ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Қазақ киносының ақсақалдары отандық кино саласын дамыту стратегиясын әзірлеуде белсенді жұмыс атқаратын болады. Олардың көмегімен алдағы бес жылда түсірілетін фильмдердің негізгі бағыттары анықталады. Бұл туралы сала ардагерлерімен кездесу барысында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали мәлімдеді.

Жиында Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған Ақсақалдар кеңесі жас кадрларды даярлау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін мүмкіндіктер жасау, сондай-ақ бүгінгі заманның кино өнері төңірегіндегі сын-қатерлерге ерекше назар аудару қажет екенін алға тартты.

«Кино саласында бізді алаңдататын көптеген проблема бар. Дегенмен, сіздің жастық жалыныңыз, жігеріңіз бен біліміңіз кино өнерін қайта жандандырып, оны қарқынды дамытуға көмектеседі деп сенеміз. Жолың болсын, бақыт қонсын, құт дарысын! Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін», – деді Ақсақалдар кеңесінің құрметті төрағасы Асанәлі Әшімов.

Тараптар қаржылық қолдау алған фильмдерді өндіру, дистрибуция және прокат мәселелерін талқылады. Киноорталық басшысы Құрманбек Жұмағали жыл соңына дейін еліміздің көрнекті кинематографистерінің қатысуымен ауқымды конференция өтетінін айтты. Жиын қорытындысы бойынша ҚР «Кинематография туралы» Заңға және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады. 

 «Қазір барлығымызға бірыңғай даму стратегиясы қажет. Ашықтықты қамтамасыз ететін жалпыға түсінікті жүйе керек. Біз қолданыстағы ережелер мен нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында сала өкілдерімен белсенді кездесулер өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта сараптамалық кеңестің бірнеше тобы бекітілгені дұрыс деп есептеймін. Олар киножобаларды нақты жанрлар бойынша қарап, қорытынды шешім қабылдау үшін ұсыныстар дайындауы қажет.  Келесі питчинг жаңа ережелер мен талаптар бойынша өтуі тиіс», – деді Құрманбек Жұмағали.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте 2023 жылғы питчингке жолдама алған және мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер жобалардың тізімі белгілі болады.

01.09.2023