Қысқа метрлі жобаларды қорғау

Көрермендердің көбі қысқа метрлі киноға немқұрайлы қарайды. Оның себебі түсінікті де. Қысқа метрлер көбінесе фестивальдерге арнап түсіріледі де, көпшілік көрермендерге көрсетілмейді, ал желілерде тек «жұқпалылығы» немесе стриминг-платформалар арқылы өткізілуінің арқасында ғана танымал болады.

Алайда қысқа метрлі жобаларды қорғаудың соңғы блогы сарапшылар комиссиясын таңқалдырды. Жобаларды талқылау барысында үздік қысқа метрлі жұмыстардан бір альманах құрып, оларды шектеулі болса да, кинотеатр прокатына шығару туралы ұсыныс туындады.

Байқауға қатысқан кейбір киношылар питчингтің қатал, кейде тіпті шиеленісті жағдайын күлкімен жадыратып жіберді. Мысалы, атап айтсақ, «Граната» киножобасының авторы Дәлер Мұрзағалиев өз фильмін қояр алдында нағыз әскери гранатаның нақпішінін қолына ұстап тұрып көрсетіп, питчингке қатысушылар мен сарапшылар комиссиясының мүшелерін бір қорқытып, бір күлдіріп алды. Оның осы әсерлі қылығы оның жобасының айтарлықтай пісіп-жетілгендігімен толықтырылды. Дәлер Мұрзағалиев Сидни Люметтің «12 разгневанных мужчин (12 ашулы ер)» және «Собачий полдень (Талтүстегі ит)» картиналарын, сондай-ақ Тодд Филлипстің бертінде түсірілсе де, көрерменнің көңілінен шыққан «Джокер» киножобасын негізге алғанын атап көрсетті.  

Сарапшылар кеңесін "Көше ақыны" музыкалық трагикомедиясымен Самғар Рақым да қуантты. Таныстырылым соңында кеңес мүшелері режиссердің өзіне бас рөлді сомдап,  өз әртістік өнерін кадрда көрсетуді ұсынды.

Байқауға қатысқан тоғыз режиссер, шартты түрде алғанда, «авторлық кино» деп сипаттауға келетін жобаларын ұсынғанын атап өту керек. Сахнада иман, дін, әділ құқық, есею мәселелері көтерілді. Енді Сарапшылар кеңесі питчингтің соңғы күні «Толықметрлі дебют» секциясындағы конкурсқа қатысушылар өз жобаларын таныстырғанда, әр алуан жанрларды көруге үміттенеді