ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ

Алматыда Досхан Жолжақсыновтың 70 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

08.10.2021

Достық үйінде өткен шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Есетжан Қосыбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров және мәдениет пен өнердің белгілі өкілдері қатысты.

Кездесу басында Қырымбек Көшербаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхаттарын оқыды. 

- Қоғам Сізді тамаша актер, керемет кинорежиссер, көпқырлы Мәдениет қайраткері, жетекші театр ұжымының беделді басшысы және көптеген оқушыларды тәрбиелеген тамаша педагог ретінде құрметтейді. Соңғы жылдары шығарған керемет фильмдеріңіз талғампаз көрерменнің лайықты құрметіне ие болды. Халқымызды жаңа туындыларыңызбен одан әрі де қуантатын боласыз деп сенемін, – делінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.   

- Сіз шығармашылық жолында көп жыл еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жеттіңіз. Экранда да, сахнада да басты кейіпкерлерді көрермендерді таңдандыратындай асқан шеберлікпен сомдадыңыз. Бойыңызға туа біткен талантты отандық және шетелдік режиссерлер, сыншылар жоғары бағалады. Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани құндылықтарын дамыту мен нығайтуға белсенді қатысуды жалғастыра беріңіз. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, – делінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатында.   

Мерейтойға орай Қазақстан Президентінің Жарлығымен Досхан Жолжақсынов еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы – «Отан» орденімен марапатталды. Мемлекеттік хатшы отандық кино және театр майталманына жоғары марапатты салтанатты түрде табыс етті.

- Құрметті Досхан Қалиұлы, бәлкім, елімізде сіздің көпқырлы шығармашылығыңыз туралы білмейтін адам жоқ шығар. Көп жылдар бойы Сіз қазақ руханиятына қызмет етіп, ел жадында және санасында мәңгі сақталатын бейнелерді сомдадыңыз. Сондықтан, Сіздің актерлік шеберлігіңізге, ән орындау өнеріңізге таңданатын көрермен көп. Кинорежиссер ретінде «Біржан сал», «Құнанбай» сияқты туындыларды түсіре отырып, ұлттық кинематографияның дамуына елеулі үлес қостыңыз», - деп атап өтті өз сөзінде Қырымбек Көшербаев. 

- Керемет талантыңыздың арқасында екі өзен - кино мен театрды бір арнаға біріктіріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізудесіз. Сіздің фильмдеріңіз бен қойылымдарыңызды жақсы көреміз және әрдайым есте сақтаймыз. Бұл залда  жанкүйерлеріңіз бен пікірлестеріңіздің аз ғана бөлігі отыр. Өмірлік тәжірибеңіз бен   даналығыңыз арқылы дарынды жастарды тәрбиелеп, шығармашылығыңызбен еліміздің даңқын асқақтатып жүрсіз», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Мерейтой иесінің әріптестері мен достары да көптеген жылы тілектерін білдірді. 

- Құрметті Досхан Қалиұлы, Сіз рухани дәстүрлерге, біздің ұлттық құндылықтарымызға адал бола отырып, қоғамның құрметіне ие бола білдіңіз. Әсіресе, бүгінде Сіздің әдеттегідей белсенді жұмыс істеп, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптама кеңесін басқарып отырғаныңыз қуантады. Сізге  ұзақ жылдар бойы өз әріптестеріңіз бен оқушыларыңыз үшін, барлық өнер сүйер қауым үшін үлгі болып қалуыңызды тілеймін, - деп атап өтті «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаев.

- Бұл бәріміз үшін – өнермен өмір сүретін адамдар үшін қуанышты күн. Кеше ғана Досханмен бірге театрдың табалдырығын аттаған сияқты едік, ал бүгін 50 жылға жуық уақыт өтіпті. Біз бірге көптеген рөлдерді сомдадық, театрды аяққа тұрғыздық, содан кейін Сіз кинода жұмыс істедіңіз. Алда Сізді әлі де көп жетістіктер күтіп тұр, - деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Лидия Каденова.

- Досханмен танысқанымызға 45 жыл. Содан бері өмір бойы бірге келеміз. Қуанышты да, қайғыны да бірге өткердік. Бүгінгі мереке – ортақ мерекеміз.  Ең бастысы, тоқтама, әлі де жаңа жетістіктерге жететініне сенімдімін, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов.

Досхан Жолжақсынов Елбасына, Президентке, мәдениет және спорт министріне және барлық достары мен әріптестеріне  алғысын  білдірді. Өз сөзінде Досхан Қалиұлы былай деді:  «Бір ұлы ғалым, ойшыл айтқандай: ірі халықтардың әрқайсысы әлемдік өркениетте ерекше орын алады. Мысалы, ежелгі гректер - философия, римдіктер - құқық, британдықтар - экономика, еврейлер мен арабтар - дін саласында, ал көшпенділер -адамгершілік пен тәрбиеде мықты. Бұл бекер айтылмаған дүние, ата-бабаларымыздан келе жатқан үлкен дәстүр. Біздің мақсатымыз – дәстүрімізді ұмытпай, өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу».