Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «анимациялық фильм режиссурасы» және «суретші-аниматор» мамандықтары бойынша білім алып жатқан «Кино және телевизия» факультетінің студенттері Ресейдің жетекші анимациялық студияларының басшыларымен кездесті. «Союзмультфильм» киностудиясының директоры Борис Машковцев пен WizartAnimation компаниясының бас продюсері Юрий Москвинмен кездесу Академия қабырғасында болып өтті, соның нәтижесінде қазақстандық студенттердің ресейлік студияларда тағылымдамадан өту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Оқытуды ұйымдастыруға қолдау мен көмекті кездесудің бастамашысы – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұсынады.
Қазақстанның жас мультипликаторлары мен ресейлік анимацияның «алыптары» арасындағы кездесу «Сұрақ – жауап» форматында өтті. Академия студенттері – болашақ суретші-аниматорларды, сценарийшілер мен анимациялық кино режиссерлерін жобаны құрудың әрбір кезеңі қызықтырды. Жастар Ресейде толықметражды анимациялық фильмді түсіруге қанша уақыт кететінін, ондай киноформаттың аясында қанша адам еңбектенетінін, ресейлік аниматорлардың қандай компьютерлік бағдарламалармен жұмыс жасайтынын егжей-тегжейлі сұрады.
«Толықметражды кино өндірісі туралы айтсақ, жаңа «Гензель мен Гретель» атты жобамызды мысалға келтіруге болады, онда студияның өзінде 200-ге жуық адам еңбек етеді, мұнан бөлек фрилансерлер бар. Жалпы саны 250-300 адамды құрайды. Аутсорсинг арқылы біз көбінесе еуропалық және бразиялық аниматорлармен жұмыс жасаймыз», - деді WizartAnimation-нің бас продюсері Юрий Москвин.
«Өндіріс мерзіміне қатысты формалды түрде егер сіз бірлесе қаржыландыруды өтініп, Ресейдің кино қорына жүгінсеңіз, өтінім берген сәттен бастап, дайын киноны көрсетуге сізге 3 жыл беріледі. Негізі бұл кезеңге дейін жоспарланған 3 жылда өндірістің конвейерлік бөлігі – девелопменттен, жобаны әзірлеуден өтетіндей нақты дайындалып келу талап етіледі», - деп сөз қосты «Союзмультфильм» киностудиясының басшысы Борис Машковцев.
Студенттерді «Анимациялық жобаның бюджеті қандай болуы тиіс?» деген сұраққа ресейлік аниматорлардан алған жауаптары таң-тамаша етті. WizartAnimation мысалы 6 миллион долларлық бюджетке түсіреді. Стандартты еуропалық анимацияның бюджеті – орта есеппен 20 миллион, маңдайалды еуропалық анимацияның бюджеті – 50 миллион доллар. «Гадкий Я» жобасының бюджеті – 75 миллион доллар, ал Frozen («Холодное сердце») мультфильмі 200 миллион долларға жуық қаражатқа түсірілді.
«Және мұнда мәселе ақша тұрғысынан емес, мұның барлығын тарата алатын арналардың кеңдігінде. Сіз продюсер ретінде қызмет етіп, маған мынаны сату немесе сатып алу керек дейсіз. Яғни, режиссер үшін киноның қызықты болғаны, ал продюсер үшін өтелуі маңызды. Біздің нарық шын мәнісінде қауіпке толы және мұндағы жобалардың барлығы өз-өзін ақтайды деп қиялаудың қажеті жоқ», - деді Юрий Москвин.
Ресейліктер сонымен қатар елдеріндегі дистрибуция жөнінде, фестивальдік киноға қалай келу керектігі, қуыршақ анимациясының ахуалы, жоба өз-өзін ақтау үшін қандай болу керектігі жөнінде әңгімеледі. Мысалы, Борис Машковцев Ресейде анимациялық жобалардың дистрибуциясымен арнайы серіктестер айналысатынын, студиялар мұндай функцияларды өз бетімен өте сирек жағдайларда атқаратынын айтып берді.
«Иә, серіктес болып, өзімізге дистрибьютордың қызметін алатын жобалар болады, бірақ толықтай емес. Тек біздің өзіндік коммерциялық біліктілігіміз бар, алайда нарықта кәсіби дистрибьюторлар жұмыс жасайды және егер біз Ресейде прокаттың тиімді жүргенін қаласақ, біз бұл мақсатта дистрибьюторлардың қызметіне жүгінеміз, өз бетімізбен мұны атқармаймыз», - деді «Союзмультфильм» киностудиясының басшысы.
«Фестивальдарға қатысты бұл бөлек тақырып. Мұнда қандай міндет қоятыныңызды қарау қажет. Егер сіз коммерциялық емес кино түсірсеңіз, мысалы менің толықметражды қуыршақ фильмім шығады және бастапқы бір-екі жыл мен бұл жобаны мүлдем коммерцияландырмай, ол фестивальдарға барады. Мен оның бәрібір ешқашан өзін-өзі өтемейтінін білемін және оны түсірудегі мақсат та бұл емес еді, демек екі жыл фильм тікелей коммерциаландыру тұрғысынан босқа жұмыс жасайды. Ал коммерциялық емес кино үшін бұл өзін болашақта қалай да өтеудің бірден бір жолы, себебі егер ол фестивальдарда жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделерге ие болса, оны ақшаға сатып алады деген сөз», - деп түсіндірді Юрий Москвин.
