Моника Госсманн: Финчер режиссер ретінде сыйлық алмағаны үшін көңілім түсті

Оскар сыйлығына ие болған Дэвид Финчердің «Манк» фильмінде ойнаған Алматылық Моника Госсманнмен сұхбат.

Алматының тумасы, актриса, продюсер әрі режиссер Моника Госсманның оқиғасы  түрлі эмоцияларға бөлейді. Мониканың жетістіктері шынымен таңғаларлық. Оның кинода, театрда және теледидарда ондаған жұмыстары бар. Ол бір мезілде Германия, Ресей және АҚШ-та жұмыс істейді.  Жаңа сомдаған рөлдерінің бірі – биыл 10 «Оскар» номинациясы мен үздік операторлық жұмыс, көркем қойылым үшін сыйлыққа ие болған Дэвид Финчердің «Манк» картинасындағы Фрида есімді мейірбикенің рөлі. Моника өзінің өмірі, жетістіктері мен жаңа жобалары туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының кеңсесінде өткен кездесу барысында айтып берді.

 

- Моника, Сізді туған қалаңызда көргеніміз үшін қуаныштымыз! Қаладан өте жас  шағыңызда кеттіңіз, қазір Алматымен не байланыстырады? 

- Өкінішке қарай, мұнда өзім қалағандай жиі бола алмаймын, оған себеп – жұмысбастылық. Дегенмен, Алматыға бес жылда бір рет келіп-кетуге тырысамын, мұнда ата-анамның достары бар, және олардан кейінгі ұрпақ, яғни балалары бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Мен үшін бұл өте маңызды. Жолдасым, Антон Пампушный Қазақстаннан, Нұр-Сұлтан қаласынан. Ол да актер, және оның туыстары, яғни біздің туыстарымыз, оның аға-әпкелері осында. Мен бұл жолы «Шаман» картинасына қатысуыма байланысты келдім, фильмде бақсының рөлін сомдайтын боламын.  Бұл 8 сериялы ресейлік жоба. Сондықтан, маңызды себеппен келдім, жағымдыны пайдалымен үйлестірдім. Ауа-райы керемет екен, айнала гүлденген, көңіл-күйім бірден көтерілді (жымияды).

 

- Сізде актриса ретіндегі ауқымды фильмографияңыз, жақсы режиссерлік тәжірибеңіз бар. Оған қарамастан, Сіз продюсерсіз, оқытушысыз, яғни театр және кино саласында жұмыс істейтін әмбебап адам деп айтуға болады. Өзіңізді кім деп санайсыз ?  Қай кәсіпке басымдық танытасыз?

- Бұл тұрғыда менің ойым американдықтардың пікірімен бірдей.  Еуропа мен Ресейде адам тек бір мамандықты таңдап, сол бағыт бойынша жұмыс істеуі керек деген ұғым қалыптасқан. Америкада керісінше, егер сен өнермен айналысатын әртіс болсаң, басқа да бағыттарда өзіңді сынап көру қажет деген түсінік бар. Бұл кез-келген істе дарындысың дегенді білдірмейді, бірақ, өзіңе шектеу қоюдың да қажеті жоқ. Мен сценарий жазамын, бұл мен үшін жаңа бір сала. Бірақ менің қолымнан келеді. Және ол іспен айналысу барысында мен драматургияның қалай жұмыс істейтінін біліп отырамын, себебі еңбек жолын актриса ретінде бастадым. Режиссура да солай, мен актерлік және режиссерлік тілді түсінемін, сондықтан бір іс екіншісіне кедергі келтірмейді. Шын айтсам, есейген сайын менің қызығушылықтарым өзгеруде, және еш нәрседен бас тартқым келмейді. Мысалы, мен оқытушы ретінде өз білімімді өскелең ұрпаққа беремін, олар өз кезегінде мені белгілі бір кейстерге үйретеді, олардың жанында мен әрқашан «трендтен» қалмаймын. Бұл осындай американдық ерекшелік, онда жастарды тыңдай біледі. Жастардың бізге тигізетін әсері мол.   

