Гүлнәр СӘРСЕНОВА: БІЗ КИНОТЕАТРЛАРЫМЫЗДЫҢ САНЫН ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫРА АЛАР ЕДІК,БҰЛ ҚИЫН БОЛСА ДА ҚОЛДАН КЕЛЕТІН ШАРУА

Бөлісу:

visibility 796

Биылғы жылдың қаңтарында қабылданған "Кинематография туралы" заңды іске асыру үшін Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Орталықтың алты айдың ішінде атқарған қызметі туралы және отандық киноиндустрияның деңгейін арттыру үшін қандай шаралар қолдану керектігі жайында "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне берген сұхбатында "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ Басқарма төрағасының м.а. Гүлнәр СӘРСЕНОВА әңгімелеп берді.

- Гүлнәр Болатқызы, Ұлттық киноны қолдау орталығы қызметінің стратегиялық саясаты неде?

- Орталық жұмысының басым бағыты-ұлттық мүдделерге сәйкес келетін киножобаларды қаржыландыру және мониторинг жүргізу. Біздің негізгі міндеттеріміз-отандық кинематографияны қолдау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кино саласына инвестиция тарту, ұлттық фильмдердің кинопрокаты және т.б.

Біз үшін сондай-ақ ақша табуға қабілетті ұлттық киноиндустрияны құру да маңызды. Сонымен қатар біз пайда табамыз деп біз жоғары өнер туралы, талғамды қалыптастыру мен гуманитарлық құндылықтарды сақтау жайында ұмытпауымыз керек.

Кино саласының табысты дамуы тек қаржыландыруды ғана емес, сонымен қатар өндіріске бақылау, киножобаларды ілгерілетуге көмек көрсету, Қазақстанда заманауи кинонарық қалыптастыру, фильмдерді шетелге таныстыру және оқыту секілді жәйттерді қамтиды. "Кадрлар бәрін шешеді" деген ұран өзектілігін жойған жоқ.

Бізге тарификациялық жүйеге оралу қажет болып отыр. Заманауи кино деген жоғары технологиялар деген сөз, демек біздің мамандар нағыз кәсіпқой болу керек. Сөз жоқ, кездейсоқ адам кино түсіре алмайды. Оның кәсіби білім алуы шарт, сонда ғана біз онымен жұмыс істейтін боламыз.

Сонымен қатар біз кинопрокатты бақылаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін (бірыңғай кинобилет) құруымыз керек, ол мемлекеттің және біздің мемлекеттік орталықтың бүкіл киносаясатын дұрыс қалыптастыруға көмектеспек.

 

- Бірыңғай билет жүйесін іске қосу мерзімі бар ма?

- Мәдениет және спорт министрлігі бізге нақты міндеттер мен мерзімдер қойды, біз келесі жылдан бастап осы жүйені елдің кинотеатрларына енгізуге тиіспіз. Отандық IT-компаниялар бүгінгі күнде алғашқы әзірлемелерді дайындап жатыр. Мүмкін, біз бұл жүйе жақсы жолға қойылған Ресей тәжірибесіне жүгінеміз. Әсіресе бізді бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйенің (БААЖ) талдамалық бөлігі қызықтырады. Бірыңғай кинобилет жүйесінің арқасында мемлекетке, кинопрокатшыларға, дистрибьюторларға және фильм шығарушыларға онлайн-мониторинг режимінде ұлттық көрермен кинематографының жағдайы туралы толық және шынайы картина қолжетімді болады. Бұл кинопрокаттың ашық өркениетті нарығының жаңа, перспективалық стандарты болмақ.

 

- Қазақстанда 320 кинотеатр жұмыс істейді. Ресейде 2024 жылдың соңына қарай 4 200 кинотеатрға қол жеткізу міндеті қойылған. Қазақстанда жақын болашақта қанша кинотеатр болуы керек?

- Бүгінде кинотеатры жоқ шағын қалалар мен аудан орталықтары зардап шегуде. Әрбір аудан орталығында кинотеатр немесе кем дегенде кинозал болуы тиіс. Менің ойымша, біз кинотеатрлардың санын екі есеге арттыра аламыз. Бұл қиын, бірақ қолдан келетін шаруа. Кеңес Одағында 5 мыңға жуық кинотеатр, 150 мың жылжымалы киноқондырғы болды. ТМД кеңістігінде біз осы көрсеткішке жетуіміз керек. Біздегі менталдық бір, демек бізге бірыңғай кинокеңістік қажет.

 

- Кинопрокат мәселесі туралы бұрыннан айтылып келеді. Кинотеатрларда жоғары сапалы киноға қосымша іспетті фильмдер көрсетіледі және прокатқа беру сеткасында басқасына, оның ішінде қазақстандық картинаға орын жоқ.

- Бұл кинотеатрлардың әдіс-айласы. Кинопрокат- жоғары табыс табуға мүдделі бизнес. Ал мұндай табыс кинозал толық болған кезде ғана болуы мүмкін. Бірақ лайықты киномәдениет жоқ кезде прокат фэнтези фильмдерге, блокбастерлер мен "фастфуд фильмдерге" толы болмақ. Ақылды көрерменді қалай тәрбиелеу керек, оны жақсы, дұрыс кино көруге қалай үйретуге болады, бұл бүкіл әлемнің проблемасы. Жақсы кітап оқу немесе талғаммен киіну, азық-түлікті дұрыс таңдай алу секілді проблема.

 

- Ұлттық киноны қолдау орталығы көрсетілетін фильмдердің сапасын реттеуді жоспарлап отыр ма?

- Әрине. Орталық жанынан сараптамалық кеңес құрылған, ол еліміздің кино саласының жетекші қайраткерлерінен құралған. Дәл осы кәсіпқойлар өтінімдерді іріктейді, сценарийлердің көркемдік деңгейін бағалайды. Бұл өкінішке орай кезінде жоғалып кеткен көркемдік кеңес. Бірақ цензура болуы керек. Мұны біз емес, АҚШ пен Қытай бірінші болып мойындады. Бүгін Ресей киносында цензура туралы үлкен пікірталас жүріп жатыр. Бізге де ол қажет. Біз басқа елдерге, қоршаған ортаға, тіпті адамгершілік этикаға қатысты дұрыс қатынас аясын орнатуға тиіспіз.

Көптеген қазақстандық продюсерлер прокаттан алған көп табыстарын елімізден сыртқа әкететін әсіресе шетелдік кинокомпанияларға прокат куәлігін ақшаға беру қажет деп айтады. Бұл дәлдеп келгенде америкалық киноиндустрияға тән. Біздің арманымыз - жергілікті кино мен ұлттық киноиндустрияны танитын, қандай фильмдердің көрсетілетін білетін, сырттан келетінді реттей алатын мемлекеттік орталық арқылы прокат куәлігін беретіндей дәрежеге қол жеткізу. Мұны қазір көптеген елдер енгізуде. Бұл бағытта Қытай өте қатаң жұмыс істеп жатыр. Немесе, айталық, мемлекеттік департаменті жақсы жұмыс істейтін және бүкіл цифрлық өнімді бақылауға алған АҚШ кинонарығына енуге тырысып көріңізші.Еліміздің тәуелсіздігі мен өзіндік ерекшелігін сақтағымыз келсе, біз де солай істеуіміз керек.

 

- Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысында Сіз Ресей киносы қорының тәжірибесін, оның ішінде теріс тәжірибесін ескересіз бе? Мемлекеттік ақшаға түсірілген және қоғамда елеулі резонанс туғызған "Матильда" фильмінің мәселелерін еске түсірсек.

- Тәуекелділік міндетті түрде болады. Өкінішке орай, бізде барлық тарих, әсіресе жаңа тарих аса субъективті. Бір елдің оқулықтарында бір нәрсе, басқаларында – басқа нәрсе жазылған. Түркияда "Астана - менің махаббатым" телехикаясын түсіргенде мен қатты таңқалдырған нәрсе болды.9 -мамырда түріктердің әлемді фашизмнен аман алып қалған Америкаға алғыс айтқанын естідік. Бірақ біз нақты тарихты жақсы білеміз. Немесе аштық тақырыбын алып қарайық. Ол туралы да айтпай қоюға болмайды, бірақ оған кінәлі адамдар еместігін, саяси құрылыс екендігін дұрыс жеткізу керек. Сондықтан, кинотуындының қандай да бір ұлтшылдыққа ойысып бара жатқандығын бақылаушы органның болуы маңызды. Салауатты патриотизм мен өз елінің тағдырына немқұрайды қарамау ұстанымын рухтандыру керек, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының пәрменді нүктелерін қалыптастыру шарт.

 

- Биылғы фильмдерді іріктеу кезінде сіз үшін не қиын болды?

(2019 жылдың тамыз айында Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында киножобаларды бірінші конкурстық іріктеуінің қорытындысы шығарылды)

- Шынымды айтсам, қиын болды. Ведомствоаралық комиссия-бұл мемлекеттік мүдделерді қорғайтын тәуелсіз құрылым. Оған министрліктердің өкілдері, депутаттар, кәсіподақ қайраткерлері кіреді. Мен онда ұсынылған 60 жоба туралы баяндаған кезде Комиссия мүшелерінің әрқайсысы оларды мемлекеттік тұрғыдан бағалады. Маған олардың айтқандары пайдалы әрі қызықты болды. Дегенмен, кейбірімен дауысым қарлыққанша дауласуға тура келді.

 

- Қаржыландыру ала алмаған, бірақ сізге ұнаған жобалар болды ма?

- Болды. Өкінішке орай, комиссия тұтас алғанда бірлескен өндіріске оң қарамады. Ко-өнім деген басқа кинонарыққа, кәсіпте басқа деңгейге шығу деген түсінік болмады. Бірақ мен продюсер ретінде бұл қажет деп есептеймін. Нәтижесінде "Моңғол", "Тюльпан" және "Айка"құрылды. Бизнесмен ретінде мен олардың өндірістік бюджетінің қомақты болуы себепті фильмге жұмсалған ақшаның қайтарылмайтындығын алдын -ала білгем. Есесіне бүкіл әлем Қазақстан туралы білді.

Бүгінгі күнде Қазақстан шетелдік фильмдерді түсіру үшін қолжетімді. "Кино туралы" заң арқылы "рибейт" ұғымы енгізілді, яғни шетелдік компанияларға Қазақстан аумағында жұмсалған қаражаттың бір бөлігі өтеледі (цифр 30% - ға дейін құбылып тұрады). Бұл маңызды нәрсе, өйткені бүкіл әлем осы жүйе бойынша бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Біз де соған келіп тірелдік. Қазақстан үшін бұл инвестиция ғана емес, туризмді дамытудың жаңа деңгейі. Өйткені біздің табиғатымыз бірегей. Осындай тамаша алып қарағайлары бар әдемі таулар немесе көлдерді,ән салушы бархандарды, америкалық Үлкен каньонға қарағанда әдемілігі мол Шарын каньонын басқа қай жерден көре аласыз.

 

- Гүлнәр Болатқызы, ұзақ уақыт бойына талқыланып, түзетілген "Кинематография туралы" заң қабылданған соң Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы басшылығының бұл заңды және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын сынға алғандығы белгілі болды. Бұл материал жақында танымал интернет-порталдардың біріне орналастырылған болатын.

- Иә. Бірақ мен мына нәрсені түсінбедім. "Кино туралы" заңға президент 3-қаңтарда қол қойды және тек 9 айдан кейін ғана осы академияның басшылығы оған аяқ асты көзқарасын білдірді. Мен басшылық, деп әдейі айтып отырмын, себебі академияның өз мүшелері, олардың ішінде құрметті тұлғалар Владимир Тюлькин, Ақан Сатаев, Серік Әбішев, Әділхан Ержанов, Дәрежан Өмірбаев, Эрнар Құрмашев біздің орталықтың қызметі шеңберінде мемлекеттік қаржыландыруға ие болады. Олардың кейбірі 12- қыркүйекте Кино күні өткен баспасөз мәслихатына қатысқан, осы тақырыпқа қатысты ешқандай сұрақ естімедім. Мүмкін, академия басшылығына алдымен өздерінің академик әріптестерін тыңдау керек пе еді?

