Ақан Сатаев «Боксер» фильмін түсіре бастады

Қазақстанның әйгілі Ақан Сатаев Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Боксер» кинофильмін түсіруге кірісті. Фильмдегі оқиғалар желісі Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің өмірбаянына негізделген.

Режиссердің ассистенттері атақты қазақстандық спортшының өмір тарихын экранға шығару жұмысының басталып кеткеніне үш күн болғанын атап өтті.

Киноны түсіруші команда осы картинаға –

"Ақыр соңына дейін күрес! Ауру уақытша, ал салтанат мәңгілік" деген ұранды таңдап алды.

Енді бізді толғандыратын сұрақ – бұл кино бас кейіпкердің бейнесін, ерекше сипатын, оның жан-дүниесінің тебіреністерін шынайы көрсете біле ме, Серік Сапиев өз өмірбаяны жайлы алғашқы кино туындысын қалай бағалайды екен? Әрине, «Боксер» киносының түсірілімін жіті бақылап отыратын боламыз. Киноорталықтың баспасөз қызметі түсірілім алаңынан бірқатар материалдар және бас кейіпкерлерді сомдаушылармен сұхбаттарды жуық арада жарияламақ. Сайттағы жаңалықтарды қадағалаңыздар.

Атап өтейік, былтырғы жылдың басында Ақан Сатаев басты рөлді сомдауға кастинг жариялаған болатын. Боксшы Сапиевті ойнайтын адамды ұзақ уақыт іздеп, тапқан, бүгінде кино түсіруші команда чемпионның рөлін сомдаушының есімін атауға дайын.

Ол – Смадиар Сабыров. Фильмнің сюжеті спортшының өміріндегі басты жекпе-жегіне дайындалу сәтінен басталады. Қобалжуын басуға тырысып, Серік Сапиев жаттығу жасай жүріп, өзінің боксқа қалай келгенін есіне түсіре бастайды. Ол туған жері Абай кентінде әкесінің өзін бокс секциясына ертіп апарғанын, өмірдегі алғашқы жарыстарын есіне алады. Боксшы бала табысқа тез-ақ жетіп, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, әлемге танылды. Оған тек бір ғана марапатты – Олимпиада алтынын ғана алу қалған. 2008 жылы ол өзінің осы арман-мақсатын іске асыру үшін Бежін (Пекин) қаласына жол тартады. Алайда өзін тым жоғары санағаны, төңіректегілердің психологиялық қысымы және өзінің ерекше қобалжуы Сапиевті жеңіліске апарып соқтырады. Содан кейін ол тек жақындарының сенімі мен қолдауының арқасында ғана өз арманынан бас тартпай, рингке қайта оралған. Содан соң 4 жыл бойы табанды еңбек етіп, ол өзін және тағдырын қайта сынамаққа бел буады.

Кинофильмнің продюсері – Светлана Нам, ал сценарийін Тимур Жақсылықов пен Ақан Сатаевтың Тұмар ханым жайлы фильмінде басты рөлді ойнаған Альмира Тұрсын жазған.