ҚаріпAAA Аралық|||_||___| ТүсAAA Қалпына келтіру
kz
ru
en

20 қаңтарда Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Жиынға ҚР Президент әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Үкімет пен зиялы қауым өкілдері, сала мамандары қатысты.

Бірінші болып сөз сөйлеген мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2022 жылғы жұмыс қорытындысы туралы айтып, 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Министр биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылатынын айтты. Бүгінде ұлттық мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы 2 есеге жуық өсті. Қазір елімізде осындай 5 ұйым бар, алайда мәдениет және спорт министрлігі осындай нысандардың тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Биыл мәдениет саласының тартымдылығын арттыру үшін барлық жерде жұмыс жүргізілетін болады. Нақты айтқанда мәдениет саласы қызметкерлерінің – ЖОО концертмейстерлерінің, үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, би ансамбльдері артистерінің және т. б. еңбекақысын арттыру туралы болып отыр.

«Мәдениет қызметкерлері шетелдік әріптестерімен танысып, тәжірибе алмасып, жаңа білім алуына арналған халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл басқосуға аға буын өкілдерінің бас болып атсалысуы өте маңызды. Олардың тәжірибесі мен білімі жастарға үлгі болатыны сөзсіз», - деп атап өтті А. Оралов.

Сонымен қатар мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов министрлік Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын қабылдайтынын атап өтті.

«Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалды және мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылды», - деді министр.

Мәдениет және спорт министрлігіне премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов бірқатар тапсырма берді және отандық кинематографты дамытудағы маңызды мәселелерге тоқталып кетті.  

«Мәдениет саласын дамыту мәселесінде киноиндустрияның әлеуетін атап өту маңызды, өйткені кино мемлекеттік мәдени саясатты іске асырудың пәрменді құралы болып саналады. Фильмдердің басты көрермендері - жастар. Оларға патриотизмді, еңбекқорлықты, отбасылық құндылықтарды, салауатты өмір салтын, білім алуды насихаттайтын туындылар қажет. Мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін фильмдердің осы талаптарға сәйкестігін ерекше бақылауда ұстау қажет», - деп атап өтті А. Көлгінов.

Оның айтуынша, көрерменнің талғамын ескеріп, осы фильмдерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру тетігін ойластыру қажет.

"Фильмдерді бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу маңызды. Бұл кино саласын дамыту үшін қажет. Бұл отандық кино нарығының дамуына оң әсерін тигізеді",-деп түсіндірді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

А. Көлгінов фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждау туралы да айтты.

"Үздік шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аудару қажет. Бұл мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге оң әсер етеді. Киноиндустрия саласын дамыту үшін тиісті қауымдастықтармен жұмысты жандандыру қажет. Мемлекет басшысы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясын жаңғыртуды тапсырды. Осы бағытта нақты жоспар жасалып, тағы да пысықтап, мұқият іске асыруды сұраймын", - деп толықтырды Алтай Көлгінов.

Айта кету керек, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген "Дос–Мұқасан" фильмінің режиссері Айдын Сахаман да отырыста отандық кинематографтың проблемалары туралы сөз сөйлеп кетті.

23.01.2023