ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Дарежан Өмірбаевтың "Ақын" фильмі 10-20 қараша аралығында Португалияда өткен Lisbon & Sintra Film Festival 2022 (LEFFEST) кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды.
LEFFEST - Португалияның екі қаласында, Лиссабон мен Синтрада жыл сайын Еуропа, Азия, Оңтүстік және Солтүстік Американың ең жақсы фильмдерін жинайтын фестиваль. Биылғы жылы кинофестивальдің қазылар алқасын атақты француз режиссері Оливье Ассаяс басқарды, ал фестиваль қонақтарының қатарында әйгілі американдық актер Джон Малкович және канадалық режиссер, көптеген беделді кинофестивальдердің қатысушысы Дэвид Кроненберг болды.
Дарежан Өмірбаев продюсер Юлия Киммен бірге 11 қарашада фильмнің премьерасында болды және кинофестивальдің іс-шараларына қатысты.
"Біздің фестиваль шеруіміз мұнымен бітпейді. Бір аптадан кейін "Ақын" Сербиядағы Белград кинофестивалінде көрсетіледі. Лиссабонға келер алдында біз Париждегі ірі француз бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бердік. Қазақстандық кино фестиваліне қатысып, Дарежан аға Қазақстан мен Франция арасындағы копродукцияның дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды. Бұған дейін біз Венада болдық, фестиваль өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті және Дарежанның фильмдерінен басқа, Виеннале оның жұмысы туралы кітап шығарды! Менің ойымша, бұл қазақстандық режиссер туралы шетелде шыққан алғашқы кітап", - дейді картинаның продюсері.
"Ақын" фильмі технологияның даму дәуірінде түсініксіз және маңызды емес болып қалудан қорқатын ақын туралы баяндайды. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің "Авторлық кеш" әңгімесіне негізделген. Туындының түсірілімі Алматы қаласы, Алматы облысында және Атырауда - Махамбет Өтемісұлы кесенесінің жанында өтті. Басты кейіпкер Дидар рөлін әйгілі әнші және музыкант Ердос Қанаев ойнады.
Естеріңізге сала кетсек, фильмнің әлемдік премьерасы 2021 жылы Жапониядағы 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің басты байқауында өтті, онда фильм "Үздік режиссура" үшін марапатталды. Содан кейін осы жылдың басында фильм Германиядағы 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде байқаудан тыс көрсетілді. Сондай-ақ, "Ақын" Бразилиядағы Оlhar de Cinema халықаралық кинофестивалінде "Үздік фильм" сыйлығын жеңіп алды.
Қазақстанда картина осы жылдың сәуір айында шектеулі прокатқа шығарылды. Сондай-ақ, 14 желтоқсаннан бастап "Ақын" Франция кинотеатрларында прокатқа шығады.
21.11.2022