ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Айсұлтан Сейітовтың «Қаш», Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» және Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» картиналары «Азиялық Оскар» деп аталатын беделді Asia Pacific Screen Awards сыйлығына үміткерлер қатарына кірді.

Айсұлтан Сейітовтың картинасы бірден екі номинацияда ұсынылған – «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс». Басты номинацияда ол Жапониядан, Қытайдан және Грузиядан келген картиналармен таласқа түседі, олардың арасында биылғы Венеция кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесінің иегері атанған Рюсуке Хамагутидің «Зұлымдық жоқ» атты туындысы да бар.

Ал Дархан Төлегенов пен Асхат Кучинчиреков «Үздік режиссер» және «Үздік жастар фильмі» номинацияларына ілікті. Әсіресе Төлегеновтың номинациясында ерекше тартыс болайын деп тұр, себебі онда жоғарыда айтылған Хамагути мен 2023 жылғы «Сандэнс» және Берлин кинофестивальдерінің қатысушысы Селин Сон бар.

Отандық үш картина да режиссерлердің дебюттік жұмыстары болып табылады, ал олардың екеуі – «Ағайынды» және «Бауырына салу» Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген.

«Қаш» фильмі қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, оны адастырады. Айта кетсек, Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.

«Ағайынды» фильмін Максим Акбаровтың Golden Man Media компаниясы шығарған. Өткен жылдың қыркүйегінде фильм Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде "Кино рухы" сыйлығын жеңіп алған болатын, ал осы жылдың сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың "Үздік драмасы" деп таныды. Сонымен қатар, "Ағайынды" – Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.

«Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының тұсауы жақында ғана Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде кесілді, онда ол «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілді.

Осы жылы 16 рет өткізілетін беделді халықаралық Asia Pacific Screen Awards сыйлығының жеңімпаздары 3 қарашада Австралияда жарияланады. Өткен жылдардың жеңімпаздарының қатарында белгілі қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов бар. APSA киносыйлығын ЮНЕСКО, Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы және Брисбен қалалық кеңесі ұйымдастырады.

05.10.2023