ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы шетелдік және ұлттық киноны прокаттауды жүзеге асыратын кинотеатрлар бойынша қолда бар деректер негізінде жасалған Қазақстан Республикасындағы кинокөрсетілімге қатысты талдауды ұсынады. Отандық кинотеатрлар жеке ұйым болып табылатындықтан және фильмдерді мониторингілеудің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әлі іске қосылмағандықтан, бұл талдау Киноорталықтың өндіріс, дистрибуция және халықаралық бөлімдерінің мамандары жинаған статистикалық деректер болып табылады. Бұл деректерде сондай-ақ кинотеатрлар тұтастай алғанда ел киноиндустриясын дамытудың басты факторларының бірі болып табылады деген тезисті қабылдауға негізделген таяу жылдарға арналған ҰКҚМО жұмысының стратегиясын қалыптастырудың алғышарттары берілген.        

Халықаралық тәжірибеге сәйкес елдегі киноиндустрияның даму деңгейі мынадай көрсеткіштерді қамтитынын нақтылау қажет:

• Елдің кинопрокатындағы ұлттық өнімнің үлесі – кинотеатрларда көрсетілген шетелдік контентке қатысты отандық фильмдердің саны; шетелдік киноның кірістерімен салыстырғандағы жалпы кірістер; отандық киноға сатылған билеттердің саны.
• Кинотеатрлар мен ондағы кинозалдардың саны.
• Кинотеатрлардың толымдылығы және келушілер саны.

Бұл ретте ұлттық киножелінің болуы, сондай-ақ кинотеатрларда билеттерді нақты уақытта сатылуының статистикасы ұлттық киноиндустрияны әлемдік кинопрокат саласына дұрыс интеграциялануға ұмтылатын ашық және таза аумақ ретінде бағалаудағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Біз үшін бұл да маңызды, себебі Қазақстанда әлемдік жетекші өндірушілердің киноконтенті тұтынылады, олардың ұлттық кинокөрсетілімдегі үлесі 80% - ға дейін жетеді.   

Статистикаға сәйкес, қазір Қазақстанда 92 кинотеатр, 401 сандық кинозал мен IMAX форматындағы үш зал (барлығы 404) жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, бүкіл отандық кинокөрсетілімге пандемия қатты зиян келтірді, оның барысында кинотеатрлардың қызметі шектелді немесе жұмыс істеуге мүлдем тыйым салынды. 2019 жылғы жалпы кіріс деңгейін қалпына келтіру, жабық кинозалдардың орнына жаңа кинозалдарды енгізу және пандемияға дейінгі көрсеткіштерді қалпына келтіру алдын ала бағалау бойынша 2025 жылға дейін созылады.

 Төменде жарияланған кестелер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мамандары жинаған мәліметтерден тұрады. Осылайша, біз ұсынған сандар Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің ресми ақпараты болып табылмайды.    

 

Халықаралық тәжірибе

Елде кинотеатр желісінің болуы маңызды, өйткені ол мемлекеттік қолдау арқылы шығарылатын және тәуелсіз өндірістік компаниялар жүзеге асыратын бүкіл ұлттық өнімді монетизациялаудың негізгі және әзірге жалғыз көзі болып отыр.

Кинотеатр — бұл тәуелсіз кинокомпаниялар үшін салынған жеке инвестицияларды қайтару құралы ретінде жобаны бағалаудың негізгі көрсеткіші, ал мемлекет үшін бұл – әр фильмге мемлекет салған қаражаттың тиімділігінің, ел халқын кинокөрсетіліммен қамту дәрежесінің көрсеткіші, кино көрермендерге идеологиялық тұрғыдан әсер ету және кино саласындағы жаңа, жас таланттарды іздеу құралы. Кинематография саласында мемлекеттік қолдау көрсету бойынша бюджеттік қаражат мөлшері әдетте осы көрсеткішке байланысты болады. Осыған байланысты,  қолдау көрсету мүмкіндігі бар елдердің кинематография салалары ішкі кинопрокаттағы ұлттық киноөнімнің жалпы деңгейі 30 және одан да көп пайыз болуы үшін бағдарланады. Көрсетілімнен түскен жалпы табыс елде толығымен қалатындықтан, бұл кино саласындағы білім беру процестерін реттеу, жұмыс орындарын құру, прокат пен көрсетуді қоса алғанда, саланы қолдауға мемлекеттің салымдарын жоспарлауға мүмкіндік береді. 

