ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Кино саласындағы білімді киноиндустриясына интеграциялау

07.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен бүгінгі кездесуде «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ ректоры – Басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.  

Тараптардың мақсаты кино саласындағы жас мамандарды қолдауға бағытталған саясатты әзірлеу және іске асыру, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, сондай-ақ Қазақстанның кино индустриясындағы бірлескен жобаларды іске асыру болды.

- Бізге қазақстандық экрандық өнер саласында жүргізілетін зерттеулер аумағын кеңейту, нарықтың білікті мамандарға деген қажеттілігін, сондай-ақ түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелерін зерделеу қажет, - дейді Жансейіт Түймебаев.

Бірлескен қызмет аясында журналистика факультетінің киножурналистиканы, кинокритиканы және сценарийлік шеберлікті дамытуға бағытталған «Кино&Медиа» оқу бағдарламасын жетілдіру, оқу киностудиясын ұйымдастыру, сондай-ақ кинематография бойынша шеберлік сыныптарын өткізу жоспарлануда. 

- Біз ҰКҚМО қолдауымен шығарылатын жобаларда студенттердің өндірістік тағылымдамадан өтуін және тәжірибе жағдайларын қамтамасыз етіп, кино саласындағы білім беру жолында бірлескен инновациялық жобаларды әзірлегіміз келеді. Оңтайлы шешім қабылдау мақсатында, франшиза сатып алу мүмкіндігімен басқа кино мектептерінің жұмыс тәжірибесі, оқу бағдарламаларын ұйымдастыру әдістері де қаралатын болады, - деп атап өтті Есетжан Қосыбаев.