ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Онлайн платформалар нарығының өсуі Ресей мен Орталық Азия арасындағы бірлескен өндірістің дамуына серпін береді

05.10.2021

«ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов XIII Ташкент халықаралық кинофестивалінің іскерлік бағдарламасы аясында өткен «Ресей мен Орталық Азия арасындағы бірлескен өндірісті дамыту факторы ретінде онлайн платформалар нарығының өсуі» атты панельдік пікірталасқа қатысты.  

Кездесудің модераторы Ресей кинематографистер одағы Жастар орталығының атқарушы директоры, продюсер Дмитрий Якунин болды. «Роскино» бас директоры Евгения Маркова тең модератор және спикер ретінде қатысты. Сарапшылар ретінде «Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің Бас директоры Фирдавс Абдухаликов, «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Бауыржан Шөкенов, Okko мультимедиялық сервисінің бас продюсері Джаник Файзиев, IVI халықаралық даму жөніндегі директоры Артём Егоренков, PREMIER бас директорының орынбасары Макар Кожухов, KION онлайн кинотеатрының директоры Игорь Мишин, «Кинопоиск HD» контентті лицензиялау бойынша аға менеджері Алла Чуджаева және т.б. шақырылды.

Іс-шара барысында Өзбекстан, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан өкілдері ынтымақтастық құру мүмкіндіктерін, бірлескен жобаларды шығару талаптары мен  тәуекелдерін талқылады.   

Бауыржан Шөкенов әріптестеріне Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы осыдан үш жыл бұрын құрылғанын, және Киноорталық осы уақыт ішінде үш конкурс өткізгенін жеткізді. Осы жылдың өзінде Киноорталыққа бес жүзге жуық өтінім келіп түсті, олардың жүз жетпістен астамы қаржыландыруға үміткер болды. Сондай-ақ, Шөкенов Қазақстан Үкіметі индустрияға үлкен қолдау көрсетіп жатқанын, дегенмен, қазіргі жағдайда бұл көмектің жеткіліксіз екенін атап өтті.    

«Пандемия кинотеатрларды үлкен шығынға ұшыратты, және индустрия одан әрі қай бағытта қозғалу керектігін ойлана бастады. Қазір біз Үкіметтен кинотеатрларға Ресейдегідей көмек көрсетуді сұрап отырмыз. Бүгінгі панельдік пікірталас жаңа көкжиектерге жол ашады және өндіріспен, дистрибуциямен айналысатын индустрия субъектілеріне өз өнімдерін тек кинотеатрлық қызметте ғана емес, сонымен қатар онлайн платформаларда сатудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді».

Оған қоса, ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан экрандарына ресейлік өндірістің 363 жобасы шыққанын, олардың алымдар сомасы орта есеппен 1 млрд.рубльді құрағанын атап өтті. 

Панельдік пікірталастың бастамашысы болған «Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің Бас директоры Фирдавс Абдухаликов 2017 жылға дейін Өзбекстан кино индустриясы соңғы 25 жыл ішінде айтарлықтай құлдырауды бастан кешіргенін айтты. Бірақ елдің қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеев билікке келгеннен кейін республикадағы кино индустриясын реформалау шараларын қабылдады. Бірнеше жыл ішінде «Өзбекфильм» қайта жанданып, жақында ВГИК-тің алғашқы халықаралық филиалы ашылған, тағы екі павильон салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Фирдавс Абдухаликов ел Үкіметі заң қабылдағанын, оған сәйкес барлық сауда орталықтарында кинотеатр болуы тиіс екенін атап өтті. Сөз сөйлеу барысында «Өзбеккино» басшысы бір апта ішінде іске қосылатын алғашқы өзбекстандық Umovie платформасын таныстырды.

Кездесуге Ресейдің ірі онлайн кинотеатрларының өкілдері қатысты, олар өзбекстандық әріптестеріне алғашқы платформаны іске қосуда сәттілік тіледі. Осыған байланысты,  өмірімізде платформалар пайда болғаннан кейін туындаған басты мәселені қатысушылар талқыға салған.

«Платформа – контент пен аудитория арасындағы қарым-қатынастың жаңа түрі. Сіздер мен біздер контент үшін ақы төлеу сәнге айналмаған және халқы да оған бейімделмеген елдерде тұрамыз», – деп атап өтті Okko мультимедиялық сервисінің бас продюсері Джаник Файзиев.

PREMIER Бас директорының орынбасары Макар Кожухов өз әріптесін қолдап, біздің елдеріміз үшін пираттық мәселесі шын мәнінде өзекті екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Ресейдің барлық онлайн платформалары ТМД аймақтарына дистрибуциялауға көп көңіл бөлетіндіктен, PREMIER қызметі контент үшін ақы төлеу әдетін қалыптастыруды маңызды міндет деп санайды. Кожухов пираттыққа қарсы күрес бойынша Ресей тәжірибесін Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстандық әріптестерімен бөлісу керектігін атап өтті.  

KION онлайн кинотеатрының директоры Игорь Мишин бірлесіп шығарылған өнімдер барлық платформаларға қызықты болғанына қарамастан, бүгінгі таңда мұндай жобалардың сәтті мысалдары өте аз деп санайды. Бұл бағытта тек алғашқы қадамдар жасалған. Ол біздің елдеріміздің ынтымақтастығымен жасалған жобалардың көпшілігі Ресейге келген адамдардың қиын өмірі туралы баяндайтынын атап өтті. Игорь Мишиннің айтуынша, бірлескен өндіріс контенті дамуы үшін кинокомпаниялар басқа жанрға және басқа оқиғаларға назар аударуы керек.    

«Меніңше, ертегі – біз қалайтын және шығарылуы тиіс мазмұн, себебі, Шығыс мәдениеті, Орталық Азия мәдениеті түрлі кейіпкерлерге бай. Оған қоса балалар мен отбасыға арналған контентке сұраныс көп, жетіспеушілік байқалады».   

IVI халықаралық даму жөніндегі директоры Артем Егоренков олардың  ұжымы  шығарылған елдеріне қарамастан қызықты оқиғалар мен жобаларды үнемі іздейтінін атап өтті. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінде кино индустриясының дамуы IVI онлайн кинотеатры үшін өте тиімді. .

 «Роскино» басшысы Евгения Маркова Ресейдің бірлескен өндіріс саласында белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның деректері бойынша, Ресейдегі толық метражды, қысқа метражды және анимациялық жобалардың жалпы санының 10 пайызын дәл осы бірлескен өндіріс  жобалары алып отыр. Ол Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанмен бірлесіп шығарылған фильмдерді таныстырып өтті, атап айтқанда,  «Айка», «Барон. Возвращение», «Пустой дом», «Я не вернусь» және т.б. фильмдер бар.  Е.Маркова Ташкент кинофестивалінің барысында Ресей мен Орталық Азия халықтарының мәдени тұрғыда ортақ нәрселері көп екені байқалғанын және Ресей ынтымақтастық үшін зор әлеуетті көріп отырғанын атап өтті.  

https://moviestart.ru/2021/10/04/rost-rynka-onlajn-platform-impuls-dlya-razvitiya-koprodukczii-mezhdu-rossiej-i-czentralnoj-aziej/