ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

TIFF: алғашқы қорытындылар

04.10.2021

Өзбекстанда XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалі аяқталды. Фестиваль аясында 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, шығармашылық кездесулер, тұсаукесерлер мен жүзден астам кинокартиналардың көрсетілімдері өткізілді. Апта ішінде маңызды халықаралық құжаттарға қол қойылып, фестивальге әлемнің 50 елінен жиналған 300-ден астам кино өнерінің қайраткерлері қатысты.

Кинофестивальдің жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке осындай ғажайып фестиваль үшін алғысын білдірді.

«Осындай ғажайып мерекені ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Әсіресе Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеевке алғысым шексіз. Себебі, бұл фестиваль сол кісінің күш-жігерінің арқасында ғана жаңа өмірін бастап, жаңадан тыныс алды. Біз өз тарапымыздан әрқашан ынтымақтастыққа дайынбыз. Бұл кинофестиваль бүкіл әлемді біріктіретін тамаша алаң болады деп сенемін», - деп атап өтті министр.

Фестивальдің жұмысына Қазақстанның танымал кинематографистері Нұржұман Ықтымбаев, Жаннат Қуанышева, Ақан Сатаев, Самал Еслямова, Сатыбалды Текеев, Аружан Джазильбекова, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды және «ҰКҚМО» КЕАҚ Бас продюсері Адай Әбелдинов бастаған Киноорталықтың ұжымынан тұратын делегация қатысты. 

Фестиваль аясында мамандарымыз шеберлік сыныптарын өткізді. Киноорталықтың маманы Әсел Ырыс «Кино саласындағы білім» тақырыбындағы шеберлік сыныбын, ал жас режиссер Дильшат Рахматуллин кинематографистерге «Мультипликациялық сериалдарды құру және ұйымдастыру үдерісі» тақырыбы бойынша өз бағдарламасын ұсынды.

Киноорталықтың делегациясы «Қазақстандық кино күндері» бағдарламасына да белсене қатысты.  4 күн бойы TIFF-те үздік отандық   картиналар, атап айтқанда, «Конокрады», «Аманат», «Әмре», «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Бір сен үшін» және «Оралман» фильмдері көрсетілді. Бағдарламаны Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі ашты. Картинаны режиссері және актерлер Аружан Джазильбекова мен Азамат Сатыбалды таныстырды.

«Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Біз «Өзбеккино» Ұлттық агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Енді бірге жұмыс істеп, алдағы жылдары бірлескен жобалар шығара аламыз деп үміттенемін. Осылайша біз ортақ кино нарығын кеңейтеміз», - деп атап өтті Адай Әбелдинов.

XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында дәстүрлі түрде жеңімпаздар анықталды. Рәсім аясында «Кино 5 күн ішінде» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың бас жүлдесін Шерзад Назаровтың «На Шелковом пути» фильмі жеңіп алды. Ең үздік ер адам рөлі үшін Тұрсынбой Пирджанов, ең үздік әйел рөлі үшін Мадина Махмудова, ал ең үздік режиссура үшін мексикалық режиссер Хуан Антонио Мартинес «Пара туфель» фильмі үшін марапатқа ие болды. Швейцария өкілі Ваня Виктор «Ужин из курицы» фильмімен үздік сценарийді жеңіп алды. Ал оңтүстік кореялық режиссер Пак Сон-Мин «Повторные воспоминания» картинасы үшін "Жаңа есім" сыйлығын алды. "Әлемдік кинематографтың дамуына қосқан үлесі үшін" кинофестивалінің арнайы жүлдесін режиссерлер Никита Михалков (Ресей), Нури Білге Джейлан (Түркия), Умеш Мехра (Үндістан), Сайрам Исаева (Тәжікстан) және актриса Айтуған Темірова (Қырғызстан) алды.