ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Киноорталықтың қолдауымен түсірілген Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» қысқа метражды анимациялық фильмі 17-20 наурыз аралығында Түркияда өткен Rotary Uluslararası Kısa Film Festivali (ROFIFE) кинофестивалінде «Үздік анимациялық фильм» сыйлығын жеңіп алды.

ROFIFE - бүкіл әлем бойынша режиссерлердің ең үздік қысқа метражды туындыларын көрсетуге арналған жыл сайын өтетін фестиваль. Фестиваль өткір әлеуметтік тақырыптарды қамтып, әртүрлі мәдениеттер мен қоғамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға тырысады. Осы жылы марапатқа Түркия, Иран, АҚШ, Бразилия, Ресей, Германия, Испания және Қазақстанның режиссерлері ие болды.

Қазақстандық картина «Анимациялық фильм» номинациясында ұсынылған 367 фильмнің ішінен іріктеліп алынды. Биыл фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен барлығы төрт – «Ойын киносы», «Анимация», «Деректі кино» және «Эксперименттік кино» санаттары бойынша 676 өтінім келіп түскен.

«Картинаның сценарийін біз бес жыл бойы ойластырдық. Бізде бірнеше тақырып, оқиғаның да бірнеше нұсқасы болды, бірақ біз «Бесік жырына» келіп тоқтадық.  Жоба мифология, фольклор мен қазақ мәдениетіне толы. Бірегейлігіміз осында», - дейді Дильшат Рахматуллин.

Картинаның тұсаукесері  Киноорталық 2021 жылы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырған Short Anima Doc арнайы көрсетілімдерінде өтті. Сондай-ақ фильм өткен жылы ІХ «Бастау» Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінде «Ерекше атап өту» марапатына ие болған.

 

25.03.2022