Екінші «Қорқыт Ата» халықаралық түркі әлемі кинофестивалі биыл 1-5 қараша аралығында жас Осман мемлекетінің бұрынғы астанасы Бурсада өтті. Фестиваль Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің және Бурса қалалық муниципалитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кинофорум түркі елдері мен халықтарының кинематографистері мен мәдениет қайраткерлерін жинады. Оған Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанның 300-ден астам өкілі қатысты. Фестивальде елімізді танымал продюсерлер, режиссерлер мен актерлер таныстырды. Олардың қатарында Қазақстанның Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанна Қуанышева, еңбек сіңірген қайраткерлер Ақан Сатаев, Азамат Сатыбалды, Жайдарбек Күнғожинов, продюсерлер Айгүл Байбек, Алмагүл Тілеуханова, Айгүл Черендинова, режиссер Бекарыс Елубай бар. Делегацияны Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай басқарды.
Негізгі көркем фильмдер байқауына 10 картина, деректі фильмдер байқауына 14 жоба қатысты. Ойын киносы байқауының қазылар алқасы құрамында Қазақстаннан продюсер Анара Қашағанова, ал деректі кино байқауының қазылар алқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сатыбалды Текеев болды.
Фестиваль аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (ҰКҚМО) Қазақстан киносының күндерін ұйымдастырды. Түрік көрермендері «Дос-Мұқасан», «Мұқағали» өмірбаяндық драмасын, «Ұлы Дала таңы» және «Ақ боз үй» тарихи таспаларын, «Еуразия билеушілері» деректі фильмін, «Мұзбалақ» анимациясы мен Қазақстан мен Татарстан бірлесіп шығарған «Тарлан» картинасын тамашалады. Фильмдерді көпшілікке авторлары таныстырды. Көрсетілімдерден кейін дәстүрлі түрде пікір алмасу сәті орын алды.
Фестивальдің жабылу салтанатына Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой, лауазымды қонақтар, танымал кинематографистер мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова қатысты.
Фестиваль ұйымдастырушылары Түркі халықтарының материалдық және материалдық емес мәдени мұраларын сақтау және оларды болашақ ұрпаққа табыстау үшін Түркияның зор күш-жігер жұмсап жатқанын және өнер осы мұраны таратуда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Фестиваль жұмысының қорытындысы бойынша қазақстандық кинематографистерге үш марапат табысталды. Продюсер Қанат Төребай «Түркі мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Деректі фильмдер байқауында режиссер Алексей Каменскийдің «Еуразия билеушілері» картинасы екінші орын алды. Марапатты фильм продюсері Айгүл Черендинова қабылдады. «Ақ боз үй» көркем фильмінде ойнаған актер Қайрат Кемаловке «Үздік актер» сыйлығы табысталды. Марапатты фильм режиссері Бекарыс Елубай қабылдады. Екі фильм де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен түсірілген.
Фестивальдің басты оқиғасы – киносаммит. Оған Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмед Мисбах Демиржан, қатысушы елдер делегацияларының басшылары, кинематографистер және көптеген журналистер, соның ішінде қазақстандық «Хабар», «Қазақстан», «КТК», «31 арна» телеарналарының өкілдері қатысты.
Саммитке қатысушылардың алдында сөз сөйлеген ҰКҚМО Басқарма төрағасының кеңесшісі Қанат Төребай былай деп атап өтті:
«Қазақ киносының тарихы бай. Жетістіктеріміз де көп, болашақта одан да еселене түседі деп сенемін. Ең алдымен фестиваль ұйымдастырушыларына осындай мереке мен қонақжайлығы үшін алғысымды білдіремін. Біз тек конкурстық бағдарламаға қатысып қана қоймай, бауырлас халықтармен бірге іскерлік кездесулер, келіссөздер жүргізудеміз. Біздің, түркітілдес елдердің ынтымақтастығы жалғасатынына сенімдімін».
Үшінші «Қорқыт Ата» халықаралық түркі әлемі кинофестивалі 2023 жылы Әзірбайжанның мәдени астанасы, тарихи Шуша қаласында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «жобаны іске асыру конкурс шеңберінде біздің ортақ мұрамызға негізделген жаңа фильмдерді бірлесіп шығару үшін негіз құруды көздейді».
06.11.2022