Бүгін Өзбекстандағы Қазақстандық кино күндері ашылады. Іс-шара "Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің кино күндері" аясында өтеді. Бұл күндері Ташкентте XIV Халықаралық "Жібек жолы інжу-маржаны" кинофестивалі өз жұмысын бастайды.
Өзбекстандағы Қазақстан киносының күндері 18 қыркүйекке дейін жалғасады. Кино күндері Ташкентте режиссер Алдияр Байракимовтың "Паралимпиадашы" фильмімен ашылады. Туындыны режиссер мен басты рөлді сомдап шыққан актер Асқар Ілиясов таныстырады. Ал Қоқанд қаласында “От” фильмінің көрсетілімі өтеді. Картинаны актриса Мәншүк Айтмұханбетова таныстырады.
Сонымен бірге Ташкент кинофестивалінің іскерлік форумы аясында делегация басшыларының, кино ұйымдары басшыларының және продюсерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді, онда ҰКҚМО-ның бас продюсері, халықаралық кинофестивальдер бойынша атқарушы директоры Адай Әбелдинов сөз сөйлейді. Форумға қатысушылар бірлескен өндіріс мүмкіндіктерін де талқылайды. ҰКҚМО-ныі Халықаралық бөлімінің басшысы Әсел Ырыс бизнес жобалар бойынша презентация жасайды. Сонымен қатар, Киноорталық өкілдері "Анимация негіздері" және "Кинематография саласындағы халықаралық бағыт" тақырыптарында шеберлік сабақтарын өткізеді.
Қазақстандық делегация құрамына сонымен бірге актер Тәуекел Мүсілім, Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясының өкілдері және “5 күн ішінде кино түсіру” жастар байқауына қатысатын қазақстандық студенттер кіреді.
13.09.2022