ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

Жыл сайын кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы «Сыншылар таңдауы» жүлдесінің  жеңімпаздарын анықтады. Барлық бас жүлделерді мемлекеттің қолдауымен түсірілген фильмдер ұтып алды.

Атап айтсақ, «Үздік фильм-драма» номинациясында Дархан Төлегеновтың "Ағайындылар" картинасы жеңіске жетті, ол бұл сыйлық тарихындағы бас жүлдені жеңген алғашқы дебюттік картина болды. Фильм 2021 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген, ал 2022 жылы "Олденбург" және "Киношок" сияқты беделді кинофестивальдерде жүлдегер атанған. Қазақстанда фильм өткен жылы "Еуразия" кинофестивалі аясында көрсетілді, ал картинаны кең прокатқа шығару биылғы жылдың күзіне жоспарланып отыр.

«Үздік жанрлық фильм» номинациясында режиссер Айдын Сахаманның "Дос - Мұқасан" туындысы жеңімпаз атанды. ҰКҚМО-ның көмегімен түсірілген фильм өткен жылы прокатта 500 миллион теңгеден астам қаражат жинап, 2022 жылдың басты хиттерінің бірі болды.

Сонымен қатар, "Ақын" фильмі үшін Дарежан Өмірбаев үздік режиссер болып танылды. Естеріңізге сала кетейік, бұл фильмнің әлемдік премьерасы 2021 жылы Жапониядағы 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің басты байқауында өтіп, онда да картина "Үздік режиссура" үшін марапатталған болатын.

Үздік сценарий үшін жүлдені Серік Апрымов "Ауыл" фильмінің арқасында ұтып алды, ал "Үздік арнайы әсерлер" номинациясында Серікбол Өтепбергеновтің "Патриоттар уақыты" блокбастері жеңіске жетті. Киноорталықтың тағы бір картинасы "Үздік ән" номинациясында сыйлық алды – ол Бекболат Шекеровтың "1941 жылдың жазы" фильміне арналған Hey Monro мен jeltoksan-ның Аtajurt атты композициясы.

Қалған номинацияларда Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картинасы ерекше көзге түсті. Сыншылар бұл фильмге "Үздік дебют", "Үздік операторлық жұмыс", "Екінші пландағы үздік әйел бейнесі" және "Үздік саундтрек" үшін 4 жүлдені табыстады. Өткен жылдың тағы бір маңызды туындысы – Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі актерлік номинациялар бойынша екі жүлдеге ие болды: Лаура Мырзахметова «2022 жылдың үздік актрисасы» атанса, Ерболат Әлқожа "Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі" номинациясында жеңіске жетті. Сыншылар Әділхан Ержановтың "Голиаф" фильмін де атап өтті, ол "Үздік ер адам бейнесі" және "Үздік қоюшы-суретші" номинацияларында сыйлықтарға ие болды.

Рәсім аясында арнайы сыйлықтар да табысталды. Фестивальдік қозғалысқа қосқан үлесі үшін "Байқоңыр" кинофестивалінің директоры Әнуар Кенжебаев, ал каскадерлікке қосқан үлесі үшін - "Номад" каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнгүжінов марапатталды. Айта кетсек, «Номад» тобының жігіттері жақында ғана атақты режиссер Ридли Скотттың "Наполеон" голливудтық блокбастеріндегі түсірілімнен оралды.

Естеріңізге сала кетсек, өз жұмысын 2015 жылдан бері жалғастырып келе жатқан Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы жыл сайын отандық кино саласындағы үздіктерді анықтап, «Сыншылар таңдауы» жүлдесін табыстайды.

 

Қазақстан Киносыншылар қауымдастығына 21 отандық белгілі кинотанушылар мен киносыншылар мүшелік етеді. Атап айтсақ, олар: қауымдастық президенті – Гүлнар Әбікеева, Олег Борецкий, Молдияр Ергебеков, Төлеген Байтөкенов, Кәрім Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Нәзира Мұкышева, Гульажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мостовой, Инна Смаилова, Ержан Жұмабеков, Ольга Малышева, Мәди Мәмбетов, Александра Поршнева, Дана Әмірбекова, Алма Айдар, Жәмилә Сатыбалдиева, Әсия Бағдаулетқызы, Камила Ғабдрашитова және Досхан Бояубаев.

29.04.2023