5 наурыз күні екінші питчингтің соңғы күні болды

Сарапшылар кеңесі толықметрлі картиналарды «десертке қалдырған» болатын. Онысы бекер болмапты. Болашақ дебютанттар жоғары деңгейде дайындалғанын көрсетіп және жобаларға отандық кинематографқа тән көзқарастан тыс тың көзқарас танытты (кейбіреулерінің жұмыстары тіпті аға буынның туындыларынан көш ілгері болды).

Бір қызығы, бұл секцияның атауына қарамастан, байқауға қатысушылардың көбін қызметін жаңа бастаған режиссерлер деп айтуға аузың бармайды. Атап айтсақ, «Язык» («Тіл») жобасының авторы Жанат Алшанова бұрын төрт қысқа метрлі койылымды түсіріп, өз еңбектерін Канндағы Cinefondation және АҚШ-тағы «Сандэнс» сияқты  беделді кино алаңдарында көрсеткен.

 Жобаларды қорғау кезінде кинематографистерді толғандыратын белгілі бір үрдістерді не тақырыптарды ажыратып айқындау айтарлықтай күрделі болды. Байқаудың жанрлық және стильдік әралуандылығы сарапшылар кеңесін ғана емес, оған қатысқан көрермендерді де, питчингтің барысын онлайн-режимде бақылап отырғандарды да таңқалдырды.

Виктор Вильковискийдің Арал трагедиясы туралы деректі фильмінен кейін экранға «Молочная девочка» («Сүттен жасалған қыз») атты «ғажайып» романтикалық комедия шықты (сарапшылар кеңесінің мүшесі Олег Борецкий, әсіресе, «ғажайып» сөзінің өзінен керемет әсер алды). Содан кейін дебютанттардың ішіндегі ең ересегі Дастан Кадыржановтың балаларға арналған «Старый двор» («Ескі аула) атты ностальгиялық альманахының кезегі келді.

Бұрын да өздерін дарынды қоюшы-режиссерлер ретінде көрсеткен Аян Найзабеков пен Дархан Төлегенов арт-мейнстрим бағытында жұмыс істейтінін танытты. Біріншісі сарапшылардың назарына Пак Чхан-Ук пен Кристофер Ноланның киноларынан алған әсерімен «Толғау» психологиялық триллерін, ал екіншісі Андрей Звягинцевтің «Елена», Ли Чхан-Донның «Пылающий» («Оттай лаулаған») картиналарынан және Себастьян Шиппердің бір кадрмен түсірілген «Виктория» триллері сияқты бірегей туындалардан рух алдым дей келе, «Братья» («Ағайындылар») драмасын ұсынды.

Жалпы алғанда, бұл жолғы питчинг қазақстандық кинематографқа осыған дейін тән болмаған референстердің аталуымен шын таңдандырды. Мысалы, «Өмірде олай болмайды» дебюттік жобасының авторы Мұрат Есжан өзінің келешек фильмін нуар жанрында түсіргісі келетінін, Билли Уайлдердің «Двойная страховка» («Қосарлы сақтандыру») классикалық түсірілімін, сондай-ақ ағайынды Коэндердің «Человек, которого не было» («Өмірде болмаған адам») және «Серьезный человек» («Байыпты адам») туындыларын көрген соң осы киноны түсіруге аңсары ауғанын атап айтты.

Әрине, сарапшылар кеңесі питчингте назарына ұсынылған жобалардың барлығы туралы өз қорытындыларын шығарып, шешімдерін айта жатар, дегенмен, ең болмаса дебютанттардың жартысы мемлекет тарапынан қаржыландыру алса, жуырдағы екі жыл ішінде біздің көрермендердің де, әлемдің кино қауымдастығының да қазақстандық киноға деген көзқарасы түбегейлі өзгеретіні анық.