Қазақстан Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығына (AFCI) кірді

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының командасы 70-ші халықаралық Берлин кинофестиваліндегі жан-жақты жұмысын аяқтады. Кинофестиваль аясында бүкіл Кино орталығы атқарған үлкен жұмыс нәтижесінде әр елдерден келген әріптестермен көп күн бойы жүргізілген келіссөздердің ең басты жетістіктерінің бірі ҰКҚМО-ның Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығына (AFCI) кіруі болды.

AFCI деген не?

Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығы – әлемнің 40 еліндегі 360-тан астам комиссияны біріктірген дүниежүзілік желі. Кәсіби кино комиссияларының, олардың кеңселері мен қызметкерлерінің өкілі болып табылатын AFCI осы саладағы стандарттарды белгілейді, оқулар жүргізеді, бүкіл әлемдегі киножобаларды іске асыруға іскерлік және маркетингтік мүмкіндіктер береді.

Нақты айтсақ, бұл әлемдегі ең беделді деген кино өндірушілерге қолжетімділік алған аз ғана ұйымдардың бірі. AFCI Штаб-пәтері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан.

Суретте (оңнан солға қарай): Киноорталық Басқармасының төрайымы Гүлнар Сәрсенова, AFCI президенті Джесс Коноплиа, Киноорталық жұмысының халықаралық бағытының жетекшісі Анна Качко

AFCI жыл сайын екі ірі іс-шараны өткізеді. Олардың біріншісі – Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығының симпозиумы, былтыр бұл кездесуді өткізу құқығын Санкт-Петербург қаласы жеңіп алған. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқармасы төрайымының бас кеңесшісі Анна Качко өткен жылғы қыркүйек айында өткен AFCI кездесуіне Қазақстан атынан барып, Universal Studios-тің вице-президенті Кристен Карр Струббемен, Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығының президенті Джесс Коноплиямен және «Кино мен теледидардағы әйелдер» халықаралық қауымдастығының президенті Хелен Гранквистпен бірге панельдік пікірталасқа қатысып, спикер болған. Анна Качко Кино орталығының қызметі және 2019 жылы жаңа енгізілген рибейттер (шетелдік кинокомпаниялардың Қазақстан аумағында шығындаған қаражатының белгілі бір бөлігін қайтару) жүйесі туралы әңгімелеген.

AFCI өткізетін екінші ауқымды event – Лос-Анджелесте өткізілетін Кино комиссияларының өкілдері апталығы, оған әдетте Голливудтың ең ірі деген киностудиялары қатысады.    

Кино комиссиялары халықаралық қауымдастығының президенті Джесс Коноплия Kazakh Cinema стендінде (суреттің ортасында).

AFCI-ге мүше болып кіруімен қатар, Kazakh Cinema Еуропалық кино комиссиялары қауымдастығына (EUFCN) кіру жұмысын бастады. Бұл келісімге де Кино орталығы Берлиналеде осы ұйымның президенті Трулс Контнимен жүргізілген келіссөз нәтижесінде қол жеткізді.

AFCI-ге мүше болу Қазақстанға не береді?

AFCI-ге кіруі Қазақстанның кино индустриясының әлемдік картасында ірі киножобаларды түсіру үшін қажет нәрсенің бәрі бар ел ретінде көрсетуге мол септігін тигізеді. Мысал үшін айта кетейік: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған мемлекеттер арасында кино комиссиясын алғаш құрған ел Грузия болған. Осы ұйымның ұзақ уақыт бойы жүргізген жұмысы жемісті болып, нәтижесінде «Форсаж» атты танымал кинофраншизаның тоғызыншы бөлімі Тбилиси қаласында жүргізілді. 

Сондықтан Голливуд блокбастерлеріне түскен ең ірі жұлдыздардың туған жерімізге келгенін жуық арада көруіміз әбден мүмкін.

Ұлттық кино комиссиясының құрылуы

Бүгінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі аясында Қазақстан аумағында халықаралық киножобаларды іске асыруға дайындық жұмыстары басталып кетті. Қытай, Ресей, Франция, Индия, Жаңа Зеландия және АҚШ кинокомпанияларымен әріптестік туралы келіссөздер жүргізілуде.

Осы орайда Кино орталығы жанынан Ұлттық кино комиссиясы жұмыс істей бастағанының маңызы аса зор. Бұл тек отандық қана емес, шетелдік те киножобаларды барынша тиімді түсіруге септігін тигізіп, Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік туғызады.

Кино комиссиясының қызметі халықаралық кино өндірісін дамытуға, жалпы Қазақстанды және еліміздің жекелеген аймақтарын кино түсіру алаңы ретінде ілгерілетуге, сондай-ақ аймақтық кино комиссияларының жұмысын реттеуге бағытталған.

Аймақтық кино комиссияларын құрылатын бес негізгі облыс іріктеп алынды, олар: Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстары. Шетелдік кино комиссиялары тарапынан біздің елге қызығушылық артып жатқанын ескеріп, Алматы қаласының әкімдігі  2020 жылы алғашқы аймақтық құрылым – Алматы кино комиссиясы құрылатынын жариялады. Ол құрылым «бір терезе» қағидаты бойынша отандық және шетелдік кинокомпанияларға Алматы қаласы мен бүкіл аймақта кино түсірілімдерін жүргізуге жәрдем беретін болады.