«Слезы недорого»: жалғыздық, жоқтау және махаббаттың күші

Кино жобаларының екінші питчингі қорытындысы бойынша белгілі драматург әрі режиссер Еркебұлан Бектұровтың «Слезы недорого» атты жаңа фильміне мемлекет тарапынан қаржыландыру берілді.

Кино орталығының Instagram алаңында өткен онлайн эфирде фильм авторы оның сценарийінің туындау тарихын айтып берді, бұл шынайы өмірде болған оқиға драмалық тереңдігімен әсер береді.

Фильмнің сюжетін қысқаша баяндасақ, ер-азаматынан ерте айырылып қалған әйелдің өзін асырап отырған жалғыз ұлы жазатайым жағдайдан қайтыс болады. Ірі мегаполистің маңында орналасқан шағын қалада тұратын кейуана өз күнін көру үшін қазақтардың өлімдерінде ақшаға жоқтау айтуды кәсібіне айналдырады. Оның қолында қалған қызы қалаға кетіп, түзу жолдан тайып, бұзылып, жұмыссыз жүреді. Бір күні қызы өзінің жаңа көңілдесімен бірге келіп, анасына баласын тастап кетеді. Кішкентай бала анасын соңғы рет көріп тұрғанын сезбейді. Ол әжесін жек көріп, анасын шын ықыласымен күтіп, оған күнде-күнде хат жазады.  

«2006 жылы, мен теледидар хабарларының авторы қызметін атқарып жүргенімде, біз Батыс Қазақстан облысына, Маңғыстауға бардық. Хабар түсірілімінен бос кезімізде облыс аймағын аралап шығуды ұйғардық. Сөйтіп, бір кентті басып өтіп бара жатқанымызда, темекі сатып алу үшін дүкеннің жанына тоқтап, мен көліктен шыққанмын. Сол тұста айналасында адамдар топырлап жүрген бір жекеменшік үйді көріп қалдым. Біреуді жерлеп жатыр екен. Мен үйдің маңына барып тұрдым, сол кезде бір әйелдің зарланып жоқтау айтып жатқанын естідім, оның өте әдемі дауыспен айтқан зары маған қатты  әсер етті.  Мен басыма киетін тақия сұрап алып, үйдің ішіне кіріп, жоқтау айтып отырған әйелді көрдім. Сұрастыра келе, ол әйелдің қайтыс болған адамға туыстық қатысы жоқ екенін және жоқтау айтудың үлкен өнер екенін білгенімде, қатты таңырқадым. Бірақ ол әйелдің жоқтау айтқаны үшін ақша алған-алмағанын білмеймін... Қалаға қайтып келген соң, мен бұл мәселені зерттей бастадым, ютубтан «елдің әр түрлі аймақтарындағы жоқтау» тақырыбына көптеген бейнежазбалар көрдім. Сөйтіп,  бір терең сырды ашқандай болдым», – деп әңгімеледі Еркебұлан Бектұров.

Қазіргі уақытта «InDJAZ-Co» компаниясы фильмнің өндірісін бастау үшін карантиннің аяқталуын күтуде. Ең алдымен кастинг өткізілетіні аян, себебі бір де бір актерлік жайғасым әлі толтырылмаған. Бұл киноның өндірісін отандық кино индустриясында есімдері белгілі кәсіпқой тұлғалар іске асырады – жобаның қоюшы операторы Ескендір Нарымбетов, ал қоюшы суретшісі Николай Копылов болады.

Кино орталығының ресурстарындағы жарияланымдарды бақылап отырсаңыздар, біз ҰКҚМО қолдауымен іске асырылып жатқан жобалардың өндірістік егжей-тегжейлері жайында хабардар етіп тұрамыз.