- Оқыту туралы тақырыпты қозғаған екенбіз, онда коуч, жаттықтырушы ретіндегі Моника туралы айтыңызшы. LucidBody жобасының мақсаты не? Сіз уәде еткендей, үш күнде кәсіби актерді дайындап, шығаруға бола ма?

- Иә, қолымнан келеді. Әрине, бұл актердің өзіне де байланысты, дегенмен, рөлге қысқа уақыт ішінде дайындай аламын, бұл жағынан сәтті жасаған жұмыстарым бар.  Мәселен, Паула Бер есімді актриса, соңғы рөлі үшін Берлиналеда үздік актриса ретінде сыйлық алған. Осы рөлге оны мен дайындадым, өзі де шынымен сәтті жұмыс істейтін адамдардың бірі. Коуч не үшін қажет? Рөлге жақсылап дайындалып, кейін кез-келген жағдайда режиссердің қалағанын іске асыру үшін. Бұл өзіңіз көре алмайтын нәрселерді Сізге жеткізетін сыртқы көзқарас десе де болады. ТМД мен Ресейде мұндай коучтарға сенімсіздікпен қарайды, адамдар «рөлге өзін дайындала алмайсың ба?» деген сұрақтарды қояды. Америка мен Германиядағы көзқарас өзгеше. Оқыту жайлы айтсақ, мен Флорида универистетінің профессорымын, оған дейін Нью-Йорк университетінде істедім, бірақ Флорида мені жаулап алды (күледі).

 

- Сәттілік туралы оқиғалар әрқашан шабыттандырады. Ал отансүйгіш қазақстандықтарды сіздікіне ұқсас оқиғалар тіптен қуанышқа бөлейді. Өз оқиғаңызды айтып беріңізші, өзімді өзім жасадым деп санайсыз ба, өміріңіздегі жетістіктер жәй ғана сәттілік пе, әлде ерекше еңбектің нәтижесі ме?

- Менің жағдайымда, жеткен жетістіктерім еңбектің, жұмыстың нәтижесі, өйткені мені барлық жерде өз адамы ретінде қабылдамады. Қазір түсінгенім, менің ең үлкен артықшылығым осы екен, бірақ, бұрын мені қоғам қабылдамағаны үшін жабырқайтынмын, Алматыда тудым, Германияда өстім, кейін Ресей, Моникаға жеңіл болатындай оған ешкім қолдау көрсетпеді, ата-анам өнер адамдары емес.  Үмітімді үзбедім, тоқтамадым. Керісінше, бұдан үлкен күш таптым, өзімнің жалғыз емес екенімді түсіндім. Әлем жаһандана бастады. Мысалы, менің ата-анам Қазақстанға өте риза, өйткені Кеңес Одағы кезінде немістер дәл осы жерде жақсы өмір сүре бастады. Бүгінде АҚШ-та. Ал қазіргі Еуропада бәрі араласып кеткен, енді мен азшылық қатарында емеспін. Бірақ мені азшылықтардың тарихы орнымнан тұрғызды, сондықтан екі есе көп күш салу керек болды.

- Сол күш салуыңыздың бекер емес болғанын бүгін дәлелдедіңіз. Күні кеше  «Оскар» сыйлығының нәтижелері белгілі болды – әйгілі режиссер Дэвид Финчердің «Манк» картинасының қоржынында екі сыйлық бар. Сіз онда мейірбике, Фриданың рөлін сомдадыңыз. Әсеріңіз қандай?    

