ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

5 сәуірде ҚР Ұлттық кітапханасының акт залында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы киноөндіруші компаниялардың басшыларымен, өкілдерімен және тәуелсіз продюсерлермен 2022 жылғы конкурстық іріктеуді өткізу мәселелері бойынша кезекті брифинг өткізді. Спикерлер ретінде ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасарлары Б. Шөкенов және М. Мерекенов, қаржы директоры В. Чернова, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман А. Тұмарбаев қатысты.

Кездесу барысында өнім берушілердің қаржылық тұрақтылығына қатысты Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына ҚР Қаржы министрлігі енгізген өзгерістер қарастырылып, ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды шығару бойынша мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін оларды іріктеу кезінде қолданылатын Қазақстан Республикасының «Кинематография туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарының нормалары түсіндірілді. Киножобалар конкурсына өтінім беру рәсімі және мемлекеттік сатып алу сайтымен жұмыс жасау бойынша техникалық сұрақтарға жауап берілді.

Бұл кездесу мен алдыңғы брифинг кино қауымдастығындағы қазіргі температура өте жоғары екенін көрсетті.

«Осындай ашық диалог қажет болды. Жақсы диалог алаңы құрылды. Бұл өте маңызды», - деп атап өтті «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Е. Қосубаев.

Брифингтің жазбасын ҰКҚМО YouTube-арнасынан көре аласыз.

11.04.2022