ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Бауыржан Шөкенов: «Біз үшің ең бастысы – көрермен»

Бұған дейін айтып өткеніміздей, 6-9 желтоқсан аралығында қазақстандық кинематографистер Мәскеу халықаралық кино нарығы мен «Ресей кинобизнесі» форумына қатысты. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы делегациясының басшысы, Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов сапар нәтижелері туралы айтып берді. 

- Бауыржан Камалұлы, қазір, Кино нарығынан алған алғашқы әсерлер басылғаннан кейін, қысқаша айтып берсеңіз, ол жерден қандай олжамен оралдыңыз?  

- Біріншісі және ең бастысы – біз Ресей кинобизнесінің  негізгі трендтерімен таныс болдық. Таң қаларлығы, форумға тек кинотеатр желілері мен дистрибьюторлар ғана емес, стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлардың өкілдері де қатысты. Тұтынушылардың тіптен жаңа сегменті. Және басты міндеттеріміздің бірі – олардың барлығымен танысу еді. Кейбіреулерді мен бұрыннан танимын. Мысалға, Premier бейнежазбалар сервисінің бас директорының орынбасары Макар Кожухов, ал қалғандарымен осы форумда таныстым. Барлығы дерлік нарықтың жаңа ойыншылары.   

Екіншіден, біз осы сату жүйесінің перспективаларына толықтай баға бере алдық.  

Алдымен бұл жүйенің бұрын қалай жұмыс істегені туралы айта кетейін. Алдымен фильмдер кинотеатрларда көрсетіліп, содан кейін олар DVD-де сатылымға шығатын.  Кейін теледидарда көрсетілетін. Одан соң қонақ үйлерде, ұшақтарда және әрі қарай кете беретін. Сатудың ескі жолы осындай еді.   

Бүгінде, стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлар түріндегі толыққанды ойыншылар нарыққа келгеннен кейін жағдай келесідей өзгерді: бірінші нарық – әлі де кинотеатрлар, екінші – онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдар, үшінші – ақылы телеарналар, кейін эфирлік телеарналар. Бұл дегеніміз, егер контенттің қандай-да бір мағынасы болса, оны сауатты және дұрыс ұсыну арқылы нарықта төрт – алты, мүмкін одан да көп жыл сұраныста қалдыруға болады. Бұл ретте, фильмнің сатылымы да жақсы болар еді және көрерменнің назарынан қалмайды.

- Нарық мәселесін түсіндік. Ал бұл нарыққа қазақстандық киноөндірушілердің ұсынары бар ма? 

- Мәскеу кино нарығы бізге керемет бір нәрсені түсінуге көмектесті: қазір біздің қолымызда түрлі жанрдағы, қызықты, қолжетімді және орыс тіліне бейімделген фильмдердің жинағы бар. Оның ішінде  таза көрермендерге арналған кино, жақсы артхаус жанрындағы фильмдер де бар. Достарыңызбен немесе отбасыңызбен бірге барып, күліп, жақсы уақыт өткізуге болатын, яғни кинотеатрлық прокатқа бағытталған фильмдер саны бір-екеу ғана. Ал бәсекеге қабілетті картиналарымыз – бұл фестивальдік фильмдер. Бұл кең аудиторияға прокатталатын кино емес, дегенмен, онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдарының үлкен қызығушылығын тудыруы мүмкін. Бұл үйде де көруге болатын кино болуы мүмкін. Мұндай көрермендер көп, және осындай контент кең ауқымда қолжетімді болуы тиіс.

Енді алдымызда тұрған міндет: мұның барлығын дұрыс ұсыну, сатып алушылардың барлық сегменттерімен жұмыс істеу, және ең бастысы – нарықта кәсіпқойлар қатарында болу. Шарттарды дұрыс жасап, әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізуге жауапкершілікпен қарауымыз, олармен диалог құра білуіміз керек.  Мен қазір қарапайым нәрселерді айтып жатуым мүмкін. Бірақ, кез-келген бизнесте, соның ішінде кинобизнесте «ұсақ-түйек» деген нәрсе болмайды. 

