Кино орталығының конкурсына 500-ден астам өтінім келіп түсті

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұлттық деп танылуға үмітті киножобалардың кезекті іріктеу конкурсына өтінімдер қабылдауды аяқтады. Конкурсқа қанша компания қатысты, қабылданған жұмыстар қалай қаралады, келешекте қандай кезеңдер күтіп тұр деген сұрақтарға «ҰКҚМО» КЕАҚ Өндіріс бөлімінің сарапшысы Бижан ӘБІШЕВ жауап береді.

 

- Бижан Теміржанұлы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының конкурсына өтінімдер қабылдау сәтімен аяқталды. Алғашқы статистика қандай?

- Өте дұрыс, біз өтінім қабылдауды аяқтап, оларды өңдеуге кірістік. Осы сәтті пайдалана отырып, конкурсқа белсенді қатысып жатқан барша кинематографистер қауымына алғыс білдіргім келеді. Өтінімдердің көпшілігі қабылдау мерзімінің соңғы сағаттарында келіп түсті. Біле білгендеріңіздей, өтінімге деген қызығушылықтың артуы оның жұмысына біршама өзгерістердің енгізілуіне себепші болды, яғни 2021 жылғы 1 наурызға дейін өтінімдер қабылдау мерзімін ұзарттық. Меніңше, осы сәт қатысушыларға өз өтінімдерін дұрыс дайындауға мүмкіндік берді.

Статистикаға келер болсақ, бізге 450 компаниядан 503 өтінім келіп түсті. Әдеттегідей, «Көркем фильмдер» санатындағы өтінімдер саны көп, биыл – 231.  «Деректі фильмдер» санатында – 86, «Қысқа метражды фильмдер» санатында - 73, «Бірлесіп шығарылатын фильмдер» санатында - 58, «Анимация» санатында - 35, «Дебют» санатында - 31, «Авторлық/артхаустық кино» санатында - 25 өтінім келіп түсті. Нақтылап кетейік, еліміздің ең ірі киностудиясы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ биыл 45 өтінім тапсырды. 

 

- Бұл сандарды өткен екі питчингтің көрсеткіштерімен салыстыруға бола ма?

- 2019 жылы өткізілген Кино орталығының питчингіне 109 өтінім қабылданған.  2020 жылы 226 өтінім келіп түскен. Ал биыл 503 өтінім, Көріп отырғандарыңыздай саны жыл сайын артуда.

- Қалай ойлайсыз, мұның себебі неде?

- Екі жыл ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының конкурстары туралы ақпарат көптеген адамдардың құлағына жетті. Біздің жеңімпаздар мемлекеттен айтарлықтай қаржылық көмек алып отыр. Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні, дайындалу, өтініш беру, жобаны таныстыру арқылы қаржылық қолдау алуға болатындығы көпшілікке түсінікті болды. Сондықтан, адамдар осылай белсенді қатысуда.  

 

- Басталған конкурстың талаптарында жаңашылдықтар бар ма?  

- Осы жылы Кино орталығы өтінімдер қабылдау талаптарын біршама жеңілдетті. Енді бірінші кезеңде қатысушылар сценарийді, авторлардың түйіндемелерін, өндіріске сұралтылатын соманы қамтитын алдын-ала құжаттар пакетін ғана тапсыруы керек. Конкурстың келесі кезеңіне өткен кезде презентация, смета, ҚКЖ, ниет шарттары мен т.б.  құжаттарды қамтитын толық пакетті дайындау қажет болады.

Оған қоса, Кино орталығы өтінімдер қабылдау алгоритмін жетілдірді. Электронды пошта арқылы құжаттар қабылдау жүйесін артта қалдырдық. Бүгінде қатысушыларға арнайы портал ұсынылған  (portal.kazakhcinema.kz), онда әр қатысушы өзіне жеке кабинет ашып, онлайн форматта өтінімді толтыра алады.

 

- Конкурсқа қатысатын жобаларды одан әрі іріктеудің ерекшелігі қандай?

- Бұл жағынан ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Қазір біз техникалық жұмысты аяқтап жатырмыз, содан кейін сценарийлік өтінімдер олардың көркемдік мазмұны бойынша бағаланады. Бұл үшін Сараптама кеңесі жобаларды алдын ала бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Содан кейін питчингке жіберілетін жобалардың тізімін анықтаймыз, онда конкурсқа қатысушылар өз жобаларын Сараптама кеңесінің мүшелеріне  таныстыра алады. Питчингті өткізгеннен кейін хаттамаларды өңдеп, Ведомствоаралық комиссияның қарауына өтетіндердің тізімін жасаймыз. Еске сала кетейін, жеңімпаздар Сараптама кеңесінің қорытындысы мен құрамына министрліктердің басшылары, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары кіретін Ведомствоаралық комиссия ұсынымының негізінде айқындалады. Бұл комиссия өз жұмысында, ең алдымен, мемлекеттік мүдделерді сақтауға және киножобалардағы ҚР заңнамалық нормаларын бұзушылықтарды анықтауға бағдарланады.

 

- Биыл Сараптамалық кеңестің құрамы өзгерді ме?

- «ҰКҚМО» КЕАҚ жанындағы Сараптама кеңесі туралы ережеге сәйкес, оның құрамы жаңартылады. Қазіргі уақытта Сараптама кеңесінің жаңа құрамы жоғарыдағы органдарға бекітуге ұсынылды. Бекітілгеннен кейін, біз бірден ол ақпаратты сайтта жариялайтын боламыз.

 

- Шешім қабылдау кезінде Сараптама кеңесі қандай негізгі критерийлерге сүйенеді?

- Мұнда көптеген факторлар бар. Сценариймен қатар, жобаның жалпы дамуы, оның прокаттық, фестивальдік әлеуеті де маңызды. Сондай-ақ, тақырыптың өзекті болуы да маңызды. Еске сала кетейін, мемлекеттік қаржыландырудан үмітті киножобаларды одан әрі іріктеу кезінде ескерілетін маңызды акценттер ең басында айтылды, олардың ішінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдер жасау да бар. Әрине, түсірілім тобының кәсібилігі, продюсер мен режиссердің тәжірибесіне де назар аударылады.

 

- Сұхбатыңызға көп рақмет, ісіңізге сәттілік тілейміз!