2020 жылға дейін Қазақстан киноиндустриясы ТМД елдері бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болған. Қазір Ресейдегі киноиндустрияға қатысты салынған санкцияларды ескере отырып, Қазақстанның кино нарығы залдар саны бойынша, кино көрермендердің америкалық, еуропалық кинематографияның репертуарына деген қызығушылығы бойынша Орталық Азия өңіріндегі ең келешегі жарқын ел болып отыр, ал бастысы, Өзбекстандағы, Қырғызстандағы және Әзірбайжандағы кинотеатрлар санының өсуіне байланысты, бүкіл өңір нарығы дамуда.  

Бүгінгі таңда елімізде 404 зал жұмыс істейді. Бұл сан жеткілікті ме, жоқ па, біз әлемдік индустрияда қабылданған 100 мың тұрғынға шаққандағы кинозалдар санының көрсеткіші негізінде қарастыра аламыз. 

Мысалы, 145,6 миллион адам тұрғыны бар Ресейде кинотеатрлар саны 5700 бірлікті құрайды, 100 мың тұрғынға 4 залдан келеді. 66 720 000 халқы бар (2016 жылғы мәліметтер) Францияда 5843 кинотеатр бар және шамамен 100 мың. тұрғынға 8 залды құрайды, Қытайда         2021 жылы кино экрандарының саны 80 248 залды құрады, халық саны 1 451 432 510 бола тұра 100 мың тұрғынға 6 залдан келеді. Біздің елімізде халық саны 19 143 200 адам бола тұра 404 кинозал бар және 100 мың тұрғынға 2,1 кинозалдан ғана келеді. 

Осы сандарға сүйене отырып, ел халқының жартысына жуығы қазіргі заманғы цифрлық кинотеатрларда кино көруге жергілікті қол жетімсіз, ал 100 мың тұрғынға шаққандағы залдар санының көрсеткіші бойынша біз индустрия дамуының барлық негізгі көрсеткіштеріне әсер ететін өте қолайсыз жағдайға тап болдық. Мысалы, 2021 жылғы қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қытайда 80 743 киноэкран  болған, бұл 2020 жылдың аяғымен салыстырғанда 4862 данаға көп, деп хабарлайды China Film News. Яғни, 2021 жылдың алғашқы тоғыз айында Қытайдағы кинотеатрлар саны күніне орта есеппен 17,8-ге артқан! Аспан асты елінде кинотеатрлар санының өсуіне осынша мән беріледі.

 

«Аймақ Cinema» ұлттық кинопрокат жүйесі туралы

Отандық кинопрокатты неғұрлым жоғары сандық және сапалық деңгейге шығару мақсатында «Аймақ Сіnema» жобасы ұсынылады. Осы жобаны іске қосудың басты алғышарты таяу шетел елдерінің тәжірибесі мен ұлттық кинопрокат үлесінің төмендігі болып табылады, ол бүгінгі күні елдің кинотеатрларында көрсетілетін фильмдердің жалпы санының орташа алғанда 15-20%-ын  құрайды.  

Айталық, Өзбекстан Республикасында кинотеатр қызметін дамыту моделіне сәйкес осы елдің Үкіметі (Президент Жарлығы шеңберінде) ұлттық кинотеатрлар желісін мемлекеттік қолдау және кеңейту жөнінде бірқатар шаралар қабылдауда, атап айтқанда:

• 2021 жылғы 1 шілдеден бастап сауда алаңы 15 мың шаршы метрден асатын салынып жатқан жаңа сауда-ойын-сауық кешендерінде жалпы саны кемінде 300 көрермен орны және төрт кинозалы бар кинотеатрлар құру міндетті болып табылады;
• 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде кинозалдар авторлық құқықтарды қорғауға мүмкіндік беретін кино көрсетудің (DCP форматында және одан жоғары) цифрлық құрылғыларымен жарақтандырылған жағдайда, оларды сатып алу жөніндегі шығыстардың 50%-ы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, бірақ бір құрылғы үшін 50 миллион сумдан аспайтын мөлшерде жабылады;
• ашылған жаңа кинотеатрларға олардың қызметінің алғашқы үш айы ішінде Агенттіктің тапсырысы негізінде шығарылған ұлттық фильмдер көрсету үшін тегін ұсынылады.

Осыған байланысты «Аймақ Cinema» ұлттық кинопрокат жүйесі» шартты атауы бар қазақстандық жобаны іске асыру – бұл 135 кинозалдар саны бар, отыратын орындардың жалпы саны шамамен 17000 бірлікті құрайтын 72 кино білім беру орталықтары, сондай-ақ еліміздің шалғай түкпірлерінде кинокөрсетілімді қамтамасыз ету үшін әр облысқа бір жылжымалы кинотеатрды қамтамасыз ету.

Жобаны іске асыру үшін қаржы көзі мемлекеттік бюджет те, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі де бола алады.

