ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Киноорталықтың TIFF фестиваліндегі шеберлік сыныптары

30.09.2021

XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалінің осы күндері өтіп жатқан мазмұнды бағдарламасына қазақстандық кинематографистердің шеберлік сыныптары да енгізілген. 

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының маманы Әсел Ырыс «Кино саласындағы білім» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Іс-шараға Өзбекстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ кино біліміне қызығушылық танытатын басқа елдердің өкілдері қатысты. 

Әсел өз әріптестерін түрлі елдердегі кино саласындағы білімнің ерекшеліктерімен таныстырды.

«Менің шеберлік сыныбыма келген қонақтарды түсірілім барысының қалай өтетіндігі көбірек қызықтырды. Өзбекстанда кино саласы қарқынды дамып жатқаны көрініп тұр», - деп атап өтті Әсел.

Айта кетсек, бұл қазақстандық делегацияның фестивальдегі жалғыз шеберлік сыныбы емес. Алда Киноорталықтың Бас продюсері Адай Әбелдиновтың «Қазақ анимациясы» және жас кинематографист Дильшат Рахматуллиннің «Мультипликациялық сериалдарды жасау және ұйымдастыру үдерісі» тақырыбындағы презентациялары өтеді.  

Естеріңізге сала кетейік, XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалі Өзбекстан астанасында 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді.