Құрметті кинематографистер, әріптестер!

Бөлісу:

visibility 175

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы атынан 28 тамыз күні ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өткенін жеткізгім келеді. Отырыста Сараптама кеңесінің оң бағасын алған 60 киножобаның презентациясын жасадық.

Маусымның 3-5 аралығында өткен Сараптама кеңесінің отырысында 99 жоба қаралып, оның 60-ы оң баға алған болатын. 

Естеріңізге тағы да сала кетейін, Қазақстан Республикасы «Кинематография туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қаржылық қолдау екі кезеңнен тұратын іріктеу байқауынан өткен фильмдерге беріледі.

Бірінші кезең Сараптама кеңесі алдындағы жоба қорғауы – питчинг форматында өтеді. Питчинг қорытындысы бойынша оң баға алған жобалар екінші кезеңге өтеді. 

Құрметті әріптестер!

Барлығыңыз менің Орталық басшылығына іріктеу байқауының бірінші кезеңі өтіп кеткен соң тағайындалғанымды білесіздер.  Сонымен қатар, басшылыққа келгеннен соң Орталықтың шығармашылық ұжымын жаңарттым, өйткені, киноөндіріске берілетін мемлекеттің қаржысын үлестіру жүктелгендіктен мұнда кәсіби мамандар жұмыс істеуі тиіс деп есептеймін. 

       Осы орайда, байқаудың екінші кезеңі, яғни, Сараптама кеңесі мақұлдаған жобаларды Ведомствоаралық комиссияның қарауына жаңа құраммен тыңғылықты дайындалып, ұсындық. Осы аралықта, киножобалардың презентациясы және Ведомствоаралық комиссия алдына барлық 60 жоба туралы толыққанды ақпарат жинаумен айналыстық.    

Сондықтан,  28 тамыз күні өткен іріктеу кезеңінде біз әрбір жобаны жоғары деңгейде ұсындық.

Комиссия отырысы барысында комиссия мүшелері тарапынан киножобаның тиісті құжаттар пакеті (смета, толыққанды сценарий, синопсис және басқа) туралы, ұлттық фильм критерийлеріне сәйкес келуі,  жобаның сметалық құны, ұсыным беруші тарапынан со-қаржыландыру мәселесі, тематикалық бағыты, маңызы, режиссері, локациялары және басқа турасында көптеп сұрақтар қойылды.

Атап өткен аспектілер Ведомствоаралық комиссия мүшелерінің оң немесе теріс шешім қабылдауына негіз болады деп есептеймін.

Құрметті әріптестер!

Бүгінгі таңда іріктеу байқауының екі кезеңі де өтті. Бір-екі күнде Сараптама кеңесі мақұлдаған және Ведомствоаралық комиссия ұсынған киножобалар бекітіліп, 2019 жылғы ұлттық фильмдерді өндіру Тақырыптық жоспарына енетін болады.

Құрметпен, Гүлнар Сәрсенова.