ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

23-30 қыркүйек аралығында Анапада 31-ші Халықаралық «Киношок» фестивалі өтті.  Толықметражды картиналар байқауында Үздік музыка, Үздік операторлық жұмыс және Үздік сценарий номинацияларындағы марапаттар қазақстандық картиналарға бұйырды.  

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген «Ағайындылар» әлеуметтік - спорттық драмасының авторлары Дархан Төлегенов пен Ален Рахметалиевтің жұмысы Үздік сценарий номинациясында жеңіске жетті.

Композитор Дана Зұлпыхар Дәурен Қамшыбаевтың «Зере» картинасына арнап жазған саундтрегі үшін «Үздік музыка» сыйлығын алды.

Жандос Жұмабаев Шарипа Оразбаеваның «Қызыл анар» фильміндегі үздік операторлық жұмысы үшін Александр Княжинский атындағы сыйлықпен марапатталды.

Қазақстандық кинематографистердің жұмысына қазылар алқасының мүшелері ғана емес, тәуелсіз киносыншылар да жоғары баға берді.  Мысалы, «Независимая газета» шолушысы Дарья Борисова Дархан Төлегеновтің картинасынан алған әсерімен бөлісті:

«Ағайындылар» – қазіргі қазақ киносы үшін симптоматикалық фильм. «Әлеуметтік алаңдаушылықты көрсететін кино» – кеңестік киносыншылар шығарған бұл терминді соңғы жылдары әлемдік кинокөрсетілімдерге кеңінен ұсынылып жүрген  батыл, тіпті қаһарлы қазақстандық фильмдерге де қарасты қолдануға болады.    Режиссер Сергей Снежкин төрағалық еткен «Киношоктың» қазылар алқасы «Ағайындыларға» сыйлықты Үздік сценарий үшін берді, бірақ шын айтсақ, бұл картинада оқиға өрбитін фон әлқайда маңыздырақ:  қоғамның кедейлер мен байларға бөлінуінің айқын көрінісі, ауқатты отбасында өсу мүмкіндігі жоқ адамдарда «әлеуметтік лифттердің» болмауы…».

«Киношок» фестивалі 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Құрылу кезеңінде форумның басты мақсаты бұрынғы одақтас республикалардың кинематографистерінің басын қосу және олардың арасындағы мәдени байланыстарды сақтау болды.  Уақыт өте келе фестивальдің географиясы кеңейіп, оған тек посткеңестік ел өкілдері ғана емес, алыс шет елдерден де киноөндірушілер қатыса бастады. 2022 жылы төрт конкурстық бағдарламаға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Израиль, Греция және Моңғолиядан фильмдер ұсынылды.    

Айта кетейік, фестивалінің бас жүлдесі – «Золотая Лозаны», Үздік режиссер, Үздік ер адам рөлі, Үздік әйел адам рөлі номинацияларындағы жүлделерді моңғол режиссері Жамъянсүрэн Жанчивдорждың «Кукушка» картинасы жеңіп алды.

04.10.2022