ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Киноорталықтың қолдауымен шығарылған фильмдер Baiqonyr-2021 кинофестиваліне қатысады

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылған қысқа метражды картиналар, атап айтқанда Райымбек Әлжановтың «Мерген», Дәлер Мырзағалиевтің «Граната» және Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмдері 8-12 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтетін VI Baiqonyr International Short Film Festival халықаралық кинофестиваліне қатысады.

Биыл фестивальге арналған қысқа метражды картиналарды кинотанушылар Ержан Жұмабеков, Еңлік Егеубаева және Әлем Дәулетқұлов іріктеді. Барлығы 180 жұмыс мәлімденген, оның ішінде 23 фильм ұлттық байқаудың қатысушылары атанды.  

«Осы фестивальдің ерекшелігі, биылғы жылы ұлттық байқау бағдарламасында негізінен кинокомпаниялардың қолдауымен түсірілген жас режиссерлердің фильмдері ұсынылған. Пандемия бәрімізге қатты әсер етті және фестивальдің негізгі қатысушылары  – студенттер оқу орындарында кино түсіру мүмкіндігінен айырылды. Егер осы уақытқа дейін фестиваль тарихында фильмдердің сексен пайызы студенттердің жұмысы болса, биыл олардың саны өте аз. Сондықтан, біз отандық өндірістің ойын және деректі фильмдерін бір ұлттық байқауға біріктірдік. Сондай-ақ, бұл байқауда анимациялық фильмдер үшін бөлек секция болады», - деп атап өтті фестивальдің бағдарламалық директоры Ержан Жұмабеков.

Жеңімпаздарды Ресейден келген киносыншы, ММКФ – Ресейдің жетекші халықаралық кинофестивалінің қысқа метражды фильмдер байқауының іріктеушісі Андрей Щиголев бастаған халықаралық қазылар алқасы анықтайды. Сондай-ақ, Халықаралық қазылар алқасының құрамына ФИПРЕССИ және НЕТПАК мүшесі Гүлбара Толомушева (Қырғызстан), киносыншы Адиля Хайбуллина (Татарстан), продюсер Дина Жұмабек, дыбыс режиссері Денис Коноплев, қоюшы оператор Едіге Несіпбеков, сондай-ақ жас режиссерлер Кристина Михайлова мен Иван Ардашов кірді.

Baiqonyr ISFF – биыл алтыншы рет өткізілетін Қазақстандағы алғашқы халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі. Ол фестиваль қатысушыларының шығармашылық тұрғыда дамуына және қазақстандық кинода жаңа есімдердің пайда болуына септігін тигізетін бастапқы алаңға айналды.

Фестиваль ТМД-ға мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен Алматы қаласында Kinopark кинотеатрлар желісінде 8-12 қыркүйек аралығында өтеді. Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кинозалға Ashyq бағдарламасы бойынша ғана кіруге болады.    

31.08.2021