ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген режиссер Алдияр Байракимовтің «Паралимпиадашы» фильмі Үндістанның Мумбай қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Марапатты басты рөлді сомдаушы Асқар Ілиясов алды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кинофестивалі кино өнерін насихаттау, мәдени бағдарламалармен алмасу және жалпы кинематографиялық тәжірибені қалыптастыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіледі. Биыл Үндістан ШЫҰ Мемлекет Басшылары Кеңесі төрағасы құқығында бұл фестивальді өткізді, ал фестивальдің түрлі бағдарламаларында 14 елден 57 картина таныстырылды.

Фестиваль жұмысына қазылар алқасының құрамына енген әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген бастаған Қазақстанның үлкен делегациясы қатысты.  

Фильм паралимпиадашылардың өміріндегі шынайы оқиғаларға негізделген, оның ішінде 2018 жылы Пхенчханда өткен олимпиадада жеңіске жеткен  Қазақстан тарихындағы алғашқы қысқы паралимпиада чемпионы Александр  Колядиннің тағдыры баяндалады.

Бұл «Паралимпиадашы» фильмінің алғашқы марапаты емес, өткен жылы фильм Ресейдегі кинофестивальдерде екі гран-при алды. Отандық прокатқа фильм өткен жылдың сәуір айында шықты.

- Мен өзімді өте бақытты сезінемін. Бұл менің алғашқы жеке алған сыйлығым және жұмысымның бағаланғаны маған қатты әсер етті. Жаныңды салып жұмыс істесең, жемісін көресің, – деп Асқар Ілиясов өз әсерімен бөлісті.  – Бізде миссия болды: паралимпиадашылар туралы айтқымыз келді. Жалпы, фильм адам рухының жеңісі туралы, оның артында қажымас қайрат бар.

Фильмнің режиссері Алдияр Байракимов басты кейіпкерді кез-келген актер ойнай алмас еді, өйткені рөл өте күрделі, үлкен актерлік диапазонды, психологиялық және шыныққан денені қажет етеді деді. 

- Лайықты жеңіс. Мен үшін «Паралимпиадашы» ерекше жоба, ол мені де және оған қатысқан  барлық топты шынымен сынады,   бірақ,  барлық қиындықтарға және бұл жобаға қатысқандардың көбісі дебютант екендігіне қарамастан, фильм ойдағыдай шықты, – дейді Алдияр Байракимов. – Ең бастысы, көрермендер картинаны көргеннен кейін паралимпиадалық спортқа деген көзқарастарын өзгертеді, мотивация мен шабыт алады.   «Паралимпиадашы» менің жүрегімде және бүкіл түсірілім тобының жүрегінде мәңгі қалады.

Бұдан бөлек өткен фестивальге «Ұлы Дала таңы», «Мұқағали», «Ана - мен тірімін!», «Адемоканы оқыту» және «Ыстық көл» атты отандық фильмдер қатысты. 

02.02.2023