"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 3 қаңтардағы № 212-VІ ҚРЗ "Кинематография туралы" Заңының негізінде құрылды. Киноорталықтың негізгі миссиясы - мемлекеттің кинематография саласындағы саясатын жүзеге асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау.
Өз жұмысында «ҰКҚМО» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2019 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен бекітілген киножобаларды іріктеу қағидаларын басшылыққа алады. 2019 жылдан 2022 жылға дейін мемлекеттік қаржыландыруды алған 83 фильмнің өндірісі аяқталды.
Соңғы жылдары мемлекет кинематография саласына назар аударып, оған қомақты қаржы бөлсе, кино қоғамдастығы өз тарапынан халық ақшасы не үшін жұмсалатынын сұрауға дайын болуы керек.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қаржыландыруды алуға үміткер киножобалардың кезекті бесінші конкурсы өтуде. Барлығы электронды және қағаз жеткізгіштерде 290 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер киножобаларды қорғауға 130 өтінім жіберілді. Өтінімдер мынадай талаптарға сәйкес болмағандықтан қабылданбады: 1. Өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін құжаттарды беру. 2. Компанияның негізгі қызмет түріне сәйкес келмеу. 3. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтер енгізу туралы куәліктің болмауы. 4. Өтініш берушілерде салық берешегінің болуы. 5. Құжаттардың толық емес пакеті немесе бұрмаланған ақпарат.
Осыған байланысты ашық қорғауға өтпеген жобалардың өкілдері қазір Киноорталығын кинематографистердің құқықтарын бұзды деп айыптап, қоғамда резонанс тудыруда. Қалыптасқан қиын жағдайды түсіне отырып, Киноорталық өкілдері кинематографистерге конкурстық құжаттаманы ресімдеу кезінде жіберілген бұзушылықтар бойынша бірнеше рет қажетті түсініктемелер бергенін еске салады. Атап айтсақ, өтінімдері қайтарылған барлық кинокомпанияларға тиісті түсіндірмелері бар ресми хаттар жолданды. ҰКҚМО-ның ресми медиа ресурстарында басқарма және комплаенс-қызмет атынан бірқатар ақпараттық хабарламалар жарияланды, ал бұқаралық ақпарат құралдарында Орталықтың басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың сұхбаттары жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан кинематографистер одағымен, Ұлттық Академиямен және басқа да кинематографиялық бірлестіктермен жұмыс кездесулері өткізілді, онда туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Ал 11 мамырда 2023 жылғы киножобалар конкурсын өткізуге байланысты мәселелер бойынша онлайн-брифинг өткізілді.
Бірқатар кинематографистердің конкурстық іріктеу барысында туындаған мәселелерді шешу бойынша арнайы комиссия құру талаптарына келетін болсақ, бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігі ерекше бақылауға алғанын тағы да атап өтеміз. Нәтижесінде, Министрлік және ҰКҚМО өкілдерінің, конкурсқа қатысушылардың қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді. Қосымша сараптама қорытындысы бойынша Министрлік өкілдері қабылданбаған жобалар бойынша ескертулермен келісті, ал конкурсқа қатысушыларға анықталған бұзушылықтар бойынша тағы да түсініктемелер берілді. Бұдан бөлек, бұл мәселе Сараптамалық кеңес өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының қарауына шығарылды.
ҰКҚМО басшылығының пікірінше, конкурстық іріктеудің қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізуді көздейтін мәселелерді шешу кезінде мемлекет пен кино қоғамдастығы арасындағы сындарлы диалогты дамыту қажет. Олардың ішіндегі ең бастысы – саланың нормативтік-құқықтық базасына өзгерістер енгізу ғана емес, сонымен қатар, оның дамуының барлық заманауи үрдістерін ескере отырып, «Кинематография туралы» Заңның өзін одан әрі жетілдіру қажеттілігі.
Өкінішке қарай, біздің киноөндірушілер мемлекет сенімін тудыратын жауапкершілік деген ұғымды әрдайым түсіне бермейді. Қазіргі уақытта қаржылық жағынан да, шығармашылық жағынан да жозықсыз жеткізушілерге қатысты Киноорталықтың шағымдары бойынша бес іс сотта қаралуда. Бүгінгі таңда олардың төртеуінде, атап айтқанда "Ашина. Көк бөрілер туралы аңыз", "Өркеш", "Алмалы" анимациялық фильмдері және "Все на мослы" көркем фильмі бойынша біздің өтініштер қанағаттандырылды және сот шешімімен ақша бюджетке қайтарылады.
Біз баршаңызды, әсіресе жаңа конкурсқа қатысушыларды - осы ақпаратты назарға алуды сұраймыз.
17.05.2023