ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Қазақ киносының күні құтты болсын!

12 қыркүйек – қазақ киносы үшін айтулы күн. Бұл күн бүгінде танымал Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы деп аталатын Алматы көркем фильмдер киностудиясының құрылған күні. Сондықтан осы күнді қазақ киносының бастауы деп сеніммен айтуға болады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық киноиндустрияның барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды!

Бүгінгі таңда қазақ киносы нағыз өрлеуге шықты. Фильмдердің өндірісі бірнеше есеге өсіп, қазір елімізде жылына орта есеппен 60-қа жуық картина шығады.

Мысалы, 2022 жылы Қазақстанның прокат нарығы 20 млрд теңге деңгейіне шықты, бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен бірдей. 15 миллион билет сатылды. Ең қызығы, осы 20 миллиардтың 40 пайызын, атап айтқанда, 8 миллиардқа жуық соманы – біздің отандық фильмдеріміз жинады. Өткен жылы прокатқа шыққан 450 картинаның 64-і қазақстандық кинокартиналар болды. Бұл фильмдердің жалпы санының 14 пайызы және олар бізге жалпы табыстың 40 пайызын берді. Бұл керемет көрсеткіш.

Сөзсіз, бүгінгі күні Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» франшизасы және айына екі жаңа фильм шығаратын Kinopark желісі прокаттағы негізгі ойыншылар. Ал осы жылдың басынан бастап басқа да тәуелсіз жобалар - соның ішінде  900 млн теңгеге жуық қаржы жинаған «Маған назар аудар» романтикалық комедиясы және миллиардқа жуық касса жинаған «Хотя бы кинода 2» шытырман оқиғалы комедиясы тамаша көрсеткіштерге жетті.

Мемлекеттің көмегімен түсірілген фильмдерге келетін болсақ, былтырғы жарты миллиард теңгеден астам қаржы жинаған  «Дос-Мұқасан» және Ресейде үлкен прокатқа шыққан «Патриоттар уақыты» фильмдерінің орны ерекше.

Біздің фильмдеріміздің халықаралық фестивальдердегі жетістіктері де маңызды көрсеткіш болып табылады. Бұл тұрғыда 2022 жыл ерекше жыл болды. Онда біздің кинотуындылар бірден әлемнің екі ірі кинофестивалінде көрсетілді.

Фестивальдегі жетістіктер 2022 жылдың ақпанында өткен Берлин кинофестивалінде басталды. Онда Фархат Шәріповтің «Схема» фильмі Generation секциясында Гран-приді жеңіп алса, Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» туындысы «Панорама» бағдарламасында «Көрермендер көзайымы сыйлығын» иемденді. Сондай-ақ, фестивальдің «Форум» бағдарламасында Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» кинокартинасы көрсетілді, ол 2021 жылдың соңында Токиода «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алған болатын.

Ал 2022 жылдың соңында Венецияда Эльдар Шибановтың «Тау жуасы» көрсетіліп, Әділхан Ержановтың «Голиаф» фильмі итальяндық Bisato d'oro киносыншылардың жүлдесі сыйлығымен марапатталды. Берік Айтжанов пен Данияр Алшинов үздік актерлер ретінде марапаттарға ие болды.

Бұл біздің фильмдеріміздің соңғы уақыттағы «А» санатындағы фестивальдердегі жетістіктері ғана. Ал біздің фильмдеріміз керемет нәтижелерге жетіп, елімізді лайықты түрде көрсететін басқа да көптеген санаттағы халықаралық кинофестивальдерінде жетістіктері қаншама.

Ел ішінде киноиндустрия жаңа қарқынмен дамып келеді. Ай сайын бірнеше жаңа отандық картиналар және көптеген жаңа дебютанттар шығады. Осы ретте әйгілі клипмейкер Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» дебютін ерекше атап өткен жөн, ол прокатта айтарлықтай көрсеткіштерге жетпесе де, көпшілікке ой салар туынды болды. Тағы бір жарқын дебют Әлішер Жәдігеровтің «Отау» кинокартинасы - фильм бірнеше фестивальдерге қатысып, сыншылар тарапынан жылы қабылданды. Дебютанттардың қатарына жоғарыда аталған Шибановты да қоса кету керек, оның алғашқы үлкен жобасын Biennale College Сinema гранты қолдаған болатын.

Бұл жерде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ерекше рөлін атап кеткен жөн. Орталық құрылғаннан бері дебюттік 7 толықметражды және 24 қысқаметражды фильмдерді қолдады. Олардың ішінде Дархан Төлегенов ерекше көзге түседі. Режиссердің «Ағайындылар» атты дебюті бірнеше кинофестивальдарда жұлдызы жанып, қазірде ол өзінің екінші кинокартинасын мемлекеттің көмегімен түсіріп үлгерді. Фильмнің продюсері Максим Акбаровтың айтуынша, туынды осы күзде прокаттың фавориті болуға дайын.

Алдағы күз шынымен жарқын оқиғаларға толы болмақ. Себебі, «Қазақша бизнес» франшизасымен бәсекелеспеу үшін қысқы мерекелер басталғанға дейін өз өнімдерін прокатқа шығаруға дайын жеке компаниялар туралы айтпағанда, Киноорталықтың өзінде бірнеше танымал премьералар жоспарланып отыр.

Жамбыл Жабаев туралы көптен күткен байопик, Ахмет Байтұрсынов туралы драма, «Бүркіт» патриоттық экшн-фильмі, сыбайлас жемқорлық туралы «Жаза» экшн-драмасы және Айтөре Жолдасқалидің  қазақ рэпінің пайда болуы туралы «Шулама» дебюттік жұмысы – алдағы үш айда прокатқа шығуы тиіс киноорталықтың атышулы премьераларының жартысы ғана. 

Сонымен қатар, ҰКҚМО жыл соңында еліміздің барлық көрнекті кинематографистерінің қатысуымен ауқымды конференция өткізуді жоспарлап отыр. Осы кездесудің қорытындысы бойынша «Кинематография туралы» ҚР Заңына және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады. Сондай-ақ, «Қазақ классикасының апталығын» өткізу жоспарда бар, оның аясында қазақстандық кино тарихындағы үздік фильмдер үлкен экранда көрсетілетін болады.

«Қазір бізде қысқа және ұзақ мерзімді міндеттер бар. Бідің мақсатымыз бір – ол қазақ киносын дамыту. Біздің фильмдер көрермендерге жетуі тиіс, фестивальдерде көрсетіліп, табыс әкелулері керек. Ол үшін бәрімізге бірыңғай даму стратегиясы қажет. Бәріміз жұмыс істейтін түсінікті, таза жүйе керек. Бұл бағытты жандандыру үшін біз серіктестікке ашықпыз және сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз», - деп қорытындылады ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

12.09.2023