- Әрине, өте қуаныштымын. Картина екі  «Оскар» алды, бұл ретте 10 номинацияда болғанын айта кету керек, Операторымыз үшін өте қуандым, бірақ Финчер режиссер ретінде сыйлық алмағаны үшін көңілім түсті. Менің алған әсерім осындай. Меніңше,  американдық киноға қаншама үлес қосқан адамға әлі күнге дейін  «Оскар» берілмегенін ескерсек, бұл  әділетсіздік. Оның жеңіске жетуін тілер едем, бірақ, оған басқа адам ие болды. Бәлкім, уақыты келмеген болар. Келесі жолы сәті түсер.  Соған үміттенемін. Сондай-ақ, «Борат» картинасына сыйлықтың берілмегеніне қуаныштымын. Себебі, Қазақстанмен байланысты саяси ерекшеліктер аясында бұл картинаға бірқатар сұрақтарым бар.

 

- Яғни бұл картина Сізді ренжітеді, отанға деген сүйіспеншілігіңіз солай дей ме...

- Әрине.

 

- Моника, қазақстандық кинематографты бақылайсыз ба? Біздің киноиндустрияға қандай баға бере аласыз?

- Әрине, бәрін емес, бірақ мен білетін жақсы сәттер бар. Еуропада қазақстандық картиналар фестивальдерден сәтті өтіп жатқанын білемін, бұған әрдайым қуанамын және осымен мақтанамын.  

- Қазақстандық әріптестеріңізбен жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма? Мүмкін, Кино орталығының басшылығымен кездесу -  үлкен нәрсенің бастауы шығар?

- Бұйырса. Мен адамдармен танысқанды жақсы көремін, әйтпесе, мұнда отырудың қажеті қанша. Пандемия, оқшаулау кезінде бұл кездесу ерекше болды. Әрине, бүгінгі кездесу үшін қуаныштымын. Қазақстанмен диалог жүргізу мен үшін өте маңызды, құдай қаласа біз айтқан нәрселер іске асады деп ойлаймын. Бұл кездесудің жемісін көрейік, бұдан ешкім де ұтылмайды, тек жеңеміз.

 

- Дегенмен, біз Қазақстанмен жасалатын нақты жобалар туралы айта аламыз ба?

- Бұл туралы әлі айтпай-ақ қойғанымыз дұрыс. Қазір бәріне айтып, іске асыпай қалса ше? Нәтижесі болғанда ғана айтқан жөн. Ырым немесе энергетикалық тәжірибе дейсіз бе, бірақ, бір нәрсені жария айтқанда, ол жүзеге аспай қалуы мүмкін. Бастысы, біз кездестік, көрістік, таныстық. Қалғаны бола жатар.    

 

- Моника, сұхбатыңызға рақмет, сәттілік тілейміз!

Анықтама

2000 жылдары Моника Госсманн Мәскеудегі МХАТ студиясына оқуға түседі. Хореографиялық білімінің болуына байланысты ол бірден екінші курсқа қабылданады. Кейінгі жылдары ол Мәскеу көркем театрының,  HofTheaterTromm, Салон Висбаден театрының, Theatre of Musical And Film Moscow сахнасында ойнайды. Ал 2013 жылы Моника режиссер ретінде ресми дебютін, Stripped спектаклін жасады, бұл Клаудия Манека Махараджбен бірлесіп іске асырылған бірқатар жобалардың алғашқысы еді, содан кейін олар Team on fire Productions деп аталатын  бірегей тәсілдермен оқиғалар құруға бағытталған көп салалы өндірістік компанияны құрды.

Моника мынадай киножобаларда рөл сомдаған: «Непрощенный», «Оплачено смертью», «Железное небо», «Бабье лето Золотого века», «Екатерина. Взлёт», «Екатерина. Самозванцы».

2014 жылы Берлинде өзінің жеке мектебін ашып, онда актриса LucidBody техникасын үйрете бастады. Қысқа мерзім ішінде бұл әдіс бүкіл әлемде танымал болды. Ол Нью-Йорк университетінің Берлиндегі өкілдігінде, Копенгаген Мемлекеттік Университетінде, МХАТ мектеп-студиясында және Actors Space Berlin студиясында актерлерді оқытты.