Қазақстандық аниматорлардың ресейлік «Союзмультфильм» мен WizartAnimation әріптестерімен кездесуі

Бөлісу:

visibility 33

Мультипликация саласындағы қазақстандық-ресейлік мультипликация қандай болмақ деген тақырып Қазақстандық аниматорлардың ресейлік әріптестерімен кездесуінің күн тәртібіне айналды. «Союзмультфильм» киностудиясының директоры Борис Машковцевтің және WizartAnimation компаниясының бас продюсері Юрий Москвиннің Алматыға сапары – бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында өткен келіссөздердің, атап айтқанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Гүлнәр Сәрсенованың ресейліктерді Қазақстанның жекеменшік студияларымен танысу, қазақстандық анимация тәжірибесі мен даму деңгейін зерделеу мақсатында Оңтүстік астанаға шақыруының нәтижесі.

Ресейлік анимациялық нарықтың көшбасшылары – «Союзмультфильм» мен WizartAnimation басшыларымен танысу мүмкіндігін жіберу алмау үшін көптеген қазақстандық мультипликаторлар кездесуге ағылды. Алматыда өткен кездесуге тек жергілікті студия өкілдері ғана емес, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент, Өскемен қалалары мен елдің басқа да өңірлерінен аниматорлар ат терлетіп келді. Барлығы 30-ға жуық компания өкілдері жиналды.

Қазақстандық мультипликаторлар бұл таныстықтың тек өз студияларының дамуына ғана емес, тұтас қазақстандық анимация нарығының ілгерілеуіне жол салуы мүмкін екенін терең ұғынып, өзара әріптестік орнатуға деген зор құлшыныспен өз жобаларымен, идеяларымен сақадай сай келді. Кездесу барысында қазақстандықтар бірлескен студиялар ашу, оқыту курстарын өткізу, жаңа қазақстандық-ресейлік жобаларды іске қосу бойынша жаппай әріптестік ұсынды. Түгелдей дерлік аниматорлар өздерінің дайын жұмыстарын, таныстырылымдарын, трейлерлерін көрсетіп, ресейлік әріптестерінің пікірін білді.

- Студияда бізде қазір қатарынан 8 телехикая жобасы түсірілуде, жыл сайын біз шамамен 10 авторлық қысқаметражды фильм шығарамыз. Өткен жылы біз 400-ден астам анимация жасап шығардық, биыл бұл көрсеткіш 600-ді құрайды. Демек, Ресейдегі өндіріс көлемі бойынша көшбасшы үштікке кіреміз. Және бұл тұрғыдан бізге бірлескен өндіріс қажет, - деді «Союзмультфильм» киностудиясының директоры Борис Машковцев. Анимацияда сіз ұсақ-түйек міндеттердің үлкен ауқымын атқарасыз. Және киноны түсіру үшін сізге көп уақыт керек. Ойын киносымен салыстырғанда уақытты көп алатыны соншалықты, егер біз өндірісті масштабтай алмасақ, анимацияға қаражат құю тиімсіз іс болар еді. Сәйкесінше, қазіргі таңда бірде бір ел бүкіл өндірісті тек өз ішінде ұйымдастыра алмайды. Бүкіл әлем маман алмасу, идея алмасу, тікелей бірлескен өндіріс құруды қолдайды. Анимация – бұл өнердің қымбат түрі және көптеген елдердің анимацияда әлдекіммен бірлескен өндіріс құрып, осылайша өз мүмкіндіктерін кеңейтуден басқа амалы жоқ.

Мұндай тәсілді «Союзмультфильм» көптен бері және айтарлықтай дәрежеде сәтті қолданып келеді. Бүгінгі таңда мұнда француздық әріптестермен бірқатар жобаларды іске асыруда. Борис Машковцев айтып өткендей, азиялық нарық та үлкен қызығушылыққа ие. Және қазақстандық мультипликаторлардың жұмыстарымен таныстық жемісті әрі тиімді әріптестікке үміт артқызады.

 «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер сіз өз жобаңызға мықты дарынды мамандарды тартсаңыз, олар сізге өз қолтаңбасын, өз пайымын, өзінің ұлттық ерекшелігін қоса әкеледі. Мәселен, фольклорлық кейіпкерлерге негізделген «Маша и медведь» жобасы бұл тұрғыдан жергілікті пайымға ие, ал қалғанының барлығы бойынша, кино тілі, кейіпкерлерге байланысты болатын қызықты жағдайдар бойынша әмбебап болып табылады, осының нәтижесінде фильм халықаралық нарықта феноменге айналды. Және біз үшін қазір мықты әрі орнықты индустрия құру аса маңызды», - деді Машковцев. 

Әрине, әзірге нақты бірлескен жобалардың қолға алынуы туралы айтуға әлі ерте. Бірінші кездесу – таныстық үшін, тараптар әріптестерінің кәсібилігі мен мүмкіндіктерін бағалайды. Екінші кезең қазақстандық мультипликаторлардың Ресейге сапары болмақ.

