Питчинг нәтижелері Ведомствоаралық комиссияға жолданды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші питчингі аяқталды.

Естеріңізге сала кетсек, 4 ай ішінде конкурсқа келіп түскен 223 өтінім қаралды. Сараптамалық кеңес конкурсанттар берген сценарийлер мен басқа материалдарды зерделеп, питчингке 88 жобаны жіберді.

Содан кейін апта ішінде түсіру топтарының өкілдері өз жұмыстарын Сараптамалық кеңес алдында қорғады. Питчинг нәтижесі бойынша іріктелген жобалар енді Ведомствоаралық комиссияға жолданды, ол мемлекеттік қаржы алуға үмітті фильмдердің ақырғы тізімін бекітеді.

Шамамен алғанда, сәуір айының соңына қарай қай картиналардың мемлекеттік қолдау алатыны белгілі болады.

Ведомствоаралық комиссия өз жұмысында, ең алдымен, мемлекеттің мүддесін сақтауды, киножобаларда экстремизге шақыру, алкоголизм мен нашақорлықты насихаттау, ұлтаралық және діни алауыздықты қоздыру, жала жабу және тұлғаны қорлау секілді ҚР заңнамалық нормаларының бұзылуын анықтауды көздейтінін атап өтеміз. Бұған қоса, Комиссия өндірістік сметаларды асырып жіберу фактілерін болдырмау үшін жобалардың сұралатын бюджетке сәйкестігін тексереді.

Ведомствоаралық комиссия құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрі, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым вице-министрлері, сыртқы істер министрінің орынбасары және басқа жоғары лауазымды тұлғалар кіретінін естеріңізге саламыз.

Бұрын хабарланғанындай, екінші питчингге жіберілген жобалардың ішінде көркем фильмдер – 22, деректі фильмдер - 18, авторлық – 8, анимациялар – 6, қысқа метражды – 9, дебюттік – 14, халықаралық бірлескен өнім – 5, «Абай» тақырыбы бойынша – 3, Алыстағы ағайын деректі фильмдер конкурсы бойынша – 3 фильм болды.