ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

«Ақын» фильмі Токио кинофестивалінде жоғары дәрежелі сыйлыққа ие болды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылған режиссер Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» кинокартинасы беделді Халықаралық Токио кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды.    

Еске сала кетейік, Tokyo International Film Festival — құрамына Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) аккредиттеген әлемнің 15 жетекші кинофестивальдері кіретін А  санатындағы фестиваль. Ол 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең мықты фестивальдердің бірі болып саналады.  

34-ші Токио кинофестивалі байқауының бағдарламасына Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран, Әзірбайжан және Қазақстаннан 15 фильм енгізілген.  Фестивальде барлығы тоғыз секция болды, ал қазылар алқасын француз киносының аңызға айналған тұлғасы – актриса Изабель Юппер басқарды.  

«Фильмде өзінің шығармашылық даралығын айқын көрсете білгені үшін, қазылар алқасы бұл марапатты Өмірбаев мырзаға беруді ұйғарды. Бізді оның көзқарасының еркіндігі, шығармашылық шеберлігі, сондай-ақ  кино мен өнердің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы пысықталған ойлары таң қалдырды. Бұл поэзия туралы, өнердің бұл түрін бағаламайтын әлемде ақын болу қаншалықты қиын екендігі туралы фильм. Бір жағынан, қазір тәуелсіз кинематографистердің алдында дәл осы проблема тұр. Фильм өнер мен кино әлеміне, олардың біздің адамзат қоғамдастығына қандай үлес қосатындығына бей-жай қарамайтын адамдардың қызығушылығын тудырады», - деп айтылған фестивальдің қазылар алқасының құттықтау сөзінде.   

Дарежан Өмірбаевтың өзі мерекелік салтанатқа қатыса алмады, ол фестиваль ұйымдастырушыларына қашықтықтан алғыс айтып, бұл бүкіл түсірілім тобының жеңісі екенін атап өтті.

«Қазылар алқасында, көрермендер арасында біздің фильмді түсінетін адамдардың болғанына, және осындай жоғары дәрежелі марапатпен баға бергендеріне  қуаныштымын. Ақтық бағаны өнер туындысына тек уақыт береді, бірақ оның уақыты өткенше, осындай форумдарда жаңа фильмдерімізді көрсете беруіміз керек», - деп атап өтті режиссер.

«Ақын» фильмі технология дамыған ғасырда түсініксіз және өзекті болмай қалудан қорқатын ақынның тағдыры туралы баяндайды. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесінің негізінде жазылған.

2019 жылы бұл жоба Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанды. Картинаның түсірілімі Алматы қаласында, Алматы облысында және Атырау қаласында – Махамбет Өтемісұлы кесенесінің жанында өтті. Басты кейіпкер – Дидарды танымал әнші және музыкант Ердос Қанаев сомдады.   

Киноорталық ұжымы Дәрежан Өмірбаевты және «Ақын» фильмінің түсірілім тобын  құттықтай отырып, кинематографистерге шығармашылық табыс тілейді!

08.11.2021