 «Қазақстандық анимацияның кәсібилігі лайықты деңгейде екені анық, алайда жетілудің шегі жоқ. Біз қай тұрғыдан пайдалы бола алатынымызды байқадық, серіктестік орнатуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бастысы адамдарда құлшыныс бар, қалғанын талқылау қажет. Ал ары қарай салалық мәселелер туындайды. Ресей мен Қазақстан үкіметтерінің серіктестік орнатуға мүдделілігі өте маңызды. Бізге бірлескен қадамдар жасауға көмектеседі. Бірлескен продакшн мен рибейттер жобалардың құнын арзандатуға мүмкіндік береді, демек, біз өз нарықтарымызда ғана емес, сондай-ақ халықаралық нарықта әлдеқайда бәсекеге қабілетті боламыз. Мақсат ол нарыққа кіріп, қолымыздан іс келетінін дәлелдеу», - деп WizartAnimation-нің бас продюсері Юрий Москвин серіктестікке шақырды.

Анимациялық нарықты дамытудағы мемлекеттің қолдауына қатысты ресейліктер саланы жаңа сапалық деңгейге шығаруға көмектесетін басты факторлар жөнінде сөз қозғады. Ресейде бүгінде анимациялық студиялар үшін жеңілдікпен салық салынады, рибейттер жүйесі жұмыс жасайды және Ресейдегі кино қорынан тікелей қаржыландыру ұсынылады. Ұқсас қолдау шаралары Қазақстанда да енгізілген. Дәл осындай қадамдармен біздің елде де қазақстандық анимацияның дамуына жаңа қарқын бермекші.

- Бүгін бізде өте маңызды кездесу болып өтті. Аниматорлар ресейлік әріптестерімен кездесу үшін басқа да қалалардан ағылды. Қазақстанда анимациялық кинода белгілі бір дағдарыс бар. Және бізге бірігіп, бұл дағдарысты еңсеру қажет және бұл тұрғыда мен кездесулердің жалғасын тапқанын қалаймын, - деді Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Гүлнәр Сәрсенова. Анимациялық кино, әсіресе толық метр бүгінгі таңда өте қымбатқа түсетін және көп еңбекті талап ететін жұмыс. Бір ауқымды анимациялық кино түсіргенше, үш ойналатын көркем фильм түсіру оңайырақ. Толықметражды фильмнің орташа құны басқа елдерде 6-7 миллион доллардан асады. Жобадағы аниматорлар саны кейде 300 адамға дейін жетеді. Және үш жыл бойы олардың барлығының еңбегіне ақы төлеу қажет. Оған қоса, қымбат технологиялар тағы бар. Бұл компьютерлік графикамен, ІТ-шешімдермен және басқаларымен байланысты өте күрделі процесс. Біз әрине бірлескен жобаларды, бірлескен өндірісті, оқытуды және тәжірибе алмасуды қолдаймыз. Мен толықметражды, сериялы анимациялық киноны қос қолдап қолдаймын, себебі бұл бәрімізді біріктіретін, отбасыларды ұйыстыратын, басты адами құндылықтарды сақтайтын киноөнер түрі. Ол дәстүр бойынша мейірімді насихаттайды, ал мейірім адамдарға өмір сүруге және жақсырақ өмір сүруге көмектеседі.

 

Мәлімет үшін: 

«Союзмультфильм» — мультипликациялық фильмдер өндіретін кеңестік және ресейлік мемлекеттік киностудия. 1936 жылы іргетасы қаланып, бүгінде ең ірі анимациялық фильмдер киностудиясы болып табылады. Студия жұмыс жасаған кезең ішінде онда әртүрлі жанрда және түрлі көркем техникалардың көмегімен мың жарымнан астам мультфильм жасалды, олардың көпшілігі әлемдік анимациялық классиканың «алтын қорына» кірді. 2013 жылы балаларға арналған қысқаметражды анимация өндірісі іске қосылды, сценарийін тілек білдірген кез келген адам жаза алатын «Веселая карусель» мультжинағының жаңа шығарылымдары жарық көрді. Дәл сол жылы Союзмультфильмнің академик Королёв көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшетіні белгілі болды. Жаңартылған студияда бірқатар жобалар: «Привередливая мышка» қуыршақ мультфильмі (халықаралық марапттар алған), «ПЫК-ПЫК-ПЫК» (түрлі фестивальдардың қатысушысы және көптеген марапаттар алған), «Оранжевая корова», «Новое Простоквашино» және басқалары түсірілді.

WizartAnimation — 2007 жылы Воронежде мультимедиялық өнімдер мен бағдарламалық қамтымдарды әзірлеумен және локализациялаумен айналысатын компания негізінде құрылған ресейлік мультипликациялық студия. Қазіргі таңда студияда Ресейдің, ТМД мен шетелдің түрлі қалаларынан 270-тен астам маман жұмыс жасайды. Студияның бірінші фильмі «Снежная Королева» әлемнің 30-дан астам елінде кинотеатрларда, TB мен DVD-да шықты. Ары қарай «Волки и овцы» жобалары, «Йоко» телехикаясы және т.б. жарық көрді. «Снежная королева 2: Перезаморозка» анимациялық франшизасының екінші бөлігі Ресейдегі шығуымен қатар Ұлыбритания, Польша, Израиль, Оңтүстік Корея мен Таяу Шығыс елдерінің кинотеатрлары арқылы көрерменге жол тартты.