Өкінішке орай, біз сонымен қатар заңгерлік сауатсыздық факторын көріп отырмыз. Академия басшылығын "уәкілетті орган"делінген тәптіштеп тарқатылмаған ұғым қанағаттандырмай отыр. Бірақ заң жобасындағы ұғымдар көбінесе ұғым ғана. Ұғымдарда жауапты нақты ведомствоны белгілемеу - қалыпты заң тәжірибесі. Біздің жағдайда 2019 жылғы 26- сәуірдегі үкімет қаулысында әңгіме Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі туралы екендігі көрсетілген.

Академия басшылығын заңда кинематографистердің мүдделерін қорғауға қатысты механизмдердің көрсетілмегендігі де алаңдатады. Бірақ "Кино туралы" заңды қабылдай отырып, депутаттар "Қазақстан Республикасының кинематография мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заңды да қабылдаған. Онда жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, мемлекеттік билік органдары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы қарым-қатынас тәртібі түсіндірілген. Алдағы уақытта да үкіметтің басқа да заңға тәуелді актілері мен қаулылары қабылданатын болады.

Сондай-ақ, академия басшылығы қазақстандық киноның болашағын "кинематографияның нақты қажеттіліктері мен проблемаларын" біле бермейтін шенеуніктердің шешетіндігіне риза емес. Бұл сарапшылық кеңес пен ведомствоаралық комиссия мүшелері туралы айтылған болар. Менің ойымша, олар мұны қажет деп санаса, өздері түсіндіре жатар. Бірақ өзім туралы айтып кетейін."Оскар" номинациясынан кейін мені «кинематографиядан алыс", деп айту жөн болмас, оның үстіне осы сыйлықтың шорт-парағына менің фильмдерім екі рет ұсынылған. Канн, Монреаль, Лондон, Пусанда өткен " А" класындағы кинофестивальдердегі басқа да жеңістерімді, " Азия киносындағы Жыл адамы "құрметті атағын алғанымды да ескерген орынды болар, деп санаймын.

Ал бұдан әрі біз жауыр болған демагогияны естіп жатырмыз, яғни "киносаланы дамытудың кешенді тұжырымдамасына оралмаса, кез-келген шара бекершілік, деген сөздер. Түптеп келгенде, бәрі содан басталған. Бұл бөлек үлкен әңгіменің тақырыбы. Оған келіспеске болмайды, дегенмен, Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының жалғыз елеулі жетістігі екі рет "Еуразия" кинофестивалі мен "Тұлпар"сыйлығын өткізгендігі, деген дәйекпен де келіспеу қиындау болар. Рас, бұл жобалар «министрлік заңында тәптіштеліп жазылмаған» ақшаға өткізілген және оған " дилетант-шенеуніктер" барынша қолдау көрсеткен еді. Менің ойымша, бұл да басқа үлкен әңгіменің тақырыбы болмақ.

Академияның құзыреттілігі туралы бір-екі сөзбен айта кетсек. Ресейде Кинематографиялық өнер және ғылымдар Ұлттық академиясының құрылтайшылары жетекші кинематографистер ғана емес, сонымен қатар Ресей мәдениетін дамытудағы рөлі өте жоғары бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар. Олардың арасында мәдениет министрлігі, кинематографистер одағы, Ғылымдар академиясы мен федералды телеарналар бар. Бұл да жеке әңгіменің тақырыбы.

Жалпы, қазақстандық киноиндустриямыздың дамуының жаңа кезеңінде бізге көмектесе алатын әріптестеріміздің конструктивті емес әрі түсініксіз сынына жауап беру жағымсыз. Ең болмағанда күрделілігі мол, бірақ әдемі кино әлемінің шынайы проблемаларын түсіну мен шешу жолында бытыраңқылық пен шатастырушылық болмаса екен, кедергі жасалмаса екен. Жәй ғана жұмыс істейікші!

 

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!