Сценаристерге арналған конкурстың қорытындысы жарияланды

Бүгін, 9 желтоқсан, Халықаралық жемқорлықпен күресу күнінде, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «Жемқорлықпен күресу» және «Интернет пираттықпен күресу» тақырыптарындағы әлеуметтік роликтерге үздік сценарий жазу бойынша конкурсты қорытындылады. 

Конкурс ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің іс-шараларын жүзеге асыру шеңберінде және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен ынтымақтастық туралы меморандумының аясында ұйымдастырылған. 

Әділқазылар алқасы төрт жұмысты таңдады. Мәди Есенберлиннің «Борьба с коррупцией», Жақсыбек Ешімқұловтың «Бәрін шешуге болмайды», Рано Умарованың «О коррупции (ГАИ)», Берік Ошақбаевтың «Давай посмотрим в интернете» және «ИВЛ» сценарийлері үздік деп танылды. Конкурс ұйымдастырушыларының пікірінше, бұл сценарийлерде парақорлықпен күресу, авторлық құқықтарды сақтау және интернеттегі контрафактіден толық бас тарту туралы тақырыптар толықтай ашылған.  

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Жақын арада Сіздермен Кино орталығының өкілдері байланысқа шығады.

Құрметті кинематографистер, мемлекеттік қаржылай қолдауға үмітті киножобаларды іріктеу кезіндегі кейбір басымдықтарға Сіздердің назарларыңызды аударамыз. Болашақта питчингке келіп түскен өтінімдерді қарау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жұртшылықты сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес процесіне белсенді жұмылдыру тақырыбын ашатын жобаларға аса үлкен мән берілетін болады.