ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Биыл киножобаларды ашық қорғау 5 қазанда аяқталды. Киножобаларды іріктеу қағидаларына сәйкес, питчинг өткізілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде Сараптама кеңесінің қорытынды хаттамасы Ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілді. Өз кезегінде Ведомствоаралық комиссия хаттаманы алғаннан кейін, 5 жұмыс күні ішінде киножобаларды қаржыландыру бойынша ұсынымдар дайындайды. Ведомствоаралық комиссияның отырысы 26 қазанда өтті.

Енді ережеге сәйкес, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 9 қарашаға дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне Сараптама кеңесі мүшелерінің қорытындысы мен Ведомствоаралық комиссияның ұсынымдарын енгізуі тиіс.

Бұдан әрі Сараптама кеңесінің қорытындысы мен Ведомствоаралық комиссияның ұсынымы негізінде министрлік 10 жұмыс күні ішінде (яғни 23 қарашаға дейін) киножобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдап, бұйрық шығаруы керек.

Ереже бойынша, осы процедуралардың барлығы аяқталғаннан кейін ғана Киноорталық питчинг нәтижелерін жариялай алады. Сондай-ақ, Орталық өз тарапынан осы процестерді жеделдету үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын хабарлаймыз.

Естеріңізге сала кетсек, мемлекеттік қаржыландыруға үміткер киножобалардың ашық қорғауы 3-5 қазан аралығында өтті. Биыл питчингке 115 жоба жіберілген болатын. Питчингті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали ресми түрде ашып, қорғауға өткен 115 киножобаның алдағы тағдыры енді Сараптама кеңесі мүшелерінің қолында екенін қадап айтқан.

«Сіздерге үлкен жауапкершілік артылған – ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын, қазақ киносын төрге шығаратын, мазмұны сапалы жобаларды анықтап, таңдауларыңызды сұраймын», - деді Құрманбек Жұмағали.

Ашық қорғаудың тікелей көрсетілімі Киноорталықтың ресми YouTube арнасында өтті. Барлық жазба орталықтың ресми YouTube парақшасында сақталған және кез-келген уақытта қолжетімді.

03.11.2023