Осы жобадан күтілетін нәтижелер:

• 2026 жылға қарай ұлттық кинопрокат үлесін 30%-ға ұлғайту;
• 2026 жылға қарай келушілердің қолжетімділігін 30%-ға арттыру;
• 2026 жылға қарай «кино» бөлінісінде мәдениет саласында халықтың қанағаттану деңгейін 10%-ға арттыру;
• халықпен, негізінен шағын қалаларда, аудан орталықтарында, сондай-ақ ҚР аумағының шалғай бұрыштарында мәдени-ағарту жұмысын жүргізу;
• 770-ке жуық жаңа жұмыс орындары;
• ұлттық киноның өзін-өзі ақтауын 20%-ға арттыру;
• ұлттық және отандық кино көрсетілімінен түсетін салық түсімдерін ұлғайту;
• ұлттық және отандық киноны көрсету кезінде түсетін жалпы кірісті 2 есеге ұлғайту.

 

Заманауи сын-қатерлер

Ресей Федерациясында муниципалды кинотеатрларды жабдықтау Мәдениет министрлігінің «Кинотеатрларды жаңғырту» бағдарламасы бойынша, Ресей Кино қоры өткізетін конкурсқа сәйкес жүзеге асырылады. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша бір кинотеатрға орташа есеппен 5 миллион рубль бөлінеді. Бұл бағдарламаның шамамен төрт жылдық жұмыс істеу кезеңінде 1000-нан астам кинотеатр жабдықталған. Бағдарламаның басты ерекшелігі – тоқсандағы сессиялардың 50%-ы ұлттық фильмдерге берілуі керек, бұл ұлттық киноның прокаттағы үлесін 15%-дан астам көрсеткішке арттыруға мүмкіндік берді.     

Мұндай өзара іс-қимылдың тәжірибесі біздің еліміздің батысында бар, онда жергілікті әкімдіктер қолданыстағы Мәдениет үйлерінің жөнделген ғимараттарын кинотеатрларға сенімгерлік басқаруға береді, ал жалға алушылар оларды өз қаражаты есебінен кино жабдықтарымен және кино орындықтарымен жарақтайды. Болашақта тіпті жалға берушінің кинотеатр орналасқан үй-жайларды кейіннен сатып алу нұсқалары қарастырылған. Осындай түрдегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдау ұлттық кинотеатрлар желісін ұлғайтуға елеулі үлес қоса алады және қазақ тіліндегі ұлттық контентті де, қазақ тіліне дубляждалған шетелдік фильмдерді де тұтынуды кемінде 25-30%-ға нақты ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Шалғай елді мекендерге қызмет көрсетуде DCI форматында түсірілген кез келген контентті көрсету үшін ең озық жабдықтармен жабдықталған жылжымалы кинотеатрлар маңызды фактор бола алады. Жоғарыда көрсетілген бағдарламаны негізге ала отырып, әрбір өңір жергілікті бюджет есебінен бір жылжымалы кинотеатр сатып алады, аудандық кинотеатрда келісім бойынша контент алады және арнайы баға ұсыныстары бойынша ішінара алдын ала төлем жасау шартымен аудандық кинотеатрдың репертуарына сәйкес халыққа көрсетілім мен кино қызметін көрсетеді.   

Тағы бір маңызды әлемдік трендтердің бірі – интернеттің кинотеатрдағы дәстүрлі кинокөрсетілімге әсері. Пандемия кезінде кинотеатрлар жабылған кезде, онлайн кинотеатрлар мен стриминг платформалар көрсетілімнің жалғыз көзі болды. Бұл Голливудтың негізгі студиялары кең көлемді киножобаларды стриминг алаңдарында және кинотеатрларда бір уақытта көрсетуіне алып келді. Көп жағдайда киноны қарау процесі кинотеатрдан жеке гаджеттерге (смартфондар, компьютерлер және т.б.) ауыса бастады. Яғни, кино ұжымдық эмпатия процесінен жеке нәрсеге айнала бастады. Бұл кинотеатрлар өзектілігін жоғалтты дегенді білдірмейді, бірақ, осыған байланысты пайда болған сын-қатерлер көрермендерге қызмет көрсету мен кинотехнологияны жақсарту саласында елеулі өзгерістерді, кинокөрсетілім үдерісіне жаңа тәсілдердің қолданылуын және кинокөрсетілім ұйымдарының жаңа репертуарлық саясатының қалыптасуын болжайды. Осы тұрғыда мемлекеттің желіде заңсыз таратылатын «қарақшылық» контентке қарсы күресі мен зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың барлық заңды тәсілдерін жетілдіру де аса маңызды мәнге ие болып отыр.   

 

Есетжан ҚОСЫБАЕВ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы

20.04.2022