Ал өткен Кино нарығы туралы айтар болсам, біздің жинақтағы бірқатар фильмдерге КинопоискHD  алаңының нақты қызығушылығы пайда болды. Қазір басқа да алаңдарға фильмдердің таныстырылымдық нұсқаларын дайындап жатырмыз. Олар бізге өз нарықтарына не қажет, қайсысын біз өзімізде қалдыруымыз керектігі жазылған тізімді береді. Кейбір картиналарды эксклюзивті, ал кейбірін эксклюзивті емес шарттарда сатып алуы, сонымен қатар басқа да алаңдарға ұсынулары мүмкін.     

Қазіргі уақытта, «Боксер», «Алға» және «Схема» атты жобаларға эксклюзивті қызығушылық бар. Нақты нәтижелер осындай. 

- Бірінші рет қатысқанымызды ескерсек, бұл жаман емес.

- Келісемін, сондықтан, бұдан әрі де  Мәскеу кино нарығына қатысуды жалғастырғанымыз жөн. Бұл жылына бірнеше рет өткізілетін аймақтағы ең ірі шара. Біз оған апаратын әр картинамызбен күрделі жұмыс жасауымыз керек, себебі, талаптар өте жоғары.    

Бұл сапарды Алматыдағы UNESCO Кластерлік Бюросы ұйымдастырды, сол үшін оларға үлкен алғысымды білдіремін. Бірақ бұл сынама сапар деп айтуға болады. Біз бардық, көрдік, біздің қызығушылығымыз оянды, келесі жолы  барлығын өзіміз іске асыруға тиіспіз. Орынды, презентацияларымызды өткізу үшін залды жалға алып, серіктестерді шақыру қажет.  Ұйымдастырушылар алаңды ұсынады, инфраструктурамен қамтамасыз етеді, БАҚ өкілдерін шақырады, ал ішкі толықтыру жұмыстары біздің жауапкершілігіміз. Бұл тұрғыда біздің қазіргі дебютіміз өте маңызды. Нарыққа кем дегенде бірнеше картинамен кіру керек, сонда ғана басқа қатысушылар: «Иә, оларда картиналар болған, кинотеатрлар ол арқылы табыс тапқан. Тағы қызықты жұмыстар болатын шығар, көрейік» - деп айта алады.

- Біз Сізбен Ресей нарығы туралы ғана әңгіме қозғай береміз, ал басқалары ше, алыс не жақын шетел нарықтары туралы не айта аласыз? 

- Егер көршілеріміз туралы айтатын болсақ, қазір өндіріс саласында жұмыс істеп жатқан және кино өндірісі үшін жеткілікті үлкен бюджет бөлуге мүмкіндігі бар өңірдегі ең ірі ел –Қазақстан. Біз сала көшбасшылары ретінде өзіміздің Орта Азия кино нарығын өткізуді ұсындық. Мысалы, бастапқыда «Еуразия»халықаралық кинофестивалі аясында жылына кемінде бір рет өткізуге болады.

Бірақ мұның өз өзгешелігі бар. Егер Қазақстан мен Ресейдің киноиндустрияға деген көзқарасы бірдей болса, онда Орта Азия елдерінің кейбірімен бұл мәселеде елеулі айырмашылықтарымыз бар. Кейбір жерлерде киноөндірушілер өз жобаларынан пайда табуды мүлдем көздемейді, өйткені, айталық, оған мемлекеттің көзқарасы басқаша. Бір жерлерде кино түсіру тек ішкі тұтынушыға бағытталған және сыртқы көрерменге мүлдем қызық емес. Егер біз бүкіл Орталық Азия нарығымен қарым-қатынас жасауды көздесек, онда тәсілдердегі, заңнамадағы айырмашылықтарды ортақ мәнге әкелмесек те, қандай да бір жолмен оларды жұмсарту керек. Әр аумақтағы ойын шарттары түсінікті ғана емес, сонымен бірге ұқсас болуы тиіс.

Әрине, сыртқы нарықтарға да шығу қажет. Контентті біз ешқашан болмаған аймақтарда көрсетіп, немен дем алып, қалай өмір сүріп жатқанымызды жария ету маңызды. Мен ондаған жылдар бойы Оңтүстік Америка аймақтарында – Мексика, Бразилия, Аргентина, Венесуэлада жұмыс істеген адамдармен кездестім. Бұл кеңестік киноға деген қызығушылығы зор фантастикалық нарықтар. Бұл біз мүлдем білмейтін нарық. Біз олар үшін таңдана көретін экзотика сияқты болуымыз мүмкін. Сонымен қатар, Латын Америкасының киноиндустриясы ашық және сырттан келетін жаңа ағымдарға дайын. Айтпақшы, оның Оңтүстік-Шығыс Азиядан ерекшелігі осында, кинорежиссерлер өздерінің ішкі нарығын агрессивті түрде қорғайды. Жақында БАӘ-де тағы бір қызықты алаң пайда болды. Бұл Dubai International Content Market – Дубайдағы ойын-сауық контентінің халықаралық көрмесі. Оның жұмысы ең алдымен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға бағытталған. Аймақ, әрине, ерекше, бірақ онымен танысып, сол жерде жобалар жинағын ұсыну керек.

