kz
ru
en

2022 жылғы мемлекеттік қаржылық қолдаудан үмітті киножобалардың ашық қорғауы аяқталды. Қорғауға барлығы 204 өтінім қатысты, оның ішінде  118 – толықметражды және 86 – қысқаметражды фильм. Жобалар келесідей санаттарға бөліп қарастырылды:  әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдері – 60; кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған филмьдер – 5; бірлесіп шығарылатын фильмдер – 7; дебюттік фильмдер – 76; әлеуметтік маңызы бар анимациялық фильмдер – 14; әлеуметтік маңызы бар деректі фильмдер, оның ішінде оқиғалы фильмдер – 42.

Бес күн бойы Сараптама кеңесінің мүшелері түсірілім топтарының таныстыруларын тыңдап, презентациялар мен материалдарды қарап, режиссерлер мен продюсерлерге өз сұрақтарын қойды. 2019 жылы Сараптама кеңесі құрылғаннан бері оның тұрақты мүшесі болып жүрген кинотанушы Олег Борецкийдің айтуынша, биылғы конкурс бұрын өткізілген конкурстардан ерекшеленеді. Биыл Сараптама кеңесінің құрамы да, және олардың қарауына ұсынылған киножобалар да 80%-ке жаңарған (тіпті, «жасарған» десек те болады).

- Бірақ, әрине, сабақтастық та бар, – дейді Борецкий. – Біз өткен жылдардағыдай, жастарға бірінші кезекте басым назар аударамыз.  Кино шығынды көп талап ететін нәрсе екенін түсіну керек, егер керемет тәжірибең болмаса, бұл салаға енді қадам басқан жас кинематографиске өз ойын іске асыру үшін қаражат табу өте қиын. Бұл жағдайға жастарға мемлекет көмектеспесе, кім көмектеседі? Меніңше, Сараптама кеңесінің басты міндеті – уақыт өте келе жақсы режиссер, продюсер және т. б. білікті мамандарға айналатын талантты жастарды жіберіп алмауға тырысу.   

Осы байқаудың тағы бір артықшылығын атап өткім келеді. Бөлінген бюджеттің үштен бірін немесе тіпті жартысын жеп қоятын, монументалды әрі даңғаза жобалар аз болды. Бір үлкен киножобаны түсіргенше, сол ақшаға ондаған фильмдерді шығаруға болатынын бәріміз жақсы түсінеміз.  Маған екінші нұсқа жақынырақ.   

ҚазҰӨА ректоры және Сараптама кеңесінің мүшесі Азамат Сатыбалды өз әріптесінің пікірімен келіседі:   

- Көптеген жақсы және қызықты жобалар бар, әсіресе жастар арасында. Біз өскелең ұрпақты – дебютант-кинематографистерді қолдауға тиіспіз деп ойлаймын. Егер бүгін біз оларға өздерін көрсетуге мүмкіндік берсек, ертең соның жемісін көреміз, олар үшін қуанамыз және бір кездері олардың қолына жолдама ұстатқанымызды, бізге арқа сүйей алғандығын еске алып отыратын боламыз.   

Кеңес мүшелері конкурстың ашықтығын да атап өтті – жобаларды қорғау дәстүрлі түрде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының YouTube арнасында және Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.  Байқаудың әр күні қорғаудан кейінгі талқылаулармен аяқталды, ол әрине кадрдан тыс жүрді.   

- Бізде қызу пікірталастар орын алды, - деп күлді Азамат Сатыбалды. – Оны түсіндіру оңай: барлығымыз да отандық кинематографтың тағдырына алаңдаймыз, лайықты жобалар да көп екенін білеміз, дегенмен, Киноорталықтың мүмкіндіктері, өкінішке қарай, бөлінген бюджет шеңберімен шектелген. Сондықтан, ең үздіктерін таңдауға тырыстық.   

- Бәріміз басты міндетті іске асыру үшін еңбектеніп жүрміз, - деп қосты Олег Борецкий. – Қазақстанды қалың көрерменге де, әлемдік кинофестивальдерде де лайықты таныстыруға мүмкіндік беретін жоғары деңгей мен сапаға қол жеткізу.   

Конкурс аяқталғаннан кейін не болатынын және Сараптама кеңесінің мүшелері ұсынған киножобаларға қатысты одан әрі қандай рәсім  жүргізілетінін ҰКҚМО Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Бауыржан Шөкенов айтып берді:    

- Ашық қорғаудан соң Сараптама кеңесі өте қызу талқылаудан кейін өз қорытындысын шығарды.   Онда мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін ұсынылған киножобалар тізіп жазылған. Қазіргі таңда біз құжаттарды Ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізу үшін дайындап жатырмыз. Комиссия мүшелері қарастырғаннан кейін ұлттық фильмдерді шығарудың тақырыптық жоспарына енгізілген киножобалар айқындалатын уәкілетті органның бұйрығын күтетін боламыз. 

Ашық қорғаудың барлық бейнежазбаларын ҰКҚМО Youtube арнасынан көруге болатынын естеріңізге саламыз. 

 

13.06.2022