ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Биылғы жылы шет елдердегі Қазақстандық кино күндерін ұйымдастырушылардың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі іскерлік байланыстарды дамыту және қазақстандық фильмдерді халықаралық ілгерілету.

Қазақстандық кинематограф әлемдік аренада өзін-өзі танытуда. 10-15 жыл бұрын отандық картиналардың халықаралық фестивальдерде жүлде алуы сирек оқиға болатын болса, қазір біздің картиналарымыз әр кинофестивальде кемінде бір қазылар алқасының марапаты мен жұртшылықтың назарына бөленеді.  

Өткен жылдың өзінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильмдер көптеген фестивальдік жетістіктерге ие болды.  Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» туындысысы Токио халықаралық фестивалінде үздік режиссура үшін жүлделі болды, ал Фархат Шәріповтің «Схемасы» Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation секциясында Гран-при алды. Пусан халықаралық кинофестивалінде тұсаукесері өткен Айжан Қасымбектің «От» дебюттік фильмі көптеген марапаттарға ие болды. Оның Лос-Анджелес, Сочи және Сингапурда алған үшеуі басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақаловқа тиесілі, және Минскте үздік режиссура мен үздік музыка үшін тағы екі жүлде берілген. Сонымен қатар, «От» картинасы Триссурадағы (Үндістан) ХКФ-та ФИПРЕССИ сыйлығын жеңіп алып, швейцариялық Black movie кинофестивалін ашқан фильм болды.

Сарапшылар біздің қысқа метражды фильмдерімізді де жоғары бағалайды. Мысалы, «Мерген» картинасы Шэньчжэньдегі (Қытай) халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» номинациясында, сондай-ақ Түркиядағы Golden Wheat Awards кинофестивалінде «Үздік режиссер» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларында жүлде алды.  «Граната» және «Көше ақыны» картиналары үздік сценарий және үздік монтаж үшін VI Baiqonyr International Short Film Festival жүлделерін алды.   

Әрине, бұл жетістіктердің бәрі де қуантады. Дегенмен, Киноорталық  фестивальдер мен байқаулар тек авторлық киноға қатысты оқиға екенін жақсы біледі. Кинематографтың шығармашылық зертханасы ретіндегі бұл фильмдердің маңызы зор, бірақ ол үлкен киноиндустрияның бір бөлігі ғана. Ал Қазақстанда кең ауқымды прокатқа және көпшілік көрерменге арналған сапалы фильмдер түсірілуде.   

- «Сондықтан ҰКҚМО жақын және алыс шетелдердің бірқатар елдерінде Қазақстандық кино күндерін өткізу туралы бастама көтерді», - деп түсіндірді ҰКҚМО Халықаралық бөлімінің басшысы Әсел Ырыс. Биыл отандық кинематографистердің туындыларын АҚШ, Канада, Франция, Швейцария, Германия, Испания, Чехия, Корея, Үндістан, Пәкістан, Түркия, БАӘ, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан көрермендеріне көрсету жоспарлануда.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген жоспар бойынша 15 қазақстандық фильмнің көрсетілімі көзделген, оның ішінде Алдияр Байракимов пен Венера Қайыржанованың «Паралимпиадашы» дебюттік жобасы, Серікбол Өтепбергеннің «Патриоттар уақыты», Дәурен Қамшыбаевтың «Зере» драмасы, сондай-ақ Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы» мен Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» ауқымды жобалары бар. Әр картинаны оның авторлары – режиссерлер, продюсерлер немесе басты рөлдерді орындаушылар таныстырады.

Отандық фильмдерді Қазақстандық кино күндері шеңберінде ілгерілету және таныстыру еліміздің мәдени дәстүрлері туралы қолайлы қоғамдық пікірді нығайтуға бағытталған жарнамалық науқан мен пиар-акцияның бір түрі болуы мүмкін. Ұйымдастырушылар іс-шараға тек сыншылар мен кинотанушылар ғана емес, сонымен қатар көрермендер мен БАҚ өкілдері де қызығушылық танытады деген пікірде.     

Отандық кинодесанттың көмегімен қол жеткізу жоспарланып отырған тағы бір мақсат –бірлескен жобалар жасау үшін жаңа серіктестер мен инвесторларды тарту, бұл да еліміздің әлемдік киноиндустрияға сапалы интеграциялануы бағытындағы қадам болуы тиіс.

05.08.2022