Борис Машковцевтің анимациялық жобаларды «Союзмультфильм» киностудиясында реставрациялау тәжірибесі туралы әңгімесі студенттердің ерекше қызығушылығын оятты. Бүгінгі таңда киностудия коллекциясында Ресей аниматорларының алдыңғы буыны өндірген 1500 фильм бар. Оларды жыл бойы реставрациялауда.
«Неліктен реставрациялауға тура келді? Барлығы қарапайым коммерциялық мәселеден басталды – бізге фильмдерді HD форматқа ауыстыру қажет болды. Соңғы рет фильмдер үлдірден көшірілгенде бұл аналогтық телехабар тарату форматы болатын. Осылайша, біз оны 2К-4К форматында реставрациялай бастағанда, мульстанокта әйнектің әрбір қабатында өзіне тән шаң жатқанын анықтадық. Сонымен не істейміз? Оператор нығыздағыш әйнекті көтеріп, целлулоидтың келесі қабатын қойғанда шаң сәл-сәл сырғиды. Ары қарай сен толықметражды фильмді көріп отырып, экран бетінде шаңның көшіп жүргенін, әрбір қабатында өзінше сырғитынын көресің, сөйтіп, мұның барлығын қайтадан алып тастау керек. Өткен жылы біз мұны қолдан жасап көрдік. Студияда аутсорсинг арқылы тартылған үлкен ұжым мұның барлығын қолмен тазалауға тырысты. Дегенмен, ол фильмдерді экраннан көрсету мүмкін емес еді, фильм жарамсыз болып қалатын. Биыл біз бағдарламалық қамтымның барлық мүмкіндіктерін зерттеп, автоматты түрде түсті басудың түрлі технологияларына өттік және өзіміз күткен нәтижеге қол жеткіздік», - дейді Борис Машковцев.
Алайда ресейлік мультипликаторлармен кездесудің басты нәтижесі – қазақстандық студенттердің тәжірибеге шақыру алуы болды. Ресейлік қонақтардың айтуынша, «Союзмультфильм» мен WizartAnimation-нің есіктері қазақстандық аниматорлар үшін қашан да айқара ашық.
«ЖОО-ның тағылымдамаға қай кезде жібере алатынына байланысты «Союзмультфильмде» жылдың кез келген мезгілінде тәжірибеден өтуге болады. Ары қарай біз екі жолды байқап көре аламыз. Біріншісі – сіздер келесіздер де, студия қабырғаларында тәжірибеден өтесіздер, екіншісі – қашықтықтан тәжірибеден өту мүмкіндігі. Сіздерде белсенді студиялық өндірістегі материалмен жұмыс жасап көруге мүмкіндік туады. Сіз абстрактілі жобалармен немесе өз талғамыңызға және мүмкіндігіңізге қарай жасап шығаратын жобалармен жұмыс жасамайсыз, жұмыскер мен жұмыс беруші арасында «қайнаған» студиялық жұмыс жағдайында барлығын көре аласыз», - деп атап өтті «Союзмультфильм» студиясының басшысы.
Мәлімет үшін:
«Союзмультфильм» — мультипликациялық фильмдер өндіретін кеңестік және ресейлік мемлекеттік киностудия. 1936 жылы іргетасы қаланып, бүгінде ең ірі анимациялық фильмдер киностудиясы болып табылады. Студия жұмыс жасаған кезең ішінде онда әртүрлі жанрда және түрлі көркем техникалардың көмегімен мың жарымнан астам мультфильм жасалды, олардың көпшілігі әлемдік анимациялық классиканың «алтын қорына» кірді. 2013 жылы балаларға арналған қысқаметражды анимация өндірісі іске қосылды, сценарийін тілек білдірген кез келген адам жаза алатын «Веселая карусель» мультжинағының жаңа шығарылымдары жарық көрді. Дәл сол жылы Союзмультфильмнің академик Королёв көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшетіні белгілі болды. Жаңартылған студияда бірқатар жобалар: «Привередливая мышка» қуыршақ мультфильмі (халықаралық марапттар алған), «ПЫК-ПЫК-ПЫК» (түрлі фестивальдардың қатысушысы және көптеген марапаттар алған), «Оранжевая корова», «Новое Простоквашино» және басқалары түсірілді.
WizartAnimation — 2007 жылы Воронежде мультимедиялық өнімдер мен бағдарламалық қамтымдарды әзірлеумен және локализациялаумен айналысатын компания негізінде құрылған ресейлік мультипликациялық студия. Қазіргі таңда студияда Ресейдің, ТМД мен шетелдің түрлі қалаларынан 270-тен астам маман жұмыс жасайды. Студияның бірінші фильмі «Снежная Королева» әлемнің 30-дан астам елінде кинотеатрларда, TB мен DVD-да шықты. Ары қарай «Волки и овцы» жобалары, «Йоко» телехикаясы және т.б. жарық көрді. «Снежная королева 2: Перезаморозка» анимациялық франшизасының екінші бөлігі Ресейдегі шығуымен қатар Ұлыбритания, Польша, Израиль, Оңтүстік Корея мен Таяу Шығыс елдерінің кинотеатрлары арқылы көрерменге жол тартты.
14.02.2020