Қазақ тіліндегі дубляжды міндеттеу қажет – Гүлнар СӘРСЕНОВА

Отандық киноның дубляжын сапалы етуге не кедергі? «Хоббит» фильмдерінің арқасында туристер ағынын 850 есеге ұлғайтқан Жаңа Зеландияның жетістігін Қазақстан қалай қайталай алады? Кино нарығының көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін фильмдер мониторингі жүйесі қашан іске қосылады? Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы таяу уақытты жұмыс жүргізуді жоспарлап отырған ең басты және өршіл мақсаттарды AIQYN тілшісіне Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрайымы Гүлнар Сәрсенова әңгімелеп берді.

 – Гүлнар Болатқызы, биыл қазақстандық киноның дамуында бірнеше озық трендтер күтіліп отыр. 2019 жылы қабылданған «Кино туралы» заңның қай тарауы іске асырылатынын бізге түсіндіріп беріңізші.

– Өткен жылы Елбасымыз қол қойған «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң бізге терең өзгерістер енгізуімізге және қазақстандық, сондай-ақ әлемдік кинода үлкен ұмтылыс жасауымызға мүмкіндік береді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін қазіргі уақытта мен басқарып отырған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Өзіңіз түсініп отырғандай, біздің жұмысымыз өте көп. Заңда көзделген өзгерістер, артықшылықтар өмірде шынайы нәтиже беруі үшін біз қолдан келгеннің барлығын істеуге тиіспіз. Айталық, бізде фильмдерді мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесінің (БААЖ) енгізілуі нәтижесінде республикада кинопрокаттағы айқын нарық қалыптасатын болады. Қарапайым тілмен айтқанда, біз Қазақстан аумағында барлық кинобилеттерді есепке алудың орталықтандырылған жүйесін аламыз. Фильміне қанша билеттің сатылғаны, бокс-офистің қандай екені туралы ақпарат және басқа сараптау мәліметтер кез келген продюсерге көмектесетіні сөзсіз. Ресейде бұл жүйе бес жыл бұрын енгізілді, ал бүгін бірыңғай кинобилет шеңберінде 160 параметрлер жұмыс істеуде. Сөйтіп, ілгерілеудің өте зор нәтижесін берді. Қазір ресейлік әріптестер өз нарығында шамамен 12 миллиард доллар жинайды. Олар бұған БААЖ-нің көмегімен қол жеткізді. Таяу уақытта біз де осындай жүйені енгіземіз деп үміттенемін.

Сонымен бірге «Кино туралы» заңда ұлттық фильмдерді прокаттаушылар үшін тамаша жеңілдіктер көзделген. Ұлттық фильмдерді прокаттаудан табыс табушылардың барлығы 20% корпоративтік табыс салығынан босатылады. Бұл кинопрокатшылар мен  кинотеатр иелері үшін үлкен көмек.

Қазақстанда фильм түсіретін шетелдік киноөндірушіге өндірістік шығындарының 30%-на дейінгі мөлшердегі сомасы қайтарылатын рибейт жүйесі іске қосылды. Бұл шетелдік кинокомпанияларды ынталандырудың қуатты құралы. Рибейт халықаралық кинонарыққа шығуымызға нақты мүмкіндік ашады. Рибейт несімен қызықты? Фильмнің Қазақстанда түсірілгенін барлығы білетін болады. Демек, кинотуризм дамитын болады. Бұл жарнама, біздің еліміздің PR-ы. «Сақиналар әміршісі», «Хоббит» фильмдерін түсіргеннен кейін тап осындай жайт Жаңа Зеландияда болды. Жаңа Зеландияға туристер ағыны 850 есе ұлғайды, қазір бұл осы елдің табыстарының екінші көзі. Исландияда, Мароккода, Словенияда осындай оқиға болды. Тап осы елдерде «Тақтар ойыны» сериалы түсірілген болатын. Барлығы бұл жерлерді көргісі келеді. Ол елдердегі табиғи ландшафт барлығын таңқалдырды. Біздің де бұл тұрғыда мүмкіншілігіміз көп деп ойлаймын. Қазірдің өзінде Қазақстанға алдағы жылы 26 миллион доллар әкелуге дайын тұрған жеті кинокомпания бар. Олар бізде сериалдар мен фильмдер түсіргісі келеді.

Киноорталық жұмысының тағы бір үлкен бөлігі – ұлттық кинокомиссия құру. Бұл коммерциялық емес қоғамдық ұйым (айта кетсек, кейбір елдерде мұндай бірнеше комиссия бар) шетелдік және отандық кинокомпанияларға фильмдерін түсіруге көмектеседі. Оның құзыретіне билік органдарымен өзара әрекеттестік жасау, әкімшілік ресурстарға қол жеткізу, түсіру жабдықтарымен және көлікпен, жатын орнымен қамтамасыз ету, актерлерді іріктеу, локация, реквизит кіреді.

– Бізді, қазақ тілді басылымды, ең алдымен, мемлекеттік тілдегі кино қызықтырады. Таяуда ғана Сенатта фильмдерді қазақ тілінде дубляждау мәселесі көтерілді, дубляждың өте сирек жасалатыны айтылды.

