көрсетілді.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Жандос Нұрмахамбетов премьерадағы барша жұртшылықты құттықтап, тамаша көріністер тіледі.

«Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына арналған. Біз саясатта одақтас, экономикада серіктеспіз, ал мәдениеттің өзара енуі бізді байытады, рухани жақындастырады, елдеріміз арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды қалыптастырады», - деді ол.

Сондай-ақ, Ж.Нұрмахамбетов биыл мерейтойды мерекелеу аясында бірнеше іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан-Әзірбайжан Достық бағы құрылды, Сумгаит қаласында көшелердің біріне Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді, ал осы жылдың тамыз айында ресми сапар барысында  Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының құрылысымен таныстырды.

Іс-шараның бірінші күні көрермендерге «Кенже қыз» анимациялық лентасы ұсынылды. Екінші күні көрермендер режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Алға» спорттық драмасын тамашалады. Фильмдерді Баку көрерменінің назарына «Кенже қыз» режиссері Иван Ардашов және «Алға» фильмінің басты рөлдегі актері Ербол Семқұлов ұсынды.

«Үлкен экранда жұмысыңызды көру әрқашан қызықты, әсіресе залда балалар көп болған сәтте. Залда отырып, олардың не көретінін, не көргенін түсіну үшін үнемі бұрылып отырамын. Бізден не талап етіледі – біз соны жасадық, ал көрермендер не көреді – бұл біз үшін ең маңыздысы», - деп атап өтті И.Ардашов.  

Әзірбайжандағы қазақстандық кино күндерін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырды.

12.12.2022