Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі талқыланды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» директорлар кеңесінің төрағасы Нұрқиса ДӘУЕШЕВТІҢ, ҚР мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс СЕЙІТОВАНЫҢ және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрайымы Гүлнар СӘРСЕНОВАНЫҢ қатысуымен өткен баспасөз конференциясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі және міндеттері туралы әңгімеленді.

Киноиндустрияның қазіргі жағдайы туралы сұраққа жауап бере келіп, спикерлер 2019 жыл бүкіл қазақстандық кинематограф үшін айтулы болғанын атап өтті. Республикада «Кинематография туралы» заң қабылданды, мұны кинематографистер көптеген жылдар бойы күтіп еді. Енді, міне, Қазақстанда өте маңызды өзгерістер болады. Осы заңның арқасында рухани, патриоттық қуат беретін, Қазақстанның қайталанбас әсемдігін көрсететін, біздің халықтың өнегелік сұлулығын паш ететін фильмдерге қолдау көрсетуге арналған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды.

«Мемлекеттің көмегіне үміткер картиналар көркемдігінен, шын мәнінде қызықты сценарийінен бастап бірқатар талаптарға сай болуы және түсіруші топтың жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі тиіс. Осының арқасында біздің кинематографистер өздерін тек қаржымен ғана емес, сондай-ақ оқу және шетелдік әріптестерімен жұмыстың бірегей тәжірибесін алу мүмкіндігімен қамтамасыз етеді», - деді Н. Дәуешов.

Мемлекет қаржыландырған фильм прокатынан түскен жалпы табыстың 20%-ы ұлттық фильмдерді одан әрі дамыту және қаржыландыру үшін Киноорталыққа қайтарылатыны, ал 80%-ын өз компаниясын дамыту, өз қызметкерлерінің дағдысын шыңдау және өндірістің басқа маңызды мәселелері үшін продюсердің алатыны маңызды болып отыр. Бұл расында да тек шындап еңбек етуге және ынтымақтастықтың адал ережесін қабылдауға дайын нарық қатысушылары үшін өте мықты қолдау. Бұған қоса, мұндай практика биылдың өзінде Киноорталыққа үш фильмнен түсетін алғашқы табысты қамтамасыз етуі тиіс.

«Мұнда тағы «бірыңғай кинобилет» проблемасы бар. Бірыңғай ақпараттық жүйесіз біз Қазақстанда кинобизнесті дамыта алмаймыз. Бүгінгі күні бізде есептеудің автоматтандырылған жүйесі жоқ, кинонарыққа дұрыс талдау жасай алмаймыз, кино көрермендерімен кері байланыс жоқ. Көптеген елдерде – көрші Реседе, Грузияда, Украинда, мұндай жүйелер жұмыс істеп тұр. Біздің Мемлекеттік орталықтың мақсаты – осы жүйені барлық кинотеатрларда енгізуге тырысу. Сонда ғана бізге жалпы көрініс түсінікті болады, және біз нарықты реттей аламыз», - деп атап көрсетті Г.Сәрсенова.

Шетелдік кино шығарушылармен серіктестік те өзара тиімді болады. Қазақстанда шетелдік кинокомпанияларға кино шығару қызметі құнының 30%-на дейін субсидия берілетін халықаралық тәжірибе енгізілді. Қазақстанда түсіруге дайын кинематографистердің тізбесі де бар. Әдетте, басқа елдердің режиссерлерін біздің локациялар, инфрақұрырылым және табиғаттың көрнекі жерлері қызықтырады.

«Бұл Қазақстанда қалатын ақша. Шетелдік компания операторлар жалдайды, костюмдер алады, гримді, көлікті төлейді, олар бұл жерде жұмсайтын шығыстың барлығы біздің елімізде қалады. Яғни біз басшылыққа ала алатын экономикалық өте тиімді жүйе. Сонымен қатар туристік кластер дамуда. Кинотуризм – бұл бүгінгі әлемдік трэвел-индустрияның ең тың әрі қызықты бағыттарының бірі», - деп өз пікірін білдірді К.Сейітова.

«Қазақстан киноиндустриясында көптен күттірген ең маңызды оқиғалардың бірі өз уақытына жетті. Біздің кинематографистер бұл конкурсқа үлкен қызығушылық білдіріп отыр – түскен өтінімдер саны бірінші конкурстың цифрларынан екі есе асып түсті. Кино индустриясының танымал кәсіпқой мамандарынан құралған команда 250-ден астам өтінімді қарастырды және қаржылай қолдауға үміткер бола алатын 88 неғұрлым перспективалық жобаларды іріктеп алды. Бұл питчингтің бірегейлігі және басты ерекшелігі – қалау білдірген кез келген адам жобалардың қорғалуын Киноорталықтың YouTube-гі ресми арнасынан онлайн режимде қадағалай алады», - деді Г. Сәрсенова.

Естеріңізге сала кетсек, «ұлттық фильм» атағына халықаралық фестивальдарға қатысу үшін айқын әлеуеті бар авторлық/артхаустық картиналар да, көпшілік көрерменге арналған коммерциялық көркем және анимациялық фильмдер де, сондай-ақ деректі және қысқа метражды киножобалар мен халықаралық бірлескен өнім бірдей дәрежеде үміткер бола алады.