Жаңалықтар

Астанада «38. Соңғы нүкте» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада «38. Соңғы нүкте» көркем фильмінің премьерлік көрсетілімі өтті. Картина өз кәсіби міндетін күрделі әрі қауіпті жағдайда атқарып, адам өмірі мен табиғатты қорғау жолында тәуекелге баратын азаматтарға арналған. Сондай-ақ фильм қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жандардың рухына тағзым етеді.

Фильмнің сюжеті табиғат апатымен бетпе-бет келген орманшылардың оқиғасы арқылы өрбиді. Кейіпкерлердің тағдырын арқау ете отыра, картина адам өмірінің құндылығы, достық пен отбасы, борыш пен жеке таңдау тақырыптарын көтеріп, табиғатқа ұқыпты қарауға үндейді.
«Фильм күн сайын өз міндетін атқарып, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігі үшін тәуекелге баратын азаматтардың еңбегі мен ерлігін арқау етеді. Шын мәнінде, олар – бүгінгі заманның нағыз батырлары. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, құтқарушылар, әскери қызметшілер және басқа да мамандар бар. Бұл туынды, сондай-ақ, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған азаматтардың ерлігіне тағзым. Ел үшін еңбек етіп, өз міндетін орындау жолында өмірін қиған азаматтардың есімі ұмыт қалмауы керек. Осындай фильмдер арқылы біз олардың ерлігін ұлықтауды маңызды деп санаймыз», - деп атап өтті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сакатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сабитов сомдайды.

Жабық премьералық көрсетілімге мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық киноиндустрия мамандары, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер мен фильмнің шығармашылық тобы, сондай-ақ журналистер мен блогерлер қатысты.

Кинокартина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
2026-09-02 14:46