– Бұл мәселе тек заңнамалық база кеңістігінде жатыр, алайда ол көбінесе біздің еліміздің көпұлттылығымен байланысты. Қазақстанда тамаша техникалық мүмкіндіктер бар және көркем фильмдерді ғана емес, сондай-ақ анимациялық фильмдерді дубляждау үшін тамаша мамандар жеткілікті. Жуырда ғана Уолт Диснейдің әйгілі мультфильмдері қазақ тіліне дубляждалды. Көрермен мұны жақсы қабылдады. Кинотеатрларға келушілер біздің дубляж актёрлерінің, монтажёрлерінің, бейнеинженерлерінің жұмысына тәнті болды. Мәселен, заңнамадағы олқылықтардың кесірінен Голливуд фильмдерінің құқық иелері мұндай қызметтерді пайдаланбай отыр. Контентті қазақ  тіліне дубляждауға оларды міндеттейтін нормалар бізде жоқ. Трансляцияны субтитрлермен жабдықтау талабы ғана бар. Осының нәтижесінде құқық иелері Ресей аудиториясы үшін дайындалған өнімді алып, оларды қазақ тіліндегі субтитрлермен жабдықтау арқылы ең арзан жолын пайдаланады. Кинопрокат үшін субтитрлер емес, қазақ тіліндегі дубляж міндетті түрде талап етілетін норма қабылданған кезде бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Қайталап айтайын, бұған барлық техникалық мүмкіндіктеріміз бар.

– Соңғы кездері қазақ тілінде мультипликациялық фильмдер жасап, байырғы қазақ батырларын дәріптеп жүрген қазақстандық мультипликаторлардың белсенділігі қуантады. Жалпы отандық анимация индустриясының жағдайы қалай?

– Дұрыс айтасыз, қазақстандық мультипликаторлар бүгінгі күні өте белсенді, біз олардың отандық анимация индустриясын жаңа деңгейге шығаратын барлық бастамаларына қолдау көрсетуге дайынбыз. Киноорталық «Союзмультфильм» киностудиясының директоры Борис Машковцев пен WizartAnimation компаниясының бас  продюсері Юрий Москвиннің Алматыға сапарын ұйымдастырды. Сапардың сәтті болғанын мойындау керек. Қазір анимациялық кино, әсіресе толық метр – бұл қымбат тұратын және еңбекті көп қажетсінетін жұмыс. Басқа елдерде толық метражды мультфильмнің орташа құны 6-7 миллион доллардан асады. Кейбір жобада 300 адамға жуық аниматорлар жұмыс істейді. Үш жыл бойы олардың барлығына еңбекақы төлеу керек. Оған қымбат технологияны қосыңыз. Бұл компьютерлік графикамен, IT-шешімдермен және тағы басқалармен байланысты өте күрделі процесс. Біз, әрине, бірлескен жобаларға, бірлескен өнімдерге, оқуға және тәжірибе алмасуға қолдау көрсетеміз.

– Соңғы жылдары отандық режиссерлердің есімі халықаралық фестивальдерде жиі естіліп жүр. Кинематографистеріміздің әлемдік ауқымдағы жетістіктері туралы не ойлайсыз, біздің киноны халықаралық сарапшылардың мойындауы соншалықты маңызды ма? Қазақстан киносының беделі туралы айта кетсек.

– Біздің режиссерлеріміз, продюсерлеріміз, операторларымыз, суретшілеріміз, композиторларымыз өте талантты. Қазақ халқының, біздің елдің тұрғындарының шығармашылық және мәдени әлеуетіне сенемін. Мұнда қолдау көрсетілуі тиіс бағыттар бар. Мәселен артхаустық киноның өрбуіне демеу қажет. Өнер ретінде ұсынылатын кинофестивальдерге бағыттаған дұрыс. Егер де қазақстандық фильм лайықты халықаралық марапатын алса – біз үшін мақтаныш. Оны әлем мойындап, құрмет көрсетсе – патриоттық сезіміңді оятады. Әрі бұл біздің елдің жарнамасы.

– Қаңтардың соңында мемлекеттік қолдауға үміткер фильмдердің питчингі өтеді. Питчингтен кейін іріктелген картиналар Ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберіледі. Қазақстан киноиндустриясының жаңа есімдері, жаңа жұлдыздары аталады деп сенуге бола ма?

– Орталық жанынан сарапшылық кеңес құрылды, ол еліміздің жетекші кино қайраткерлерінен тұрады. Тап осы кәсіпқой мамандар өтінімдерді іріктейді, сценарийлердің көркемдік деңгейін бағалайды. Алдыңғы конкурспен салыстырғанда өтінімдер санының екі есе өсуіне байланысты ашық питчингті 2020 жылдың қаңтар айының соңында өткізуге шешім қабылданды. Мұндай шешім келіп түскен жұмыстарды барынша сапалы зерделеу, сценарийлерді оқу және Киноорталыққа берілген басқа материалдармен танысу үшін қабылданды. Әрине, кинематографистердің мұндай қызығушылық танытуы бізді қуантпауы мүмкін емес. Біз жаңа таланттарды міндетті түрде ашамыз. Ашамыз, қолдаймыз және бүкіл әлемге көрсетеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

А.Алтайұлы

 Материал дайындауға көрсеткен көмегі үшін Киноорталықтың баспасөз және ақпарат бөліміне алғыс білдіреміз.