kz
ru
en

Конкурс 2021: сұрақ-жауап

Киножобаларды қорғауға дайындық қызу жүріп жатыр. Осы кезеңде конкурсты өткізу ережелеріне қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде, сондықтан, біз ең өзекті сұрақтарға жауап береміз деген шешім қабылдадық. Конкурстың бекітілген қағидалар мен нұсқаулықтарға  сәйкес өткізілетінін барлық кинематографистердің түсінуі өте маңызды.

 

Киножобалар қалай іріктеледі, критерийлері қандай? 

Өтінімдерді қабылдаудың алдында конкурсты ұйымдастырушылар маңызды акценттерді белгілейді, сол басымдықтар одан әрі қаржыландыруға үмітті киножобаларды іріктеу кезінде ескеріледі.

Өтінімдерді қарау кезінде бірінші кезекте мемлекеттік мүдделерге қызмет ететін фильмдерге, сондай-ақ кино өнері арқылы Қазақстанның танымалдылығын арттыруға көңіл бөлінеді. Біз конкурсанттарымызды “ұлттық” мәртебесіне сай контентті қалыптастыруға бағдарлаймыз. Мұнда көптеген факторлар рөл ойнайды. Сценариймен қатар жобаның жалпы дамуы, оның прокаттық және фестивальдік әлеуеті маңызды. Мысалы, ағымдағы жылы бұл тарихи тақырыптарға арналған фильмдер, әлеуметтік маңызы бар, жастарға арналған, Қазақстанның ұлы қайраткерлері туралы деректі жұмыстар, халықаралық кинонарыққа шығатын балаларға арналған анимациялық картиналар. Бұдан бөлек, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тақырыбы кинематографтың барлық жанрларында ең жоғары идеялық–көркемдік деңгейде көрініс табуы тиіс.

 

Өтінімдерді қарау кезінде сарапшылар тек жоба синопсисін қарастырады ма немесе олардың толық сценарийлерін оқиды ма?

Сарапшылар өтінім берушілер ұсынған құжаттардың барлығын назарға алады. Жобаның сценарийін оқудың алдында сарапшылар  синопсиспен танысатындығы белгілі. Осы кезеңде оларды қызықтыра білу өте маңызды. Кейде синопсисті оқығаннан кейін, жобаның тақырыбы өтінімдер қабылданғанға дейін ұйымдастырушылар жариялаған  тақырыптарға мүлдем сәйкес келмейтінін немесе тіпті қайшы келетінін біліп жатамыз. Осы басым тақырыптар тізімін мұқият оқып шығыңыз және конкурсқа сәтті қатысу мүмкіндігін арттыру үшін оны басшылыққа алыңыз.

 

Менің өтінімім неліктен келесі кезеңге өтпеді?

Өтінімнің іріктеуден өтпеуінің бірнеше себебі болуы мүмкін: жоба тақырыбы мемлекеттік қаржыландыруды бөлу үшін басым болып табылмайды, авторлардың кәсіби командасы жеткіліксіз, конкурсқа қатысу үшін құжаттар дұрыс ресімделмеген, олардың тізбесі толық берілмеген және т. б.

Өзіне және өз жобасына сену – сәттіліктің маңызды құрамдас бөлігі, бірақ бұл жағдайда бұл жобаға қатысушының өзі ғана емес, сонымен қатар көркемдік талғамы, түйсігі және тәжірибесі бар беделді сарапшылар да сенуі керек.

Өтініміңіздің нақты конкурста мақұлданбағаны – үкім емес. Байқаудың бастапқы шарттары аясында жобаңыздың мүмкіндіктерін мұқият бағалауға тырысыңыз. Егер сіз қай жерде қате кеткенін түсінсеңіз, жобаны жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыра беріңіз және оны келесі конкурсқа ұсыныңыз.  Немесе балама инвестицияларды табуға тырысыңыз, ол болмаса таңдау критерийлеріне сәйкес келетін басқа жобаны тапсырып көріңіз.

 

Мемлекеттік қолдауды тек атақты режиссерлер алады деген рас па?

Бұл жаңылыс пікір. Киноорталық жас кинематографистердің, сондай-ақ Қазақстан мен шет елдерде танымал, тәжірибелі режиссерлердің де жобаларын қолдайды.  

Мысалы, 2020 жылғы конкурс қорытындысы бойынша 39 жоба мемлекеттің қаржылық қолдауына ие болды. Олардың ішінде жас режиссерлер түсірген 5 дебюттік фильм, 9 қысқа метражды фильм, 5 анимациялық және 4 көркем жоба бар.

“ҰКҚМО” КЕАҚ Өндіріс бөлімінің ақпараты бойынша, осы жылдың қыркүйек айында қорғауға жіберілген байқауға қатысушылардың арасында  “Авторлық кино” (шамамен 75%), “Анимация” (85) және “Кең ауқымды  көрермендер аудиториясына арналған ойын фильмдері” (80%) секцияларында жастар саны басым.

 

“Қазақфильмнен” түскен барлық жобалар неліктен конкурстық өтінімдерді қорғауға өтті? Сараптама кеңесі бірауыздан “Қазақфильм” киностудиясының барлық жобалары қорғауға жіберіледі деген шешім қабылдады. Біздің стратегиялық міндетіміз - еліміздің ең ірі киностудиясының қалай дамып жатқанын, қандай кино ұсынатынын, қай бағытта қозғалатынын, сценарий қоржынында не бар екенін көру. Егер біз ұлттық киноны қолдау туралы айтатын болсақ, ұлттық киностудияға Сараптама кеңесінің ерекше назар аударғаны таңқаларлық жағдай емес.

 

Сараптама кеңесінің құрамында кімдер бар? Оларды тағайындау критерийлері қандай? Құрам қаншалықты жиі ауысады?

Сараптама кеңесі – құрамына шығармашылық тұлғалар, халық әртістері, режиссерлер, сценаристер, кинотанушылар, жазушылар, актерлер, мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары және ҰКҚМО басшылары кіретін консультативтік-кеңесші орган. "ҰКҚМО" КЕАҚ жанындағы Сараптама кеңесі туралы" ережеге сәйкес, оның құрамы жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс. Сараптама  кеңесінің құрамы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

 

Сараптама кеңесінің мүшелері немесе "ҰКҚМО" КЕАҚ өкілдері конкурсқа өз жобаларымен қатыса ала ма?

Сараптама кеңесінің қазіргі мүшелері және “ҰКҚМО” КЕАҚ қызметкерлері конкурсқа қатысуға өтінімдер бере алмайды. Алайда, "Кинематография туралы" Заңға сәйкес ҚР Үкіметі бекітетін Сараптама кеңесінің құрамына шығармашыл қызметкерлер мен сарапшылар кіретіндіктен, ал Киноорталықтың штаты кинематографистерден тұратындықтан,  “ҰКҚМО” КЕАҚ-ға немесе Сараптама  кеңесіне жұмысқа шақырылғанға дейін Өтінім беруші конкурсқа қатысуға өтінім берген және жобаны іске асыру басталған жағдайлар кездесіп жатады. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдай туындаған кезде Өтінім беруші мүдделер қақтығысын болдырмау үшін барлық қажетті әрекеттерді жасауға міндетті.

28.08.2021