kz
ru
en

3 маусым Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Олжастың жаңа толқыны» науқаны шеңберінде режиссер Сламбек Тәуекел мен сценарий авторы Олжас Сүлейменовтің «Махамбет» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған шығармашылық кешке отандық мәдениет өкілдері, кинематографистер мен ЖОО студенттері қатысты. ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбелдинов пен өнертану докторы Гүлнара Әбікеева іс-шараның модераторлары болды.

2006 жылы түсірілген «Махамбет» тарихи таспасы ұлы ақын, әділдік үшін күрескер, Қазақстандағы азаттық қозғалысының белсендісі Махамбет Өтемісұлына арналған. Картинаға Берік Айтжанов, Ерік Жолжақсынов, Әзиз Бейшеналиев, Юрий Капустин, Меруерт Өтекешева, Құман Тастанбеков, Ментай Өтепбергенов және Болат Әбділманов сияқты және т.б. танымал актерлер түскен.

Олжас Омарұлы өзінің алғы сөзінде көрермендерге фильмнің сценарийі қалай жазылғаны және ақын әрі күрескер батырдың образы оған қалай әсер еткені туралы айтып берді.

«Махамбетті мен жақсы көрдім, жақсы көрем, оған өлең де арнағам. Мен оны батырлардың, қаһармандардың арасындағы ерекше тұлға ретінде танимын. Бұл тақырыпқа өзгеше көзқараспен қараймын. Оның өлеңдері әлі де есімде» - деп, Олжас Сүлейменов ақынның бір өлеңін оқып берді. 

- Олжас Омарұлы отандық мәдениеттің, атап айтқанда, кинематографтың дамуына  ерекше үлес қосты, оның бірегей бөлшегіне айналды, - деп атап өтті ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев. Аңызға айналған «Қазақтың жаңа толқыны» оның тікелей қатысуымен іске асты.

Өз кезегінде, Г. Әбікеева халық жазушысына биылғы жылдың ақпан айында шыққан «Қазақтың жаңа толқыны» атты кітабын сыйлады.  

«Бұл кітапта әлемге қазақ кинематографын танытқан Сіздің, Мұрат Әуезовтің және барша «Қазақтың жаңа толқынының» үлесі атап өтілген», - деді ол.

04.06.2022