ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Киноорталықтың қолдауымен шығарылған фильмдер «Бастау» кинофестиваліне қатысады

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылған Мәди Қайыржанның «Рух», Аруан Анартаевтың «Горячее озеро» қысқаметражды картиналары мен Дильшат Рахматулиннің «Бесік жыры» анимациялық фильмі 30 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Алматы қаласында өтетін IX «Бастау» Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестиваліне қатысады. 

Бұл картиналар 23 көркем және 16 анимациялық фильмдер қатысатын «Bastau Shorts» қысқаметражды студенттік және дебюттік көркем және анимациялық фильмдердің халықаралық байқауына енді. 

Сондай-ақ, фестиваль аясында конкурстан тыс режиссер Айжан Қасымбектің «От» картинасының ұлттық премьерасы өтеді. Киноорталықтың қолдауымен түсірілген фильмнің әлемдік премьерасы осы жылы Пусандағы (Оңтүстік Корея) халықаралық кинофестивальде өткен. Биыл фильм және де Германиядағы Film Festival Cottbus және Сингапурдағы Singapore International Film Festival фестивальдерінде көрсетілді. Ал басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақалов X Russian British Sochi International Film Festival & Awards 2021 және Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival  кинофестивальдерінде екі марапатты жеңіп алды. Сонымен қатар, Минсктегі жақында аяқталған халықаралық «Лістапад» кинофестивалінде картина «Үздік режиссер» және «Үздік музыка» номинациялары бойынша тағы екі жүлдені жеңіп алды.    

Оған қоса, өткен аптада ShortAnimaDoc көрсетілімдері аясында алматылық көрермендер тамашалаған режиссер Александр Каменскийдің «Властительницы Евразии» деректі фильмі де конкурстан тыс көрсетіледі деп күтілуде.

Негізгі байқаудың жеңімпаздарын ресейлік белгілі режиссер, сценарист, продюсер, Канн және Шанхай фестивальдерінің қатысушысы, Ника және ТЭФИ сыйлықтарының иегері Юрий Быков бастаған халықаралық қазылар алқасы анықтайды. Ал «Bastau Shorts»  қазылар алқасының құрамына Татьяна Федоровская, Искандар Усмонов, Илья Глинников, Дастан Жапарулу және ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбелдинов кірді.   

Жыл сайынғы іс-шараның ұйымдастырушысы - Алматы қаласы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тұран Университетінің, сондай-ақ «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен «Tanaris Production» және A Team кинокомпаниялары.

Ашылу рәсімі 30 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Фестивальдің негізгі алаңы – Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісі. Көрсетілімдерге кіру – тегін.  

IX «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің кестесі https://bastauiff.com/.

29.11.2021