Мемлекеттік хатшы кинематографистермен кездесті

19 наурыз, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы қаласына жасаған қызметтік сапарының шеңберінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «ҰКҚМО» КЕАҚ және «Қазақфильм» АҚ басшыларымен тарихи фильмдерді түсіру жобаларын талқылады, деп хабарлайды Ақорда сайты.

Кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев, «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті Ақан Сатаев, және Қазақстан тарихы саласының сарапшылары қатысқан.

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында кинематографистерге арнаған сөзінде тарихи тақырыпқа, атап айтқанда, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі – Алтын Орда тарихына арналған фильмдер түсіру қажеттілігі туралы айтты. Осы орайда, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына Алтын Орда тарихына арналған ауқымды киножобаның тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Алдағы уақытта ел басшылығына болашақ киножобаның негізгі көрінісі, моделі мен архитектурасы қамтылған ұсыныс берілетін болады.

Қатысушылар «Алтын Орда» киножобасын жүзеге асырудың тұжырымдамасы мен тәсілдерін, сондай-ақ , Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі қызметін талқылады.