ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Қазақстандық аниматорлар Ivi мен Netflix үшін «Бесік жырын» дайындауда

Тағы бір мультипликациялық фильмді қазақстандық аниматорлар шетелдік медиакомпанияларға ұсынбақшы. Dala animation студиясында екінші питчингтің шеңберінде ҰКҚМО қолдаған «Колыбельная» жобасы өндірілуде.  

Мультфильмнің режиссері әрі продюсері Дильшат Рахматуллин Ivi және Netflix платформаларын олардың жобасы, ең алдымен, ұлттық ерекшелігімен, мифологиясымен және тікелей сюжетімен қызықтыратынына сенімді, айтпақшы фильм 6+ аудиториясына, яғни, көргендерінен мағынаны шығара алатын, ол туралы ой жүгіртетін балаларға арналған.

«Колыбельная» көл жағасында тұратын жас отбасы туралы жоба. Олардың бөбегі ештеңе көмектесе алмайтын дертпен ауырады. Әкесі баласының сауығуы үшін дұға етіп, қасиетті ағашқа ақтық байлап, тіпті бақсыны үйге шақырады. Бақсы баланың өмірлік күшін тартып алып жатқан зұлым күшті анықтайды. Қара күшпен тартысып, бақсы жеңіледі, ерлі-зайыптылар өз бақытсыздықтарымен қайта жалғыз қалады. Үміті үзілуге шақ қалған ана түнде көлге шығып, киелі Ұмай анадан көмек сұрайды. Ай жарығымен бірге киіз үйде аналық пен отбасы ошағының құдайы пайда болады. Мейірімділік пен зұлымдықтың қаһарлы шайқасы басталады. Бүкіл фильм бойы ежелгі табынуларға, анасының өтініші мен көз жасына толы ескі бесік жыры айтылады.  

«Бұл сценарийді біз бес жыл бойы ойластырдық. Оқиғаның бірнеше нұсқасы, тақырыптары болды, бірақ біз «Колыбельнаяға» келіп тоқтадық. Алғашында «Қазақфильм» ұйымдастырған питчингке қатысып көрдік, бірақ жолымыз болмады.  Еңсемізді түсірмедік, бұл жағдай бізге керісінше күш берді. Басқа жерлерден қаражат іздей бастадық, ал Кино орталығы питчинг ұйымдастырғанда біз бірден үш жобаны бердік. Біреуі өтті – Сараптама кеңесіне «Колыбельная» жобасы өте ұнады. Ол уақытта барлық материал біздің қолымызда болды және қай бағытқа жылжу қажеттігін нақты білдік. Міне, бес жыл өткеннен кейін өз жобамызды жүзеге асыруға мүмкіндік пайда болды, және оған өте қуаныштымыз», - дейді Дильшат Рахматуллин.

Шығармашылық топ қазір жұмыстық бөлшектерді пысықтауда – стилистиканы іздеу, акварель, май әлде компьютерлік графика бола ма – дұрыс техниканы таңдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, фильмнің авторларының ойындағыдай, ежелгі қазақ аспаптарының бағытында жұмыс жасай алатын композитормен келіссөздер жүргізілуде.  

«Жобаға мифология, фольклор және қазақ мәдениеті сіңірілген. Біздің ерекшелігіміз осында. Айта кетсек, биыл  «Балапан» арнасы шетелдік компанияларға жетіге жуық жобаларды сатты. Оның ішінде біздің екі жобамыз бар, қазір олар Ivi порталында жарияланған. «Колыбельнаяға» келетін болсақ біз оны фестивальдерде көрсететін боламыз, кейін Netflix, Ivi және басқа да интернет-порталдарға сата бастаймыз, оның ішінде авторлық шығармашылық жобалар қарастырылуда. Шетелдік әріптестеріміздің қызығушылығын оятамыз деп ойлаймын», - деп қосты Рахматуллин.

Кино орталығының ресурстарындағы жарияланымдарды бақылап отырыңыздар, біз Сіздерді ҰКҚМО қолдауымен шығарылатын жобалардың өндірісімен таныстыратын боламыз.

26.10.2020