Жалпы, Киноорталық мемлекеттік қолдауымыз бар екенін пайдалана отырып, барлық контентті жинап, бүкіл киноиндустриямыздың амбассадоры болуымыз керек. Қазақфильм түсіретін фильмдердің де жеке компаниялар шығаратын картиналардың да. Сала қаржыландырылып жатқанда бұл жобаны іске асырмасақ, кейін бұл жеке компанияның бастамасына айналып кетуі мүмкін. Мүдделі инвесторлар пайда болатын тетік іске қосылуы тиіс.  Ресейде бұл баяғыда жүзеге асқан.

- Нақтылап кетейік – қазір бюджеттен бөлініп жатқан ақша тек өндіріске жұмсалуда ма?   

- Әзірге дәл солай. Өндіріске елеулі ақша бөлінді, бірақ бәрі сонымен аяқталды. Студиялардың өздері кино түсіре отырып, оны ілгерілету міндеттерін қарастырмаған. Демек, қазір бірінші кезекте екі мәселені шешу керек. Біріншіден, егер біздің министрлік және басқа да уәкілетті органдар да біздің картиналарымызды ілгерілету жөніндегі іс-шараларға мақсатты қаражат бөлу бағытында жұмыс істесе жақсы болар еді. Екіншіден,  бұл идеяны өндірушілердің өздеріне жеткізуіміз керек. Олар мемлекет беретін тақырыптық жоспарды ұстанып қана қоймай, киноны көрермен үшін қызықты етуі керек. Кинотеатрлар, стриминг алаңдары сатып алғысы келетіндей болуы тиіс. Бұл мүмкін, біздің Солтүстіктегі көршілеріміз мұның дәлелі.

- Біз талқыламаған бір нәрсе – ішкі жергілікті нарық. Кинотеатрлық прокатпен бәрі түсінікті. Ал басқасының жағдайы не болып жатыр? 

- Әрине, біз еліміздің онлайн кинотеатрлары мен стриминг алаңдарына не сататынымыз жайлы ойланудамыз. Біздің жинақтарымызды сегменттерге бөлетін шығармыз: қайсысы халықаралық прокатқа жіберіледі, қайсысы ішкі нарықта тұтыну үшін қалады. Бізде де ондай алаңдар бар, олар контент жинауда. Бірақ әзірге танымал емес.

Әрине, отандық алаңдардағы үлкен проблема – қарақшылық. Бұл мәселені шешу үшін,    контентті өндіретіндермен қатар оны сататындар да жұмыс істеуі керек. Өздеріңіз білесіздер, торрент арқылы кез-келген нәрсені жазып алуға болады, тіпті бір екі сағат бұрын кинотеатрға шыққан фильмді де. Роскомнадзор қарақшылық өнімдер табылған жағдайда, кез-келген сайтты екі сағат ішінде бұғаттай алады.  Бізде бұл мәселені ешкім көтеріп жатқан жоқ. Тесіктері бітелмейінше, кеме әрі қарай жүзе алмайды. Көрермен контент үшін ақы төлеуге дағдылануы керек. Тағы бір нәрсе, барлық төлемдер қауіпсіз және ыңғайлы болуы керек. Жалпы алғанда, ыңғайлылық – бұл контентті таңдаумен қатар, онлайн платформа үшін сәттіліктің негізгі компоненттерінің бірі. Біз бәріміз, сайып келгенде, кино түсірушілер де, кинотеатрлар да, стримингтік қызметтер де көрерменді ойлауымыз керек.  туралы ойлануымыз керек. Тек осы жағдайда киноиндустрия сәтті дами алады.

Дереккөз: https://informburo.kz/kaz/elaynasy/bauyrzan-sokenov-qazaq-filmderi-kinopoiskhd-alanynyn-qyzygusylygyn-tugyzyp-otyr  

24.12.2021