новости казакша

Құрманбек Жұмағали: Қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс

Ұлттық кино орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали өткен жылы конкурстан өткен 18 киножобаның авторларымен Алматыда кездесті. Жиында атқарылып жатқан бірқатар жүмыстар пысықталды. Сондай-ақ шығармашылық топтар түсірілімге кіріскенін, пайдалы контент ұсынуға ынталы екенін жеткізді.

«Мемлекет қаржысына түсірілген кинода, ең алдымен, қоғамға қажетті құндылықтар дәріптелуі тиістігін ескеруге шақырдым. Әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал ететін, көрерменге ой салатын құнды идея көрініс табуы керек. Себебі кино – жай ғана өнер емес, ұлттық идеологияны қалыптастыратын құралдың бірі.

Бұған дейін Президент те «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты құрылтайда отандық киноны дамыту үшін жаңаша көзқарас, тың серпін қажеттігін атап өткен еді. Мемлекет басшысы сондай-ақ киноиндустрияны мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономиканың жеке тармағы ретінде қарастыруды тапсырды. Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікірлер де айтылып жатыр.

Түсірілім барысында осы дүниелерді ескеру қажет. Бұл бағытта қолға алынған жобалар сапалы әрі табысты болады деген үміттеміз», – деді Құрманбек Жұмағали.

Алдағы уақытта Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсіріліп жатқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батылдығын дәріптесе, «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі балалардың бойына патриотизм дәнін сеппек.

Лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасы да қоғамның кеселін ашып көрсетіп, қалың көрерменге ой салары анық. Ал «Қайрат» фильмі жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады. «Құт», «Күн ұясына батқанда» фильмдері де отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Бұдан бөлек мазмұнды туындылар жеткілікті.