Темірлан Төлегенов кинодағы авторлық құқық жайлы айтып берді

Фильммен жұмыс жасауда ұсақ-түйектердің болмайтыны белгілі, және фильмнің жалпы жетістігі кинокомпанияның жобаны жүзеге асыруға, оның ішінде авторлық құқықты сақтауға қаншалықты мұқият қарайтындығына байланысты.

Жақында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында авторлық құқық жөніндегі сарапшы, заңгер Темірлан Төлегеновпен кездесу өтіп, оның барысында «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңын бұзбай, фильмді қалай шығару керектігі талқыланды.

Кино саласындағы ең қиын нәрсе құқықтық қатынастарды реттеу болып табылады, өйткені дыбыстау-бейнелеу туындысын шығару және одан әрі пайдалану кезінде көптеген авторлық және сабақтас құқықтар субъектілері шығармашылық тұрғыдан қатысулары қажет.

 «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабы 10-тармағында дыбыстау-бейнелеу туындысының нақты анықтамасы берілген:

«10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды.

Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды».

Бұл анықтаманың ішіне әртүрлі жарнамалық роликтер, трейлерлер және бейне хабарламалар да кіреді.

Әдетте дыбыстау-бейнелеу туындыларын продюсер шығарады, ол осындай туындыны жасаудың  бастамасы мен жауапкершілігін өз мойнына алуы керек. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады (Заңның 2-бабы 11-тармағы).

Бұл ретте фильмді жасаудың негізгі мақсаты «құқық иеленуші» мәртебесін алу болып табылады. Құқық иеленуші ретінде фильмді пайдалануға айрықша авторлық және сабақтас құқықтар алған адам танылуы мүмкін. 

Енді фильмнің авторлық және сабақтас құқықтарының иелері туралы айтатын уақыт  келді.

Заңның 13-бабы 1-тармағына сәйкес, фильмнің авторлары:

1) сценарий авторы;

2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);

3) қоюшы режиссер;

4) қоюшы оператор;

5) қоюшы суретші болып табылады.

Фильмге сабақтас құқықтарының иелері – бұл фильмде рөл сомдайтын, яғни сабақтас құқық объектілерін құратын актерлер. Бұл жерде, біз басты, қосалқы және эпизодтық рөлдерді сомдайтындар туралы айтып отырмыз. Көршілік  көріністерге қатысатын актерлерді бұл санатқа жатқызуға болмайды, өйткені олар фильмде шығармашылық тұрғыдан маңызды бейнені құрмайды, сәйкесінше олармен сабақтас құқықтарды алу туралы келісім жасалмайды.

Осылайша, «құқық иесі» деген мәртебені алу үшін продюсер ең алдымен оны  фильм авторлары мен рөл сомдаушылардан сатып алуы тиіс.

Әдетте, түсіру кезеңі аяқталғаннан кейін материал монтаждауға жіберіліп, мұнда фильмге құқықтарды тазарту кезеңі басталады.

Ең алдымен, заңгерлер музыкалық материалды пайдалануға сол музыканың құқық иесінен лицензия/рұқсат алуды бастайды. Өйткені, режиссер өзінің шығармашылық ниетін жеткізу үшін белгілі бір музыканы қолданады.  Және бұл музыканың өзінің авторлық құқықтарының иесі бар.

Музыкаға мүліктік құқықтарды коммерциялық басқаруды, әдетте, музыкалық баспа ұйымдары (паблишинг) мен музыкалық лейблдер жүзеге асыратынын нақты түсіну керек. Егер мәселе шетелдік музыкада болса, тиісті компанияны тауып, оның веб-сайтына кіріп, өтінімді толтыру қиын емес, содан кейін олар Сізге осы музыканы фильмде пайдалану құнын есептейді және шот ұсынады. 

Қазақстандық музыкаға келер болсақ, бұл процесс біршама күрделірек және ... арзан. Өкінішке қарай, қазақстандық музыканы басқаратын және қамтитын мұндай коммерциялық компаниялар әлі жоқ. Болғанның өзінде, мұндай  процессті іске асыру деңгейі өте төмен. Арзандығының себебі – біздің музыканттармен тікелей келісуге болады және бағалары қолайлы.

Мұндай рұқсаттарды «авторлық қоғамдар» деп аталатын ұйымдардың бере алмайтындығына назар аударғым келеді, өйткені Заң бойынша оларға коммерциялық қызметпен айналысуға тыйым салынған (Заңның 43-бабы 2-тармағы).

Фильмнің дыбыс режиссері фондық музыканы, яғни аспаптық музыка емен  радио хабарлама үзінділерінің пайдаланылуын бақылауда ұстауы тиіс. Мұның бәрі авторлық құқық иесінің рұқсатынсыз музыканы пайдалану ретінде танылуы мүмкін.

Бейне контентке келетін болсақ, әр түрлі мекемелердің, компаниялардың және басқа брендтердің жарнамалық белгілерінің кадрға байқаусыз түсіп қалу жағдайларын бақылау қажет: не олардың пайда болуын болдырмау керек, не рұқсат алу керек.

Әрине, мұның продакт-плейсмент келісімшарттарына қатысы жоқ, яғни сауда маркасының иесі фильмде жарнамалық түсірілімнің шығуына ақша төлесе ол бұзушылық боп саналмайды. 

Фильм монтаждалып, құқықтық тұрғыдан тазартылғаннан кейін кинопрокат кезеңі басталады және кинотеатрлар желісімен фильмді дистрибуциялау және көрсету шартына қол қойылады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда кинокөрсетілім мониторингінің автоматты жүйесі әлі іске қосылмаған, сәйкесінше, фильм иесіне прокаттан түсетін кірістерді бақылау қиынға соғады.

Әдетте, киноны прокаттаушы компаниялар өздерінің кинокөрсетілім туралы шарт үлгілерін пайдаланады және өзгерістер енгізу мәселесіне сақтықпен қарайды, бірақ оларды мұқият зерделеу міндетті. Мұнымен кинокомпаниялардың штаттық заңгерлері айналысуы тиіс.

Міне, қысқаша айтқанда, Қазақстанда фильм шығару және прокаттау кезінде авторлық және сабақтас құқықтарды сақтаудың стандартты жүйесі осындай

Бұл процесс баспаға әзірленіп жатқан жаңа «Қазақстандағы авторлық құқық мәселелері» («Все об авторском праве в Казахстане!») кітабында толығырақ  жазылатын болады.

(с) Темірлан Төлегенов 2021

 

Фото https://exk.kz/news/44505/tiemirlan-tulieghienov-shou-biznies-pridumali-nie-kazakhi